Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шиелі: Мәдени қызмет – мерейлі міндет

Шиелі: Мәдени қызмет – мерейлі міндет




Мәдениет – ғасырлар бойы келе жатқан халықтың рухани келбеті, мейірімі мен парасат-пайымы. Дана халқымыз «Өнер – ұлттың жаны» деп бекер түстемесе керек. Өркениетті ұлт ең алдымен, тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып, бағаланады.

Бұл тұрғыдан келгенде біздің көсіле сөйлеуімізге болады. Арғы ата-бабадан қалған асыл мұралар, Қазақ хандығының іргесі қаланғаннан бергі жиналған жауһар дүниелер әлем алдында абыройымызды биіктетіп келеді. Соларды насихаттап, көкке көтеріп жүрген мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбегі орасан. Әрине, өнерді құрметтеп, мәдениетті өркендету – баршамыздың ортақ мақсатымыз. Десе де, мәдениет үйлерінің, кітапханалардың, театрлар мен шығармашылық үйірмелердің, халық шығармашылығы орталықтарының, ауылдық клубтар қызметкерлерінің, сондай-ақ ақындар мен жазушылардың рөлі ерекше. Олар қоғамдағы руханиятты дамытуға, игілікті, адамгершілікті, қайырымдылық пен өзара түсіністікті өрістетуге жол ашып, үздік мәдени дәстүрлерді сақтауға, оны молайтуға ерекше мән беріп келеді.

Бүгінде аудандағы 28 мәдени орталық пен 7 халықтық ұжым, 2 мәдени-демалыс кешені халықты өнерімен сусындатып, рухани қазынамызды өскелең ұрпаққа жеткізу жолында аянбай еңбек етуде.

Бейсенбі күні аудандық мәдениет үйінде «Мәдениетім – мәртебем» атты мәдениет қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті. Халқымыздың мәдени мұрасына, ән, би өнеріне өз үлесін қосып жүрген шиеліліктер үшін бұл мерейлі мереке. Өнерді өміріне серік еткен жандарды кәсіби мерекесімен аудан әкімінің орынбасары Б.Ысмағұлов құттықтап, сала мамандарының қоғамдағы рөліне ерекше тоқталды. -Жауапты саланың қазанында қайнап жүрген қызметкерлерді ¬облыс, аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапаттады.

Шиелінің қасиетті топырағынан талай айтулы өнер тұлғалары өсіп-өнді. Қазір де киелі өнер жолында туған жердің атын шығарып, биік тұғырдан көрсетіп жүрген жерлестер жетерлік.

Салтанатты кеш ақын Талғат Күзембаевтың арнау өлеңімен басталып, әрмен қарай аудан өнерпаздарының әзірлеген концерттік бағдарламасына ұласты.

Халқымыздың бай мəдени мұрасы мен руханиятының дамуына үлес қосып келе жатқан азаматтардың еңбегі бағаланатын елеулі күн ел өмірінің ең айшықты сәтіндей ыстық. Себебі қаламға серт еткен ақын-жазушының, білім бұлағымен сусындатқан кітапханашының, мазмұнды қойылыммен, құлақ құрышын қандырар әнімен, мың бұралған биімен көрерменге ізгілік нəрін сыйлайтын аудандағы мəдениет ошақтарында қызмет етіп жүрген өзге де мамандардың еңбегі ұмытылмақ емес.
22 мамыр 2023 ж. 172 0