Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Малы саудың – жаны сау

Малы саудың – жаны сау


Мал бағу қазақ халқының негізгі кәсібі саналады. Сондықтан үнемі бабын жасап, жем-шөбін әзірлеп, басын аман сақтап қалу жолында күрескен қазақ «Малы саудың – жаны сау» деген қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырған. Ал, сол малдың саулығына кепілдік беретін бірден-бір сала – ветеринария.
Бұл күндері азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыру және ветеринария жүйесін жетілдіру үлкен маңызға ие. Төрт-түлігін түгендеп, санын арттыруды көздеген аудан халқы үшін ветеринария саласының орны бөлек. Қазіргі таңда, аудан бойынша ірі қара 75628, қой мен ешкі – 125466, түйе – 1623, жылқы – 22225 басты құрап отыр. Көрсеткіштерге зер салсақ мал басы артқан. Сондай ақ, бірдейлендіру дерек қорының базасына 14936 ірі қара, 38366 уақ мал, 252 түйе, 3521 жылқыға таңбалау жұмыстары жүргізілген. Асырап отырған малының саулығы ол отбасының ғана емес, бүкіл халықтың амандығының негізі. Себебі, мал – халықтың тұрмыс-тіршілігі, күнкөріс көзі болып саналады.
– Әрбір жеке және заңды тұлға «Ветеринария туралы» Заңның 25-бабына сай Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiрудi қамтамасыз етіп, сондай-ақ жаңадан мал сатып алса, не біреуге сатса мал дәрігеріне хабарлап отыруға міндетті. Сондай-ақ шаруашылықтарда ветеринариялық шараларды сапалы әрі уақытылы жүргізіп, сырғалау мен таңбалау, жануарларын бірдейлендіру маңызды. Жекешелендіру басталғанда мал дәрігеріне ешкім көңіл бөлмеді. Нәтижесінде ауру көбейді. Қазіргі таңда, аудан бойынша мал ұрлығы қылмыстарының дер кезінде ашылмауы ұрланған малдардың есепке алынбауында және де мал төлдерін мал иесі уақытылы жергілікті жердегі ветеринар мамандарымен бірлесіп бірдейлендіру дерекқор базасына сырғаланып немесе таңбаланып енгізбеуінен – дейді «Қызылорда облысы ветеринария басқармасының Шиелі аудандық ветеринариялық станциясы» ШЖҚ КМК директоры Б.Бекхожаев.
Қазіргі кезде Шиелі ауданы бойынша наурыз айынан бастап эпизоотиялық және энзоотиялық ауруларға қарсы екпе жұмыстары, диогностикалық іс-шаралар жоспарға сәйкес ҚР Үкіметі бекіткен тізбесімен 14 түрлі аса қауіпті жұқпалы ауруға қарсы екпе тегін жүргізілуде. Сонымен қатар облыстық бюджет есебінен жергілікті жерге тән энзоотиялық 6 түрлі ауруларға тегін дауалау жүргізіледі. Ветеринария саласының рөлі тек қана ауыл шаруашылығында ғана емес, сонымен экономикалық, биологиялық, медициналық тұрғыдан да маңыздылығы жоғары. Бүгінде жер бетін жайлаған жұқпалы дерттен пенде біткен шапа шегуде. Ал вирустың таралуына тірі жанның бәрі себепкер. Сондықтан «мал-жаның аман ба?» деп саулық сұрайтын қазақ халқы үшін төрт түлігінің түгел тұруы маңызды. Ал ол үшін бүкіл адамзатты емдейтін ветеринарлардың еңбегін ескеру керек.

Шапағат Тілеубаев
10 тамыз 2021 ж. 453 0