Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыйынамын ана деген тәңірге

Сыйынамын ана деген тәңірге


Теріскейден алтын күрек желін естіріп, алты ай қыс бойғы қалың тоңның құрсауындағы жердің сауырын жіпсітіп, аспандағы күн шұғылалы шуағын сепкен көктемнің алғашқы мерекесі барша аналар қауымынына арналатыны қандай керемет!
Қазақта ақыл-парасатымен, тапқырлығы және тәрбиесімен, дуалы сөзі, дара мінезімен әлі күнге дейін ел жадында жатталған аналар аз емес. Сонау сақ дәуіріне көз жүгіртсек, қазақ әйелдерінің ақылымен ел билегенін ғана емес, айбатымен жауға шапқанын да аңғарамыз. Ал олардың ұрпақ тәрбиелеп, бүтіндей бір әулеттің бейнесін қалыптастыруда алар орны орасан. Абыз аналардың көш басында тұрған – Домалақ ана, Есім ханның жорықтарына қатысып, жау қолынан қаза тапқан – Ақбикеш ару, ел арасында «Күй анасы» атанған – Дина Нұрпейісова, сонымен қатар – Зарина, Бегім, Зере сынды ханшалар соның дәлелі. Осы сәтте сол аналардың ізін жалғап, ауданнан шыққан 41 Еңбек Ерінің ішіндегі 5-еуі әйел-аналар екенін мақтанышпен атап өтуге болады. Олар даңқты күрішші Ыбырай Жақаевтың шәкірттері, «Дала аруы» атанған, сөйте жүріп 13 сәбиді дүниеге әкелген «Батыр ана» – Ұлбала Алтайбаева мен еліміздің күріш өсірушілері арасында жаңашыл, мол өнім жинаудың шебері ретінде мәлім – Зәкира Ержанова, ғасырға жуық ғұмыр кешіп, бар өмірін еңбекке арнаған, ер азаматтармен бірге трактор айдап, күріш еккен әйгілі Шырынкүл Қазанбаева, қой өсірудің шебері, майданға аттанған ерінің орнына қойшының таяғын ұстаған – Айша Меңлібаева, алқапта жүріп аяғынан айырылса да мойымай, трактор тізгінінен түспеген, қаһарман қыз – Жадыра Таспанбетова.
Сондай-ақ аудан әлеуетінің артуына, экономикалық жағдайының жақсаруына өлшеусіз үлес қосқан, ауданның бибіпатымасы – Ұлман Мәмірееваны да айтпай кету мүмкін емес. Өмірінің соңына дейін газет-журналды көзәйнексіз оқуы, туа бітті тістерінің сол қалпында сақталуының өзі кез келген жанды таңқалдыра отырып, жігерлендіретіні сөзсіз.
Халықаралық әйелдер күні – ақ жаулықты апалар, ардақты аналар, аяулы қыздардың мерекесі. Көктемнің алғашқы шуақты мерекелерінің бірінде еркек кіндіктілер нәзік жандарға гүл сыйлап, ерекше құрметке бөлеп, жылы сөздерін арнайды. Халықаралық әйелдер күні бірнеше жыл бойы әр елде әртүрлі мезгілде аталып өтті. Мәселен, 1911 жылы Германия, Австрия, Дания және Швейцарияда 19 наурызда мерекеленсе, 1912 жылы дәл осы елдер мейрамды 12 мамырда тойлайды. 1914 жылы әйелдер күні 8 наурызда әлемнің бірден 8 елінде – АҚШ, Ұлыбритания, Австрия, Дания, Германия, Нидерланды, Ресей мен Швейцарияда мерекеленді. Біріккен ұлттар ұйымы 1975 жылды – Халықаралық әйелдер жылы деп жариялап, 8 наурызды ресми түрде мереке етіп бекітті. Уақыт өте келе, бұл мейрам саяси көрінісін жоғалтты. Бүгінде 8 наурыз Қазақстаннан басқа, ТМД елдерінде көктем мен махаббат мерекесі ретінде аталып өтеді. Тәжікстанда 2009 жылдан бастап мерекенің атауы өзгертіліп, Аналар күні деген атауға ие болды.
Әйел – ана, әйел – өмір, әйел – тіршілік өзегі. Өмір бесігінде іңгәлағанды тербетіп, адамзат баласына ұрпақ сыйлар ұлы құдірет иесінің есімі әрқашанда қастерлі, сөзі өсиет, тұғыры биік. Алтын құрсағынан адамзаттың алыбы жаратылған асыл ананың жүрегі үлкен, жүзі мейірімді, қолы қайырымды. Көңіл шуағына мейірім төгілген аяулы жанның өмірден алар несібе жемісі – алтын босағасы мен сүйкімді перзенті болар. «Алып анадан туады» демекші, бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен құрсағы алтын аналар да ауданда жетерлік. Ғалым және қоғам қайраткері, физика-математика ғылымдарының докторы Асқар Жұмаділдаевты дүниеге әкелген Күлшат Үсенқызы, белгілі журналист, пуб­лицист, қоғам қайраткері, сенат депутаты Нұртөре Жүсіптің алтын құрсақты анасы Рабиға Байділдәқызы, қарымды қаламгер, Президент аппаратының сектор меңгерушісі Ержан Байтілестің анасы жуырда ғана кеудесіне «Әлемнің асылы» медалін таққан Базаркүл Убайдуллақызы, белгілі продюссер, тележүргізуші Нұрлан Қоянбаевтың анасы Тұмаркүл Қоянбаева, айтыскер ақын Мейірбек Сұлтанханды дүниеге әкелген Ажар Бәкішева. Шынымен солай. Адамзат жүріп өткен небір ауыр жол, алмағайып заманнан ұрпағын аман-есен бүгінгі күнге жеткізген әйел-ана құдіретін жырмен өрнектеп, әнмен әлпештеп, сөзбен айтып тауысу мүмкін емес. Ана – болашақтың демеушісі, ұлттың жебеушісі, сәбилердің бақыты. Ана – барлық қиындықты жеңетін сарқылмайтын күш, тіршіліктің қайнар бұлағы. Қазақ әйелінің дастарханы тоқ, қонағы ырза, дүниесі түгел. Олар үшін бірінші орында отбасының берекесі тұрады.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ

05 наурыз 2021 ж. 643 0