Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Малы саудың жаны сау

Малы саудың жаны сау


Мал бағу қазақ халқының негізгі кәсібі. Бүгінде малды баптап, жем-шөбін әзірлеп, оларда кездесетін түрлі аурулардан басын аман сақтап қалу жолында күрескен қазақ «Малы саудың – жаны сау» деген қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырған. Ал, сол малдың саулығына кепілдік беретін бірден-бір сала – ветеринария.
Елбасы халыққа жолдауында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыру және ветеринария жүйесін жетілдіру жөнінде атап айтқан болатын. Бүгінде, аудан бойынша ірі қара – 65300, қой мен ешкі – 92114, түйе – 1454, жылқы – 18520 басты құрап отыр. Көрсеткіштерге зер салсақ мал басы артқан. Негізінен бірдейлендіру дерек қорының базасына мал саны, күнделікті тіркеліп, қосылып отырды. Асырап отырған малының саулығы ол отбасының ғана емес, бүкіл халықтың саулығының негізі. Себебі, мал – халықтың тұрмыс-тіршілігі, күнкөріс көзі болып саналады. Әрбір жеке және заңды тұлға «Ветеринария туралы» Заңның 25-бабына сай Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiрудi қамтамасыз етіп, сондай-ақ жаңадан мал сатып алса, не біреуге сатса мал дәрігеріне хабарлап отыруға міндетті. Сондай-ақ шаруашылықтарда ветеринариялық шараларды сапалы әрі уақытылы жүргізіп, сырғалау мен таңбалау, жануарларын бірдейлендіру маңызды. Жекешелендіру басталғанда мал дәрігеріне ешкім көңіл бөлмеді. Нәтижесінде ауру көбейді. Қазіргі таңда, аудан бойынша мал ұрлығы қылмыстарының дер кезінде ашылмауы ұрланған малдардың есепке алынбауында және де мал төлдерін мал иесі уақытылы жергілікті жердегі ветеринар мамандарға көрсетпеу салдарынан төлдерді бірдейлендіру дерекқор базасына сырғаланып немесе таңбаланып енгізілмей қалатынын айтады сала басшысы.
– Қазіргі кезде Шиелі ауданы бойынша наурыз айынан бастап эпизоотиялық және энзоотиялық ауруларға қарсы екпе жұмыстары, диогностикалық іс-шаралар жоспарға сәйкес ҚР Үкіметі бекіткен тізбесімен 14 түрлі аса қауіпті жұқпалы ауруға қарсы екпе тегін жүргізілуде. Сонымен қатар, облыстық бюджет есебінен жергілікті жерге тән энзоотиялық 6 түрлі ауруларға тегін дауалау жүргізіледі. Ветеринария саласының рөлі тек қана ауыл шаруашылығында ғана емес, сонымен экономикалық, биологиялық, медициналық тұрғыдан да маңыздылығы жоғары екенін оқырман назарына жеткізуді жөн деп есептеймін, – дейді «Қызылорда облысы ветеринария басқармасының Шиелі аудандық ветеринариялық станциясы» ШЖҚ КМК директоры Б.Бекхожаев. Бүгінде аудандағы мамандардың жұмысы енді-енді дұрысталып, оларға жүктелген жауапкершілікте жоғарлауда. Мамандар қазір малдардан қан алып, уақтылы вакциналарын салып, емдеу жұмыстарын жүргізуде. Осылайша жануарлар әлемінің саулығын қызғыштай қорғайтын мал дәрігерлерінің де мәртебесін де назарға алуымыз керек.

Шапағат ТІЛЕУБАЙ
29 наурыз 2021 ж. 458 0