Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӨНЕРДІҢ МӘҢГІЛІК МЕКЕНІ

ӨНЕРДІҢ МӘҢГІЛІК МЕКЕНІ

Кейбір мекендер бар – оларды тек ғимарат деп атау әділетсіз. Олар – халықтың жүрегінде соққан тамыр, ел жадында сақталған тірі тарих. Шиелі ауданының дәл осындай рухани жүрегіне айналған қасиетті орын – «Арман» мәдениет үйі. Бес ғасыр адамы дүниеге келген киелі Сыр топырағында тамыр жайған бұл өнер ордасы уақыт пен ұрпақты, дәстүр мен жаңғыруды жалғаған шынайы мәдени феноменге айналды.
«Арман» мәдениет үйі – сахнасы сөйлейтін, үнімен тәрбиелейтін, әр қойылымы мен кеші арқылы қоғаммен тілдесетін тірі тарих. Мұнда әр концерт – есеп емес, әр шара – міндет емес, әр бастама – рухани жауапкершілік. Осы мәдени ошақтың басты миссиясы – халықтың мәдени-рухани деңгейін көтеру, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты сақтау және оны заман талабына сай насихаттау. Бүгінде бұл өнер ордасында жастардың шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған 8 үйірме мен 2 ансамбль үздіксіз жұмыс істейді. Атап айтқанда, «Арман» би үйірмесі, «Аманат» сахналық қойылым және көркем сөз үйірмесі, «Сырлы бояу-шебер» қолөнер және сурет үйірмесі, «Әсем саз» аспаптар үйірмесі, «Сымбат сұлулық» үйірмесі, «Жеті нота» ән және вокал үйірмесі, «Арман-Асыл Аналар» ансамблі мен «Сырлы саз» фольклорлық ансамблі аудан мәдениетінің көркін айшықтап келеді.

НАҚТЫ НӘТИЖЕ
2025 жыл «Арман» мәдениет үйінің тарихында мазмұны мен маңызы қатар өрілген, рухани еңбектің нақты нәтижесімен айшықталған жыл болды. Бұл кезең мәдениет ошағы үшін жай ғана күнтізбелік жыл емес, идея мен ізденістің, жоспар мен жүйелі еңбектің тоғысқан белесі ретінде есте қалды. Қарбаласқа толы болғанымен, әрбір атқарылған іс-шарасы қоғамның рухани сұранысына жауап берген, мазмұндық тұрғыдан салмақты, тәрбиелік мәні терең жұмыстармен ерекшеленді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Адал азамат» тұжырымдамасына сәйкес жүзеге асқан «Адал адам – мәдени-тәрбие орталығы» жобасы «Арман» мәдениет үйінің қызмет бағытын айқындап, рухани жұмыстың жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне жол ашты. Адал еңбек ету, отансүйгіштік рухты нығайту, ұлттық жауапкершілікті қалыптастыру, қарапайым еңбек адамын қадірлеу секілді асыл құндылықтар барлық мәдени-көпшілік шараның идеялық өзегіне айналды. Әр концерт, кездесу, танымдық кеш – көрерменді ойландырып, санаға серпін беретін тағылым алаңына ұласты.
Жыл көлемінде ұйымдастырылған 154 мәдени-көпшілік шара – мәдениет үйінің жүйелі жұмысын айғақтайтын нақты көрсеткіш. Бұл шаралар арқылы 11 762 көрермен қамтылып, мәдениет пен руханияттың қоғам өміріндегі маңызы айқын сезілді. Соның ішінде балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған 72 мәдени іс-шараға 5 990 бала қатысып, жас буынның өнерге деген қызығушылығы мен рухани дүниетанымын кеңейтуге мүмкіндік туды. Ал жастармен өткізілген 51 шараға 3 826 көрерменнің қатысуы – жастардың мәдени өмірге белсенді араласуының жарқын көрінісі болды. Сонымен қатар әлеуметтік қолдауды қажет ететін жандар назардан тыс қалмай, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған 8 шараға 1 104 көрерменнің қатыстырылуы мәдениет үйінің адамгершілік бағытын айқындай түсті.
Мәдени іс-шаралардың сапалы, мазмұнды әрі заман талабына сай өтуі үшін техникалық қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Осы мақсатта ақылы қызмет көрсету жүйесі жолға қойылып, дыбыс, жарық, сахналық жабдықтардың талапқа сай қолданылуы қамтамасыз етілді. Бұл өз кезегінде өткізілетін шаралардың кәсіби деңгейін арттырып, көрерменге ұсынылатын мәдени өнімнің сапасын жаңа белеске көтерді. Осылайша, 2025 жыл «Арман» мәдениет үйі үшін рухани еңбектің бос кетпегенін, мақсатты жұмыстың нақты нәтижеге ұласқанын айқын көрсеткен тағылымды кезең болды.

