ШИЕЛІ МӘДЕНИЕТІНІҢ КЕЛБЕТІ
Сыр бойының самал желі есетін, тарих пен тағдыр терең тамыр жайған қасиетті өлкелердің бірі – Шиелі. Бұл мекеннің мәдениеті – уақыттың шаңына көмілмеген шежіре, ел жадында сақталған рухани қазына. Мұнда мәдениет тек сахнада ғана емес, әр ауылдың тынысында, әр отбасының жүрегінде өмір сүріп келеді. Ауданның мәдени кеңістігі – елдік пен еңбектің, өнер мен өнегенің өзара үйлесім тапқан айрықша әлемі.Бүгінде аудан бойынша халыққа қызмет көрсететін 28 мәдениет үйі мен клуб бар. Олардың әрқайсысы ауыл өмірінің рухани тірегіне айналып отыр. Әрине бұл салада шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Жеті ауылдық клубтың апаттық жағдайда болуы, екі елді мекенде арнайы мәдениет ғимаратының болмауы – уақыттың салған салмағы. Алайда осы қиындықтарға қарамастан, мәдениет қызметкерлері ескі ғимараттарды да өнердің ұясына айналдырып, халықтың рухани сұранысын үздіксіз қамтамасыз етіп келеді.
2025 жылдың он бір айы Шиелі мәдениеті үшін мазмұнға толы, мағынасы терең кезең болды. Осы уақыт аралығында аудан мәдениет ошақтарында 2129 мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылып, оған 138 мыңнан астам көрермен қамтылды. Мұндай көрсеткіш – халықтың мәдени өмірге белсенді араласуының, рухани дүниеге деген ықыласының айқын көрінісі. Әрбір өткізілген шара – ел тарихының бір парағы, өткен мен бүгіннің арасын жалғаған алтын көпір іспетті болды.
Биыл Мемлекет басшысының бастамасымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланып, бұл бағыт Шиелі мәдениетінде кеңінен көрініс тапты. Сахна төрінде еңбек адамдарының тағдыры, маңдай терімен жазылған өмір жолы дәріптелді. Социалистік Еңбек Ері Шырынкүл Қазанбаеваның 105 жылдығына арналған облыстық байқаулар мен фестивальдер, жұмысшы мамандарымен кездесулер – еңбекке деген құрметтің айқын белгісіне айналды. Өнер тілімен сөйлеген еңбек тақырыбы халық жүрегіне жол тапты.
Шілде айында бастау алған «Ауыл күндері» фестиваль-жобасы аудан мәдениетінің кең тынысын айшықтады. Әр ауыл өз болмысын, өз тарихын, өз еңбегін сахна арқылы сөйлетті. Этноауылдар тігіліп, қолөнер көрмелері мен ауыл өнімдерінің жәрмеңкелері ұйымдастырылып, домбыраның қоңыр үні мен халық әндерінің әуені кең далаға тарады. Аталған ауылдардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін ғана емес, рухани қуатын да көрсеткен тағылымды жобаға айналды.
2025 жыл Шиелі үшін айтулы мерейтойларға толы болды. Абай Құнанбаевтың 180 жылдығы, Нартай Бекежановтың 135 жылдығы, Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Қазақ хандығының 560 жылдығы секілді тарихи даталар ғылыми-танымдық конференциялар, айтыстар, мүшәйралар, байқаулар арқылы кеңінен атап өтілді. Бұл шаралар арқылы ұлт тарихы бүгінгі ұрпақпен қайта тілдесіп, рухани сабақтастық нығая түсті.
Шиелі мәдениетінің мерейін асырып жүрген жеті «Халықтық» атағы бар ұжым ауданның рухани байлығы саналады. Ұлт аспаптар оркестрінің күмбірі, халық театрының тағдырлы қойылымдары, фольклорлық ансамбльдер мен әзіл-сықақ отаулары халықтың рухын серпілтіп келеді. Сонымен қатар аудан бойынша 145 үйірмеде 1586 өнерпаз тұрақты шығармашылықпен айналысады. Олардың басым бөлігін балалар мен жасөспірімдер құрауы – мәдениеттің болашағы бар екенін аңғартады.
Шиелілік өнерпаздардың облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болуы – тынымсыз еңбектің жемісі. Бас жүлделер мен жеңістер тек бір орындаушының емес, тұтас аудан мәдениетінің абыройын асқақтатты.
Алда тұрған 2026 жыл да мазмұны терең, тағылымы мол шараларға толы болмақ. Ғалымдар мен ақындар, қоғам қайраткерлері мен еңбек ерлеріне арналған республикалық, облыстық деңгейдегі кештер мен байқаулар Шиелі мәдениетінің жаңа белесіне жол ашпақ. Бұл жоспарлар ауданның рухани дамуы тоқтамайтынын, мәдениеттің ел өміріндегі орны әрдайым биік болатынын көрсетеді.
Қорыта айтқанда, Шиелі мәдениеті – Сырдың суындай сабырлы, даланың желіндей еркін, халықтың жүрегіндей кең. Бұл – еңбекпен бекіген елдік рухтың, өнермен өрілген ұлт жадын сақтаған қасиетті кеңістік. Шиелі барда – өнер бар, тарих бар, рух бар.
Айнұр ИБРАШЕВА








