Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ветеринария – бүкіл адамзатты емдейді

Ветеринария – бүкіл адамзатты емдейді


Елбасы  Н.Назарбаев халыққа жолдауында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыру және ветеринария жүйесін жетілдіру  жөнінде атап айтқан болатын. Осы мақсатпен жыл сайын аудан көлемінде он үш түрлі (құтыру, лептоспироз, листериоз, пастрелиоз, сібір жарасы, күл, қарасан, оба, эккима, брадзот, туберкулез, маңқа, эхинококкоз)  жұқпалы ауруларға қарсы ветеринариялық алдын ала егу, диагностикалау, бірдейлендіру бойынша тұрақты түрде қаржы бөлініп келеді. Малдың саулығына кепілдік беретін бірден-бір сала – ветеринария десек, осы  сала бойынша аудандағы  атқарылып жатқан қызметтер легімен аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Жұпарбек Күзембайұлы  Көкшоқыдағы баспасөз конференциясы залында өткен брифинг барысында  мәлімдеді.

Жыл басталғалы аудандағы эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мал базарына, орталық базардағы ет сату павильондарына, мал өнімдерін сататын сауда нүктелеріне, тері қабылдау пункттеріне  ветеринариялық бақылау қолға алынып, 285 бас мүйізді ірі қара, 10 бас жылқы, 102 бас уақ мал еттері, 7 бас түйе, 16710 кг балық сараптамадан өткізілгені туралы айта кетті.
– Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстары бойынша қазіргі таңда 4813 бас ірі қара мал, 7112 бас уақ мал, 315 бас жылқы, 234 бас шошқа, 20 бас түйе бірдейленіп, компьютерлік базаға енгізілді. Сонымен қатар, 10 000 бас жылқы төлдерін бірдейлендіруге  «чип» қондырғысы орнатылды. Бұрын жылқының 8 жерін таңбалайтын едік, бұл әдіс өте тиімді болды.  Алдағы уақытта басқа да малдың түрлеріне қолдану жоспарланып отыр. Бірақ, ақылы түрде жүргізіледі, – деді аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Жұпарбек Күзембайұлы.
Сонымен қатар, иесіз қаңғыбас ит, мысықтарды жоюға аудандық бюджеттен бөлінген  3 млн. 396 мың теңге қаралып, жыл басынан бастап 617 бас иесіз қаңғыбас иттер мен 4 бас мысық ауланып, 1500 бас итке дегельминтизация жұмыстары жүргізілді. Бұл бір жағынан жұқпалы аурулардың таралмауына, екінші жағынан аудан тұрғындарының қауіпсіздігіне  септігін тигізіп отыр.
Сарып (бруцеллез) ауруына қарсы қан үлгілері мен диагностикалық тексерудің жұмыстары 27520 басқа орындалып, барлығы 9 бас ірі қара мал мен 3 бас уақ мал осы ауру бойынша оң нәтиже беріп, ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай Түркістан облысы, Сайрам ауданы «Замин» ЖШС-де сойылып қайта өңдеуге өткізілген. Одан бөлек 1000 бас жылқы маңқа ауруына аллергиялық әдіс бойынша тексеруден өткенін сөзге тиек етті.
Шиелі ауданы бойынша биыл 17 елді мекенде Конго-қарым қанды безгегінің індет ошақтары анықталды. Алдын алу мақсатында мал қоралары мен мал жиналатын орындар механикалық тазалаудан өтті. Биылғы жыл ауа райының ерте жылығанына байланысты дезинфекциялау жұмыстарын  8 сәуірден бастаған. Тағы да айта кететін жәйт, барлық елді мекенде, шаруа қожалықтарында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жоспарға сай рейдтік қызметтерді жергілікті полиция мен ветеринария бөлімінің қызметкерлері  бірігіп атқаруда. Соның нәтижесінде  сырттан құжатсыз мал тасымалдағаны үшін 64 заң бұзушылық анықталып отыр.
«Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» дейтін қазақ қорасындағы малдың жем-шөбіне, ішер суына,  дерті бар малдың ем-домына  аса мән беріп, аман сақтауға асқан ұқыптылықпен, жоғары жауапкершілікпен қараған. Соның бір септігі болар, қазіргі таңда  ауданда ветеринария саласында біршама қарқынды даму  байқалады. Бөлім басшысы өңірдегі  төрт түлік малдың қарасын көбейтуге барынша күш жұмсалып жатқанын  да айтты.
Заңға сәйкес санитарлық-эпидемияға қарсы типтік жобадағы мал өлекселерін көметін  арнайы орындар салынуға тиісті. Осыған орай, ауданға қажетті  22 мал қорымының төртеуі, яғни, Талаптан, Керделі, Жақаев, Гигант ауылдарында  типтік жобада салынып отыр. Қалғандары қарапайым шұңқырлар. Қазіргі таңда  осы мәселеге көптеп көңіл бөлініп, мемлекеттен едәуір қаржы бөлінуде. Жиын соңына қарай Жұпарбек Күзембайұлы осы секілді бірқатар алдағы атқарылатын жұмыстарға да тоқтала кетті.
Төрт түлікпен біте қайнасып өмір сүріп, олардың еті мен сүтін, терісін қажетімізге жаратқандықтан, малдың кеселі өзіміздің денсаулығымызға да кесірін тигізуі мүмкін.  Академик К.Скрябиннің «Медицина – адамды, ал, ветеринария – бүкіл адамзатты емдейді»  деген қанатты сөзінен  ветеринария саласы атүсті қарауға болмайтын, өте жауапты мамандық екендігін аңғаруға  болады.

Фариза КЕНЖЕШОВА.
27 сәуір 2019 ж. 1 653 0