Мал дәрігерлерінің мәртебесін арттыру керек
Адамзаттың саулығы қоршаған ортаның саулығына, әсіресе, жан-жануар әлемінің саулығына тікелей тәуелді екенін осы күнгі әлемдік пандемия дәлелдеп отыр. Күллі дүниені бір тарының қауызына сыйдырған вирустың адамзатқа қайдан жұққаны нақты белгісіз немесе түрлі нұсқалар бар. Алайда, тереңдеп зерттеп келгенде індеттің тамыры жан-жануарлар әлеміне жол сілтейді. Вирусология мен ветеринарияның тоғысқан жері деуге боларлық нүктенің маңызын, әсіресе, осы бір қатерлі сәттері адам баласы анық сезінді. Иә, бүкіл жер шары тұрғынының денсаулығы ветеринар-маманның да біліктілігіне байланысты болып тұр. Осы орайда Қызылорда облысының ветеринария басқармасының «Шиелі аудандық ветеринариялық станциясы» ШЖҚ КМК директоры Б.Бекхожаевпен тілдескен болатынбыз.
– Ветеринария саласының негізгі қызметі – аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу. Оны диагностикалау, малдан алынатын тамақ өнімдері мен шикізаттардың адам өміріне қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Бүгінгі таңда мал дәрігерінен тапшылық жоқ па?
– Шиелі ауданы бойынша 23 кент және ауылдық округтерде ветеринариялық пунктер қызмет көрсетуде. Ветеринариялық станцияның міндеті ҚР «Ветеринария туралы» Заңының 11-бабында көрсетілгендей, олар: жануарларды аурулардан қорғау және емдеу, халықтың денсаулығын жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғау, ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету екені белгілі. Сондай-ақ Шиелі аумағына келген жануарлардың жұқпалы ауру таратуынан қорғау сынды міндеттерді орындай отырып, аудан халқына тұрақты қызмет көрсетіп келеміз. Барлық маман өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарады. Сондықтан маман тапшылығы жоқ деуге болады.
– Жастар арасында мал дәрігері мамандығына деген қызығушылық қайта оянуда. Бұл мал дәрігерлері мәртебесінің артуына септігін тигізеді ме?
– Жасыратыны жоқ, бір кездері жастар ветеринария саласына келуге құлшылық танытпаған еді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ауыл шаруашылығына басымдық беруі ветеринария саласының тамырына да қан жүгіртті. Бұл салаға жас мамандар келуде. Адам денсаулығынан артық не бар дейсіз. Сол адамдар мен жануарлар әлемінің саулығын қызғыштай қорғайтын мал дәрігерлерінің мәртебесі бәрінен де биік тұруы тиіс деп ойлаймыз. Сала мамандарының ветеринариялық іс-шараларды атқарудағы жұмыстары өте ауыр және аса қауіпті ауруларға қарсы тірі вакциналармен тікелей жұмыс жүргізеді. Алайда, зияндылығы бойынша ешқандай жеңілдіктер қарастырылмаған. Сондықтан да еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын кәсіптердің тізбесіне енгізілуі қажет.
– Қазақ халқы қорасын төрт түлікке толтырып, мал бақпаса отыра алмасы анық. Осы орайда сырттан келетін малдан қауіп бар ма?
– Мемлекет басшысы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында ауыл шаруашылығы біздің негізгі ресурсымыз екенін атап өтті. Сондай-ақ ет өндірісін ұлғайту арқылы аналық мал басын көбейту, оларды жемшөппен қамту мәселесі де назардан тыс қалмады. Президенттің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға ерекше басымдық беруі мал санының артуына, оның ветеринариялық ақуалын тұрақтандыруға оң серпіліс әкелетіні анық.
