Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сала салғырттықты көтермейді

Сала салғырттықты көтермейді

Ауыл шаруашылығы – ел экономикасындағы негізгі салалардың бірі. Сондықтан да аграрлық секторды барынша дамытудың орны ерекше. Елімізде мал шаруашылығын дамытуға бағытталған ауқымды жоба қолға алынғандығын атап өткен Елбасы Н.Назарбаев: «Қазақстандық фермерліктің азық-түлік нарығындағы өңірлік және жаһандық бәсекелестікке сәтті қатысуға мүмкіндігі зор. Біз сыртқы нарыққа жыл сайын экспортталатын 60 мың тонна ет жайында айтып отырмыз», – деп атап өткен болатын.
Бұл ретте, айтпаса да түсінікті еліміздегі ветеринарлық қауіпсіздік жүйесін жетілдірудің қазіргі жағдайы мен болашағы бәрімізді толғандырары сөзсіз. Қазақстан аграрлық мемлекет болғандықтан, ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің жартысына жуығы мал шаруашылығының үлесіне тиесілі екендігі баршаға аян.
Жасыратыны жоқ, егемендік алған алғашқы жылдарында мал шаруашылығы біраз тұралап қалды. Соның ішінде малды емдейтін ветеринария саласының ахуалы тіпті көңіл көншітпейтін халге жетті. Енді, міне, сол кемшіліктің орнын толтыру жолында қыруар жұмыстар жасалуда.
Ауылдық жерлерге ветеринар мамандар тартылып, белгілі бір мөлшерде айлық жалақы тағайындады. Сонымен қатар, кеңсе беріліп, көлікпен қамтылды. Енді тек мамандардың жұмыстарын жауапкершілікпен атқаруы тиіс.
Осы тақырып төңірегінде аудандық әкімдіктің мәжіліс залында көшпелі мәжіліс өтті. Қызылорда облыстық ветеринария басқармасының басшысы Е.Апетовтың төрағалығымен өткен жиынның мақсаты – жануарлар мен адамға ортақ аса қауіпті жұқпалы аурулардың және Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу, болдырмауды көздеді. Атап айтқанда, құтыру, сібір жарасы, оба, туберкулез, сарып, аусыл, пастереллез, эхинококкоз, күл, қарасан, брадзот, эктима, маңқа және өзге де кеселдер жайлы болды.
Басқосуға облыстық жұмылдыру дайын­дығы басқармасының орынбасары Ғ.Жаңабаев, денсаулық сақтау басқармасының жұқпалы аурулар бөлімінің басшысы А.Қарабұзауқызы, ҚР АШМ ВБжҚК Қызылорда облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Ж.Сәрсенбаев, ҚР АШМ ВБж ҚК «РВЗ»РМК Қызылорда облыстық филиалының басшысы М.Шатенов және ауылдық округ әкімдері, ветеринария бөлімінің басшысы Ж.Әбен, бөлім мамандары, ШЖҚ «Шиелі аудандық ветеринариялық станциясы» КМК басшысы Б.Бекхожаев, ветеринариялық пункт меңгерушілері қатысты.
Жиынды алғысөзімен ашқан Е.Апетов жануарлар мен адамға ортақ аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу, болдырмау жөнінде облыс көлемінде атқарылып жатқан іс-шаралар жөнінде хабарлама жасап, жалпы облыс көлемінде эпизотиялық ахуал тұрақты деп саналатындығын жеткізді. Дегенмен, көтерілген мәселенің маңызына тоқталып, жалпы күн тәртібінен түспейтіндігін атап өтті.
Мұнан әрі аудан әкімінің орынбасары Т.Жағыпбаров аудандағы іс-шаралардың жоспарға сай жүргізіліп жатқанын хабарлап, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының алдын алу мақсатын­да жүргізілген залалсыздандыру жұмыстары­ның кестеден ауа райының қолайсыз салқын болғандығына байланысты бір аптаға кешіккенін, алдағы уақытта залалсыздандыру жұмыстарының толық атқарылатындығын айтты.
Ал, Ж.Сәрсенбаев жиналған жұртты облыс көлеміндегі атқарылып жатқан іс-шаралардан хабардар етті. Сонымен қатар, ветеринар мамандарды малдарға екпе жүргізу кезінде вакцинаны сақтау, тасымалдау, көлемін толық егу кезінде жалпы ветеринариялық-санитариялық ережелерге сай жұмыс жасауға шақырды.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы жөнінде әңгіме өрбіткен Ғ.Жаңабаев облыс көлемінде залалсыздандыру жұмыстары 139 елді мекенде жүргізіліп жатқандығын алға тартты. Келтірген дерекке сүйенсек, Шиелі ауданында 25 елді мекенде 44,6 миллион қаржы жұмсалатын көрінеді. Осы тұста айта кететін жайт, ауылдық округ әкімдерінің залалсыздандыру жұмыстарына дайындықты дұрыс жүргізу керектігі, яғни мал басы, қора жай, мал жиналатын орындардың тегіс қамтылуын ұйымдастыру жөнінде баса айтылды.
Бұдан кейін хабарлама жасаған А.Қарабұзау­қызы Конго-Қырым геморра­гия­лық қызбасы ауруымен мал ауырмағанымен тасымалдаушы екендігіне тоқталып, осы аурудың клиналық белгілері, оны емдеудің қиындығын, вакцинасының жоқтығын, жалпы аурудың басталуы мен аяқталуы жайында жан-жақты тоқталып, бұл аурудың қайғымен аяқталуы мүмкіндігін ескертті.

Облыс буферлік аймақ санатынан шықты. Енді мал шаруашылық өнімдерін экспорттауға толықтай мүмкіндік бар. Дегенмен, ауылдық аймақтарда мал өлекселерін ережесіне сай көміп, көзі жойылса. Сонымен қатар, малды суға түсіретін ванналарды көптеп қолданысқа енгізсе, не болмаса ауруларға қарсы вакциналарды уақытылы пайдаланып отырса, құба-құп болар еді. Өйткені, ветеринария саласы салғырттықты көтермейді. Аталған жиынның қорытындысы осы мазмұнға саяды.

Дина ЖҮСІПОВА.
Сурет Б.БӘЙІМБЕТТІКІ.
06 маусым 2018 ж. 1 242 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930