ЕҢБЕК АДАМЫ – ЕЛДІҢ ТІРЕГІ
Өткен жылды Мемлекет басшысы тарапынан «Жұмысшы мамандықтарының жылы» болып жариялануы – қоғамда адал еңбектің қадірін арттыруға, қарапайым жұмысшы мамандық иелерінің мәртебесін көтеруге бағытталған маңызды қадам болды. Бұл бастама «Арман» мәдениет үйінің жыл бойғы мазмұндық бағытын айқындап, мәдени шаралардың идеялық өзегіне еңбек адамының бейнесін шығарды. Сахна төрінде өнер ғана емес, маңдай терімен елге қызмет етіп жүрген азаматтардың өмірі мен еңбегі ұлықталды.
Осы игі бастама аясында ұйымдастырылған «Құрмет сізге, еңбек адамдары» атты салтанатты кездесу кеші – адал еңбектің қадірін арттырған тағылымды шаралардың бірі болды. Кеш барысында әр салада табанды еңбек етіп жүрген жұмысшы мамандық иелерінің өмір жолы, кәсіби шеберлігі мен қоғам дамуына қосқан үлесі кеңінен сөз болды. Қарапайым еңбек иелері сахна төріне көтеріліп, көрермен алдында құрметке бөленді. Сонымен қатар «Жұмысшы мамандығы – елдің ертеңі» атты көрме ұйымдастырылып, онда өндіріс, құрылыс, ауыл шаруашылығы, геология, теміржол, коммуналдық сала секілді маңызды бағыттарда қызмет етіп жүрген мамандардың еңбегі таныстырылды. Көрме арқылы жастарға жұмысшы мамандықтарының қоғам үшін маңызы, ел экономикасының дамуына қосар үлесі кеңінен насихатталды. Бұл өз кезегінде жас буынның мамандық таңдаудағы көзқарасын өзгертіп, адал еңбекке деген құрметін арттыруға ықпал етті.
Еңбек адамын ұлықтауға арналған мазмұнды шаралардың бірі – «Гүлдей нәзік, болаттай берік» атты жұмысшы арулар облыстық фестивалінің бірінші кезеңі болды. Бұл фестивальде өндіріс пен түрлі салада табандылықпен еңбек етіп жүрген қыз-келіншектердің қайсарлығы, кәсіби біліктілігі мен нәзік болмысы үйлесім тапты. Әйел затының еңбек пен өмірдегі орны айқын көрініс тауып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Сонымен бірге еңбек адамдарына арналған тағылымды сұхбаттар мен мазмұнды кездесулер ұйымдастырылып, олардың еңбек жолы, өмірлік тәжірибесі, табандылығы мен жетістікке жету жолындағы ұстанымдары жастарға үлгі етілді. Бұл кездесулер еңбекқорлықты дәріптеп қана қоймай, қоғамда адал еңбекке деген құрметті қалыптастыруға, жас ұрпақты жауапкершілікке тәрбиелеуге бағытталды.

