ТИІМДІ ТӘСІЛ – ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС
Мал шаруашылығы – ауыл шаруашылығының маңызды саласы. Бұл сала халықты түрлі тағам өнімімен, жеңіл өнеркәсіпті құнды шикізатпен қамтамасыз етеді. Малдың әртүрлі қауіпті кеселге шалдықпауын, олардан алынатын өнімдердің адам денсаулығына зиян келтірмеуін қамтамасыз ету бағытында тынымсыз еңбек ететін ветеринар мамандарының рөлі ерекше екені айтпаса да түсінікті. Мал бағуды негізгі кәсіп еткен халқымыз «Малы саудың – жаны сау» деген қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырған. Ал сол малдың саулығына кепілдік беретін – бірден-бір сала – ветеринария.Өткен жұма Қызылорда облыстық аумақтық инспекция басшысы Ерсұлтан Апетов Шиелі ауданына арнайы жұмыс сапарымен келді.
Сапар аясында аудандағы бірқатар ветеринариялық бақылаудағы нысанның жұмысымен танысты. Сонан соң аудандық ветеринариялық станциясында болып, Шиелі аудандық аумақтық инспекциясының, аудандық ветеринариялық станциясының, аудандық ветеринариялық зертхана басшылары және мамандарының қатысуымен кездесу өткізді.
Жиында аудан аумағындағы эпизоотиялық жағдайды тұрақты әрі қатаң бақылауда ұстаудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырмасына сәйкес ветеринария саласын цифрландыруға байланысты ауыл шаруашылығы жануарларын АШЖБ (ИСЖ) ақпараттық жүйесіне уақытылы және тіркеу, одан шығару үшін мал егелері «Төрт түлік» мобильді қосымшасын қолдану арқылы иелігіндегі жануарларды тіркеу, сатып алу, сату процестерін жүргізе алатынын жеткізді. Яғни, осы жылдың басынан бастап төлдерді тіркеу «Төрт түлік» мобильді қосымшасы арқылы жүргізетін болады.
Кездесу соңында Е.Апетов сала мамандарының көкейдегі сұрақтарына жауап беріп, бірқатар маңызды міндетті жүктеді.
«Өскен өңір» ақпарат







