Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӨРІСІ КЕҢ ӨНЕРЛІ ҰЖЫМ

ӨРІСІ КЕҢ ӨНЕРЛІ ҰЖЫМ

Мәдениет – ел болмысы десек, ал өнер – ұлттың жаны. Қай елдің мәдениеті мықты болса, сол елдің еңсесі де биік болады.Алдымен өркениетті ұлт өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен бағаланады. Ұлттық мәдениеттің бір бөлігі – Шиелі ауданы қасиетті өнердің киелі бесігі, бай өлкесі. Дарынды тұлғалардың мекені. Мұнда ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ізгі салт-дәстүрлер қалыптасқан. Ұлттық өнерді дәріптеу мәдениет қызметкерлері арқылы жүзеге асып келеді. Бұл бағытта атқарылып жатқан әрбір игі іс адам баласының жан-дүниесін байыта ғана қоймай, сезіміне шуақ сыйлайды. Шиелі кентінде орналасқан «Арман» мәдениет үйі көпке үлгі өнер ұжымы. Иә, бүгінгі бас мақаламыз арманға жетелеген өнер ордасына арналмақ.


Бейсенбі күні аталған мекемеде дәстүрге айналған «Өнердің қарлығаштары» атты жылдық есеп беру кеші өтті. Салтанатты шара басталмас бұрын «Арман» мәдениет үйінің директоры Нұргүл Шалекеева қонақтарды «Сырлы бояу – шебер» үйірмесінің қатысушыларының жұмыстарымен таныстырды. Үйірменің жетекшісі Зухра Баймырза да құмыра өнерімен көпшілікті тамсандырды. Әрмен қарай кеш мәдениет үйінің жыл көлемінде атқарған жұмыстарының бейнебаянымен басталды. Содан соң қоғамдық бөлімінің басшысы К.Есенбаев алғы сөз алып, мәдениет қызметкерлерін аудан әкімі Н. Ахатовтың алғыс хатымен марапаттады. Айта кетейік, «Арман» мәдениет үйінің ғимараты 1991 жылы бой көтерген. Алғашында ауылдық клуб «Арман» болып ашылып, кейінірек кинотеатр ретінде қызмет жасап, апаттық жағдайда болған соң, қолданыссыз қалған.

2007 жылы «ҚазАтомӨнеркәсіп» ҰАҚ» АҚ қолдауымен күрделі жөндеуден өткізіліп, халық игілігіне қолданысқа берілген. 2015 жылдың 1 қарашасына дейін «ҚазАтомӨнеркәсіп ҰАК» АҚ «Қазатомөнеркәсіп – Демеу» ЖШС-нің еншісінде болған. 2 қараша 2015 жылдан бастап Шиелі кенті әкімдігінің «Арман мәдениет үйі» КМҚК болып жұмыс атқаруда. Қазіргі таңда, мұнда 8 үйірме, 2 ансамбль жұмыс істейді. Атап айтсақ, «Арман» би үйірмесі, «Аманат» көркем сөз және драма үйірмесі, «Сырлы бояу-шебер» қолөнер және сурет үйірмесі, «Әсем саз» ішекті аспаптар үйірмесі, «Сымбат сұлулық» үйірмесі, «Жеті нота» ән және вокал үйірмесі, «Алтын саксафон» үйірмесі, «Арман-Асыл Аналар» ансамблі, «Сырлы саз» фольклорлық ансамблі. Бұл үйірмелер мен ансамбльдердің бәрі де Шиелі өңіріне мәдени-рухани қызмет көрсетуді мұрат тұтып, ұлттық нақыштағы ән-күйлерді дәріптеу мақсатында еңбек етеді. Ансамбль – ұлттық музыкалық аспаптардың үнін үлкендермен қатар жастардың да құлағына сіңіре отырып, халықты отансүйгіштікке тәрбиелейді. Айталық, Қызылорда облысы Арал ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Ғасырлар сазы» атты фольклорлық ансамбльдер байқауында мәдениет үйінің жанынан құрылған «Сырлы саз» фольклорлық ансамблі жүлделі ІІІ орынды иеленген еді. Еңбек және тыл ардагері Күлмарал Нұрманованың 100 жылдығына орай ұрпақтар сабақтастығын дамыта отырып, аналарымыздың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында өткізілген «Саналы ғұмыр сәулесі» атты әжелер ансамбльдерінің аудандық фестиваліне «Арман - Асыл аналар» ансамблі белсене қатысып, аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталған. Бұл да ансамбльдердің толағай жемісі деп білеміз.