ТАРИХ ПЕН ТҰЛҒА ТАҒЛЫМЫ
Мәдениет үйінің сахнасы 2025 жылы ұрпаққа тағылым болатын тарихи оқиғалар мен ұлы тұлғалардың өмір жолын насихаттауға арналып, тәрбиелік алаңға айналды. Оның айқын көрінісі – әнші-сазгер Әлімхан Оспановтың 70 жылдығына арналған «Әні мен сәні үйлескен Әлімхан» кеші болды. Шара барысында өнер иесінің шығармашылығы мен қоғамға сіңірген еңбегі кеңінен таныстырылып, жас ұрпаққа үлгі ретінде ұсынылды. Көрермен тек ән мен күй тыңдаған жоқ, сонымен бірге талай адамның өмірі мен тағдырын өзгертетін өнердің құдіретіне куә болды.
Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 180 жылдығы да «Арман» мәдениет үйінде ерекше мәнге ие болды. «Кино-TIME» жобасы аясында оқушылар мен колледж студенттері Абайдың өмірі мен шығармашылығын бейне материалдар арқылы танысты. Телехикаялар мен деректі фильмдер жас ұрпаққа ұлы ойшылдың дүниетанымын, адамгершілік ұстанымын жеткізіп, әдебиет пен тарихты қатар оқытудың тың үлгісі болды.
Ұлы ақын Мұқағали Мақатаевқа арналған поэзиялық кеш, сондай-ақ көркем сөз үйірмесінің қатысуымен өткізілген «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін» атты бағдарлама поэзия мен сахналық шеберлікті үйлестіріп, жас ұрпаққа сөз өнерінің құдіретін көрсетті.
Сондай-ақ Нартай Бекежановтың 135 жылдығына арналған облыстық дәстүрлі орындаушылар байқауы тарихи мәні зор шара болды. Байқауға қала мен ауданнан өнерпаздар қатысып, екі кезең бойынша өнерін көрсетті. Бұл іс-шара тарих пен дәстүрді сақтап қана қоймай, жас орындаушыларға ұлттық орындаушылық мәдениеттің шынайы үлгісін көрсетті.
Өткен жылы ұйымдастырылған мерейтойлар мен тарихи оқиғаларды еске алу шаралары – тек тұлғаларға арналған ғана емес, елдік сананы, ұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған маңызды іс-шаралар болды. Соның ішінде Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығы – қазақтың ұлы ғалымы мен саяхатшысының еңбегі жастарға үлгі етілді. Қазақ хандығының 560 жылдығы – тәуелсіздік пен елдік тарихының сабақтары сахна арқылы көрсетілді. Байқоңыр ғарыш айлағының 70 жылдығы – ғарыш саласының дамуын насихаттап, жас ұрпақты ғылым мен техниканың жетістігімен таныстырды. Қызылорданың 100 жылдығы – өңірлік тарих пен мәдени мұраны дәріптеді. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы – ел ерлігі мен батырлық дәстүрін жастарға жеткізді.

САНА ҚАЛЫПТАСҚАН СӘТ
«Сұхбат TIME» жобасы – жас ұрпаққа тек ақпарат жеткізетін шара емес, оларды өмірлік бағдар беретін, ой-пікірін қалыптастыратын, санаға әсер ететін нақты тәрбие құралына айналды. Жоба аясында әр кездесудің өз миссиясы бар еді. Қатысушылар тек сұрақ қойып, жауап тыңдаған жоқ, олар өмірлік тәжірибеден сабақ алды, адал еңбек, адамгершілік, отаншылдық туралы түсінік қалыптастырды. Жастар алдында Болат Күлімбетов, Сейтқамал Исламов, Абдували Абдуллаев, Ержан Әбутәліпұлы сияқты ел тәжірибесін бойына сіңірген тұлғалар сөз сөйлеп, өз өмір жолдарын мысал ретінде көрсетті. Сондай-ақ аудандық орталық мешітінің бас имамы Рахат Қожанов діни сауаттылық, ұлттық дәстүр мен заманауи өмір сабақтастығын терең түсіндіріп, жастардың рухани санасын байытты.
Осы кездесулер барысында мамандар өз тәжірибелерін ашық бөлісіп, табандылық, жауапкершілік, адал еңбек арқылы жеткен жетістіктерін жас буынға үлгі етті. Жастар тек тыңдаушы ғана емес, ойларын білдіріп, сұрақтар қойып, өз пікірін айту арқылы белсенді азаматтық ұстанымын дамытуға мүмкіндік алды.

