ӨНЕР МАЙТАЛМАНДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ
Өнерлінің өрісі кең. Ал, өнер – халықтың қазынасы, ұлттық құндылығы. Ғасырлар бойы халықпен бірге жасасып келе жатқан, баға жетпес байлығымызды көздің қарашығындай сақтап, бүгінге жеткізген аға буынның ізін басқан мәдениет және өнер қызметкерлері өз істерін адал атқарып, көрермендерінің көзайымына айналып келеді. Бүгін –мәдениет және өнер қызметкерлерінің төл мерекесі. Бұл күн мәдениет пен өнер саласында жүрген жандар үшін маңызды.
Осыдан 9 жыл бұрын Тұңғыш Президенттің жарлығымен қабылданған бұл мейрам, бүгінде қанат жайып, кеңінен тойланып келеді. Шиелі ауданы да айтулы шарадан қалыс қалмай, қызметкерлерінің еңбегін елеп, құрмет көрсетті. Ауданда өтетін шаралардың басы-қасында қай уақытта да мәдениет саласының мамандары жүреді. Олар мерекелік демалыс күндері де дамыл таппай, әртүрлі шаралар өткізіп, аудан халқының көңілін көтеруге барын салып жатады. Ал бүгін мәдениет және өнер қызметкерлері басқа емес, өз мерекелерін атап өтуде.
Осыдан 9 жыл бұрын Тұңғыш Президенттің жарлығымен қабылданған бұл мейрам, бүгінде қанат жайып, кеңінен тойланып келеді. Шиелі ауданы да айтулы шарадан қалыс қалмай, қызметкерлерінің еңбегін елеп, құрмет көрсетті. Ауданда өтетін шаралардың басы-қасында қай уақытта да мәдениет саласының мамандары жүреді. Олар мерекелік демалыс күндері де дамыл таппай, әртүрлі шаралар өткізіп, аудан халқының көңілін көтеруге барын салып жатады. Ал бүгін мәдениет және өнер қызметкерлері басқа емес, өз мерекелерін атап өтуде.
Өнерпаздарды кұрметке бөлеген шара кеше аудандық Б.Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде өтті. Мерекелік кештің шымылдығы әнші Мұхит Әбеновтың орындауындағы «Өлмейтіндер» әнімен түрілді. Лед экраннан дүниеден өткен мәдениет қызметкерлерінің суреті көрсетіліп, жиналған көрермендерді тебірентті. Шарада құттықтау сөз алған аудан әкімі Н.Мақұлбеков:
– Шежірелі Шиелі өңірі – мәдениетпен мерейленіп, өнермен өрістеген өлке. Қасиетті топырағы талай мәдениет майталмандары мен өнер жұлдыздарының алтын бесігіне айналды. Бүгінде өңір өркениетінің дамуында мәдениет қызметкерлеріне артылар жүк ауыр. Ұлттық өнердің қанат жайып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасуында – баршаңыздың үлестеріңіз зор, еңбектеріңіз ерен. Ел мәдениетін дамыту жолындағы еңбектеріңіздің жемісін көре беріңіздер, – деді.
Содан соң өнердің көкжиегінде өз іздерін қалдырып, қызметін абыроймен атқарып келе жатқан бір топ сала мамандарына облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртайдың алғыс хатын, аудан әкімінің алғыс хаты мен облыстық мәдениет және спорт басқармасының алғыс хаттары табыс етілді. Олардың арасында Шиелі өңірі мәдениетінің дамуы мен өркендеуіне сүбелі үлестерін қосып келе жатқан мәдени орталықтардың өкілдері, кітапханашылар, музей қызметкерлері де бар. Б.Қабылұлы атындағы мәдени-шығармашылық орталығының әдістеме бөлімінің меңгерушісі Гүлшат Әбдімомынова мен балалар кітапханасының кітапханашысы Ағайша Садықоваға Қазақстанның мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің «Еңбек даңқы» төсбелгісі табысталса, мәдениет жанашыры Қанат Бәйімбетовке республикалық «Ел құрметі» қоғамдық қорының «Ел құрметі» медалі табысталды. Осылайша түрлі номинациялар бойынша өз ісінің үздіктері атанғандар құрмет төрінен көрінді. Шара соңында аудан өнерпаздары ән-жырдан шашу шашып, концерттік бағдарламаға ұлысты.
Жыл өткен сайын өңіріміздегі мәдениет ошақтарының материалдық-техникалық базалары жаңғыртылса, бірнеше ауылдарда жаңа ғимарат халықтың игілігіне берілді. Десе де кейбір елді мекендерде апатты жағдайда тұрған клуб үйлері әлі де бар. Сол тозығы жеткен ғимараттардың орнына жаңасын салу аудандағы мәдениет саласының басты мәселесі болып отыр. Өнерпаздарға лайықты жағдай жасалмай, ауыл халқының рухани қажеттілігін қанағаттандыруды талап ету қиын.
Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, ол елдің еңсесі де биік, рухы да жоғары болады. Сонымен қатар, мәдениет – адамзат тұлғасын деңгейіне көтеретін негізгі құрал. Сол мәдениеттің өзекті бөлігі – өнер. Шынында да өнер мәдениеттің алтын қазынасы, адамның ұлылығын білдіретін ғажап көріністердің бірі. Мәдениет пен өнер – қоғам дамуының негізгі қажетті саласы.
Тағылымды кеште ұлтымыздың бет-бейнесі, рухани болмысы, ақыл-ойы мен парасаты –мәдениет пен өнер екенінің тағы бір куәсі болдық. Бүгін халқымыздың бай мәдени мұрасы мен руханиятының дамуына үлес қосып келе жатқан азаматтарды жұдырықтай жұмылдыратын мерейлі күн.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