Бүгінде аудан бойынша ірі қара – 64 514, қой мен ешкі – 101 142, түйе – 1417, жылқы – 17251, шошқа – 340 басты құрап отыр. Негізінен бірдейлендіру дерек қорының базасына мал саны күнделікті тіркеліп, қосылып отырады. Сондықтан қазір заманына қарай мал бағу әдісі де өзгерген. Әрбір жеке және заңды тұлға «Ветеринария туралы» Заңның 25-бабына сай Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiрудi (сырғалатуды, таңбалатуды) қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығы жануарларын сату, сою, өзге адамға сыйлау, мал егесінің мекен-жайы өзгерген жағдайларда компьютерлік дерек қоры мен малдың ветеринариялық паспортына өзгерістер толтырылады. Жануарларды тасымалдау, мал базарына алып бару, орнын ауыстыру жағдайында міндетті түрде ветеринариялық анықтама алу қажет. Ветеринариялық анықтамалар «Бірыңғай автоматтандырылған басқару жүйесі» бағдарламасы бойынша компьютерден шығарылады. Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 85-бабына сәйкес, көрсетілетін қызмет беруші, белгіленген жұмыс уақыты кестесіне сай өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсетеді.
–Биылғы дезинфекциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр ма?
– Иә, биылғы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының табиғи ошақтарына көктемгі эпидмаусымы залалсыздандыру жұмыстарын мердігер ЖШС «Төрт түлік» белгілері жасады. Қазір барлық ауылда, білікті мал дәрігерлері жұмыс істейді. Мал өнімдерінің пұл болып тұрғанын ескеретін болсақ, бүгінде төрт түліктің саулығы бірінші кезекте мал егесі мен мемлекет үшін маңызды. Эпизоотиялық ахуалды тұрақты ұстап тұру үшін жұқпалы ауруларды болдырмау Республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға жұқпалы 12 түрлі ауруға атап айтқанда сібір жарасы, аусыл, қарасан, лептоспироз, құтыру, пастереллез, оба, күл, брадзот, эхинококкоз, нодулярлы дерматит, эктимаға қарсы, ал жергілікті бюджеттен 6 түрлі ауруға бауыр құрт, көмей құрт, сақау, қатпа, пироплазмоз, өттеуге екпе жұмыстары тегін жүргізіледі. Оған арнайы қаржы бөлініп, жыл басынан бүгінгі күнге дейін аталған қаржы игеріліп келеді.
– Жұқпалы аурулар тек адам арасында ғана болмайды. Көшені кезген ит, мысық та вирус таратушы болып саналады. Бұл тұрғыда қандай шаралар жасалуда?
–Бүгінгі таңда көше кезген ит, мысықтар құрықталуда. Расында, адамдар үшін аса қауіпті құтыру, эхинококкоз, леишманиоз ауруларын таратушылар ит-мысықтар. Қызылорда облысы аумағында ит-мысықтарды асырау тәртібі облыстық мәслихаттың 2015 жылғы 18 наурыздағы 35 сессиясының №262 «Қызылорда облысының елді мекендерінде иттер мен мысықтарды асырау және серуендету, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидасын бекіту туралы» шешімімен бекітілген. Ит-мысық ұстаған адам өзінің ауласынан шығармай, байлап ұстауы керек. Үш айлық иттер мен екі айлық мысықтар құтыру ауруына қарсы егіліп, ветеринариялық паспорт толтырылып, тіркеуге алынады. Ветеринариялық пункт мамандарына олардың негізделген талабы бойынша алдын ала егу үшін ит-мысық иелері жануарларды кедергісіз көрсетулері қажет.
–Міне, ветеринария ғылымынсыз, ветеринар маманынсыз бүгінде ауылда да, қалада да өмір сүру мүмкін емес. «Медицина – адамды, ал ветеринария – бүкіл адамзатты емдейді» деген қанатты сөздің ұран емес, күнделікті қажеттілік екенін ұғатын кез жеткен сыңайлы. Бөліскен ақпаратыңызға рақмет.
Сұхбаттасқан
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