Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АРМАНҒА ЖЕТЕЛЕГЕН «АРМАН»

АРМАНҒА ЖЕТЕЛЕГЕН «АРМАН»


Заманауи құрылғылармен және жиһаздармен жабдықталған, өнердің әр қырына баулитын жеті үйірмесі бар «Арман» мәдениет үйінің болашағы жарқын.

Ай мен Күн аман тұрғанда тіршілік жалғаса бермек. Елімізде орын алған кездейсоқ әрі қауіпті індетке (cОvid-19) қарамастан, кейбір өнер ұжымы халыққа қызмет көрсетуін онлайын жүйесімен жалғастырып келеді. Сондай үлгілі ұжымның бірі – Шиелі кентіндегі «Арман» мәдениет үйі.
«Арман» мәдениет үйінің ғимараты 1991 жылы бой көтерген. Алғашында ауылдық клуб «Арман» болып ашылып, кейінірек кинотеатр ретінде қызмет жасап, апаттық жағдайда болған соң, қолданыссыз қалған. 2007 жылы «ҚазАтомӨнеркәсіп» ҰАҚ» АҚ қолдауымен күрделі жөндеуден өткізіліп, халық игілігіне қолданысқа берілген. 2015 жылдың 1 қарашасына дейін «ҚазАтомӨнеркәсіп ҰАК» АҚ «Қазатомөнеркәсіп – Демеу» ЖШС-нің еншісінде болған. 2 қараша 2015 жылдан бастап Шиелі кенті әкімдігінің «Арман мәдениет үйі» КМҚК болып жұмыс атқаруда. Қазіргі таңда, мұнда жеті үйірме: «Сырлы бояу» қолөнер және сурет үйірмесі, «Арман» би үйірмесі, «Жеті нота» ән және вокал үйірмесі, «Әсем саз» ішекті аспаптар үйірмесі, «Сымбат – сұлулық» үйірмесі, «Сырлы саз» фольклорлық ансамблі, «Арман» аналар ансамблі жұмыс істейді. Бұл үйірмелер мен ансамбльдердің бәрі де Шиелі халқына мәдени-рухани қызмет көрсетуді мұрат тұтып, ұлттық нағыштағы ән-күйлерімізді насихаттау бағытында жұмыс жасайды. Ансамбль ұлттық музыкалық аспаптардың үнін үлкендермен қатар жасөспірімдердің құлағына сіңдіре отырып, ұлтымызды отансүйгіштікке, халық ән-күйлерін сүюге тәрбиелейді. Шетел және қазақ композиторларының шығармаларын, сонымен қатар, жергілікті сазгерлердің ән-күйлерін насихаттауды назардан тыс қалдырмаған. Айталық, «Жеті нота» ән және вокал үйірмесі халықтық және заманауи үлгідегі әндерді музыкалық аспаптарда ойнауды үйірмеге қатысатын оқушыларға үйретіп, сахна мәдениетінің дамуына жол ашады. Үйірмеге қатысатын оқушы әндерді орындау бағытындағы түрлендіру жұмыстарымен танысып, әрбір шығарманың өзіндік орындалу ерекшіліктерін ұғынады.
Оқушыларға мектептен тыс қосымша сабақтан білім беру барысында шығармашылық қабілетін арттырып, өздігінен еңбек етуге дайындап, іскерлігін арттырады. Оқушыларға үйірме бағдарламасын жан-жақты меңгертіп, ұлттық санасын қалыптастырып, адамгершілікке тәрбиелей отырып, шығармашылыққа деген қызығушылығын арттырады.
Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ұлы халықтың ұлы Абайы» атты Абай жылының ашылу салтанаты, «Шәмші есімі – ел есінде», «Ұлы Жеңіске 75 жыл», Халықаралық жастар күніне арналған және «Биік сенің мәртебең – ана тілім», «Елбасы – ұлтының ұлы көшбасшысы» онлайн концерттері мен басқосулары Шиелі жас­тарын бір рухтандырып тастады. «Тәуелсіз байтақ елім – Қазақстан» атты онлайн концерт, «Арман Асыл – аналар» ансамблінің «Қырманға кел қалқатай» әніне түсірілген бейнебаян жұртшылықты дүр сілкіндірді.
Ансамбльдер халықтық ескі, ұмыт қалған әндерді жаңғырту мақсатында және заманауи үлгідегі әндер мен ұлттық салт-дәстүрді ұштастыра насихаттап жүр.
Оқушыларға денсаулықпен қатар дене бітімінің жақсы жетілуіне көмектесу, бос уақытын тиімді пайдалана отырып өздерін еркін ұстауға дағдыландыру, ұқыптылыққа, эстетикалық талғамын арттыруға, шапшаңдыққа және биге бейімдеу – «Арман» би үйірмесінің негізгі міндетіне айналған.
Ұжымда 14 мәдени қызметкер, 3 әкімшілік қызметкер, 13 кіші қызметкер, жалпы 30 адам кент тұрғындарына қызмет көрсетіп келеді. Ұжым биылғы төл мерекесіне лайықты табыстармен келіп отыр. Еліміз тәуелсіздігінің 30 жылдығына қосар үлесі қомақты болатынына сенімді. Өнерге бай, еңбекке жақын шиеліліктерді мәдени-рухани бағытқа бастап келе жатқан «Арман мәдениет үйінің» болашағы жарқын.

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
«Қазақстанның құрметті журналисі»,
Шиелі ауданының
«Құрметті азаматы»


22 мамыр 2021 ж. 609 0