2023 жылы ұлттық өнерді насихаттау барысында «Сырлы саз» халық аспаптар ансамблімен «Арман – Асыл Аналар» ансамблінің жылдық есеп беру кеші өткізілді. Ұлттық мәдениетті насихаттау жолында «Арман» мәдениет үйі өткен жылы жүйелі жұмыстар жүргізді. Жыл көлемінде 68 мерекелік шара ұйымдастырылып, 8084 көрермен қамтылды. Балалармен өткізілген мәдени шара саны – 24, бала саны – 2880 болса, жастармен өткізілген мәдени шара саны – 14, ондағы көрермен саны – 1680, ересектер мен өткізілген мәдени шара саны – 30, қамтылған көрермендер – 3600 санды құрады. Сондай-ақ ақылы қызметті табу барысы 128 пайызға артығымен орындалды. Ақылы қызметті орындау барысында «Сымбат – сұлулық» үйірмесі, Музыка өңдеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. «Сымбат сұлулық» үйірмесінің жұмысын Севиль Абдуллаева жетекшілік етеді. Үйірмедегі әртүрлі тренажерлар арқылы қатысушылар өз дене бітімін әрқашанда сұлу қалпында ұстауға мүмкіндік алады.



Үйірмеге қатысушы денсаулығын нығайтып, салауатты өмір салтының қағидаларын ұстануға мүмкіндік береді. Музыка демекші, мәдениет үйінің дыбыс өңдеу студиясы да қарқында дамуда. Ал бұл саланы жетік меңгерген музыка жетекшісі Сержан Болат музыка өңдеу жұмыстарын жүргізіп өз үлесін қосуда. Әр үйірменің өзіндік ерекшеліктері бар. «Жеті нота» ән және вокал үйірмесі – халықтық және заманауи үлгідегі әндерді музыкалық аспаптарда ойнауды үйірмеге қатысатын оқушыларға үйретіп, сахна мәдениетінің дамуына жол ашады. Үйірмеге қатысатын оқушы әндерді орындау бағытындағы түрлендіру жұмыстарымен танысып, әрбір шығарманың өзіндік орындалу ерекшіліктерін ұғынады. «Арман» би үйірмесі – көптеген ісшараларда өз өнерлерін жоғары деңгейде көрсетіп келеді. Ал «Аманат» көркем сөз және драма үйірмесі таланттар мен көркемөнерпаздардан құралған орта болса, «Сырлы бояу – шебер» қолөнер және сурет үйірмесіндегі қатысушылар бейнелеу өнерінің қыр-сырын меңгерсе, «Әсем саз» ішекті аспаптар үйірмесі – оқушыларды ұлттық құндылықтарға тәрбиелесе, «Алтын саксафон» үйірмесі – аспаптың өзгешелігін үйретеді. Сонымен қатар әр түрлі іс-шаралар мен байқауларда ұйымдастырылды. Атап айтсақ, «Төл перзентің төріңде», Қазаққа аты мәшһүр Иманжүсіп», «Мұқағали - мәңгілік ғұмыр», «Есті ене мен көрегенді келін», «Нұрландырған елімді - нұрлы Наурыз», «Би - құдіретті өнер», «Қазақстан достық мекені», «Отанды қорғау – қасиетті борыш», «Күй сардары – Құрманғазы», «Абай – өлең, Абай – жыр, Абай – дастан», «Орны бөлек өзгеден Феруза еді», «Өнегелі өмір», «Егеменді - Тәуелсіз Қазақстан», «Өнер деп келіп, өнер деп кеткен ер едің», «Әбілқасымның әсерлі картиналары», «Мағжан жыры мәңгілік», «Ел аңсаған – Тәуелсіздік», «Жаңа жылым - жарқын жүзді жандарым!» атты ерекше балаларға арналған театрландырылған қойылым т.с.с игі шаралар халықтың жадында қалды. Мінекей, 2023 жылы көптеген мәдени іс-шаралар мен рухани кештерді ұ й ы м д а с т ы р ы п , ж ы л д ы ж о ғ а р ы деңгейде қорытындылаған «Арман» мәдениет үйінің берері мол. Бүгінде барлық мекемелермен, мектептермен тығыз байланыста жұмыс істеп жатқан өнер ошағында өткізілген әрбір шара әлеуметтік желілерде «Арман» мәдениет үйінің парақшасында жарияланып, жергілікті «Өскен өңір» газетінің баспасөз беттерінде жарық көрді. Шараның соңында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Исмаил кеш соңында өнерпаз жастар мен мәдениет үйінің қызметкерлеріне алғыс айтып, батасын берді. Кешке келген қонақтар да дән риза болып, тарқасып мәдениет үйіне жылы лебіздерін білдірді. Қарап отырсақ, шығармашылық интеллигенция, өнер ұжымы – қазақ айнасы. Тән ауырса, дәрігер емдейді. Ал жан ауырса, қоғам ауырса – оның дерті мәдениетте. Сондықтан да мәдениетімізді өрістетіп, қоғамға күш беріп, керек кезде ой салып, рухани тазаруға бастап жүрген ұжымның жұмысы өрлей берсін демекпіз.

Айнұр ИБРАШЕВА 
30 қаңтар 2024 ж. 235 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930