ШИЕЛІДЕН ӘЛЕМГЕ
Жылан жылы үйірме жетекшілерінің және олардың шәкірттерінің қажырлы еңбегі мен талантының жемісін әкелді. «Сырлы бояу», «Жеті нота», «Арман» би үйірмесі шәкірттері облыстық, республикалық және халықаралық байқауларда сан түрлі жүлде мен бас жүлдені иеленіп, өздерінің шеберлігін дәлелдеді.
Зухра Баймурзаева жетекшілік ететін «Сырлы бояу – Шебер» қолөнер және бейнелеу үйірмесі оқушысы Диас Болсынбек «Мультилэнд 2025» атты шығармашылық Халықаралық онлайн байқауынан II орын, Бегімсұлу Шатланбек «KZIHSPIRE» Халықаралық көпжанрлы балалар байқауынан бас жүлдені иеленіп, Баку еліне жолдама алыпты. Ким Александр да бас жүлдемен қатар Ташкенттегі халықаралық байқауға жолдама алған. «Сырлы бояу» сурет үйірмесінің топтық қатысушылары «TYRKISTAN-JAS-TALANTTARY» халықаралық көпжанрлы балалар байқауынан бас жүлдені қанжығаларына байлап, Литва, Болгария елдеріне тікелей жолдамаға ие болған. Айта берсек, «Арман» мәдениет үйі жеткен жетістік көп. Иә, әр жеңіс – тек жеке оқушының ғана емес, бүкіл мәдениет үйінің, оның ұжымдық күшінің, шығармашылық энергиясының жеңісі болды. Бұл қарапайым еңбектің ғана емес, жүйелі дайындық пен шығармашылыққа деген махаббаттың айқын көрінісі.

ЛАЙЫҚТЫ БАҒА
Жоғарыда айтқандай, 2025 жыл қажырлы еңбектің бағасы нақты көрсетілді. Мәдениет үйінің директоры Нұргүл Тәңірбергенқызы, әрбір үйірме жетекшісі мен қызметкер облыс және аудан деңгейіндегі марапаттарға ие болды. Бұл тек марапат қана емес – шығармашылықпен ұштасқан адал еңбектің, кәсіби жауапкершіліктің, ұжымдық ынтымақтың заңды мойындалуы.
Марапаттар әрбір қызметкер үшін рухани көтермелеу болып қана қоймай, олардың шығармашылыққа деген ынтасын, жастарға қызмет етуге деген жауапкершілігін, мәдениетке адалдығын нығайтты. Сонымен қатар бұл ұжымның қоғамдағы беделін арттырып, аудан тұрғындары мен жас ұрпаққа мәдениеттің қаншалықты маңызды екенін дәлелдейтін көрініс болды.
«Арман» мәдениет үйі ұжымы үшін ең басты марапат – көрерменнің жылы ықыласы, жас өнерпаздардың дамуы, ұлттық мәдениет пен дәстүрдің сақталуы. Облыстық және аудандық марапаттар осы абыройлы еңбектің қоғамдық мойындауының айнасы, ұжым үшін жаңа белестерге ұмтылудың және шығармашылықты шыңдаудың серпіні болды.
«Арман» мәдениет үйі – атына сай тағдыр арқалаған мекен. Ол – сахнада өнер көрсететін орын ғана емес, сана қалыптастыратын, ұлт жадын жаңғыртатын, ұрпаққа бағыт беретін рухани кеңістік. Өнер арқылы өмірге жол ашатын, дәстүр арқылы болашақты қалыптастыратын бұл орданың есігі өнерге, еңбекке, рухқа адал әр адам үшін әрдайым айқара ашық.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
27 қаңтар 2026 ж. 32 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№7 (9374)

27 қаңтар 2026 ж.

№6 (9373)

24 қаңтар 2026 ж.

№5 (9372)

21 қаңтар 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031