Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Дерматит дерті дендемесін

Дерматит дерті дендемесін

Бүгінде мал шаруашылығы туралы сөз қозғалса, оларға жабысатын кеселді де тілге тиек етеміз. Себебі, жер басып тіршілік етіп жүргендіктен төрт түліктің де температурасы көтеріліп, асқа тәбеті жоғалады. Осылайша батпандап кіріп, мысқылдап шығатын аурудың кесірінен қорадағы малдан айырылып қалу да ғажап емес.
Естеріңізде болса, газеттің өткен санында «Мал басы аман ба?» тақырыбымен мал үшін қауіпті ауруларды тарқатқан болатынбыз. Аталған мақалада бірнеше дерттің атын атап, түсін түстедік. Ветеринария бөлімі онымен қалай күресіп жатқандығы жөнінде де жаздық. Ал бүгін біз нодулярлы дерматит дертін тақырыпқа арқау етпекпіз.
22 тамыз күні КТК арнасынан Солтүстік Қазақстанның сиырлары белгісіз ауруға шалдыққанын хабарлаған еді. Мұны мал дәрігерлері анықтай келе, нодулярлы дерматит деген диагноз қойды. Әуелі аталған аурудың тарихына үңіліп көрелік.
Нодулярлы дерматиттің алғашқы белгісі 1929 жылы Мадагаскар мен Солтүстік Родезияда байқалған. Ал Қазақстанда бұл ауру 2016 жылдан бас­тап тіркелген. Ең әуелі Атырау облысы, Құрманғазы ауданында пайда болған.
Жарлының жалғыз сиырын сұлатуға қауқарлы кесел қауіпті. Ал адам мен уақ малға төнетін қатер жоқ. Егер Зеңгі баба ұрпағының денесінде түйнекті ісік пайда болып, қызуы көтерілсе және ауыр тыныс алса, дерматит дерті жабысты дей беріңіз. Себебі, бұл аурудың алғашқы белгілері. Сонымен қатар сиырдың көзінен сулы бөлінділер ағып, азықтан бас тартуы да кеселдің келгенінен хабар береді. Одан әрмен қарай малдың жағдайы жақсаруы неғайбыл. Өйткені, ауру ішке түсіп кетуі әбден мүмкін. Бұдан бөлек кейбір жануарлардың кеуде, кеуде асты, желін, сыртқы жыныс органдарының маңы мен аяқтар тұсында домбығып ісу бас­талады. Аурудың ауыр ағымына өту кезінде ауыз қуысы, тыныс алу және ас қорыту жолдары зардап шегеді. Егер өкпе қатты домбығып кетсе, малдың өліп қалуы ықтимал. Сол себепті малдың денесінен көңілге күдік ұялататын белгі байқағанда, дереу мал дәрігеріне хабар беру қажет.
Мүйізді ірі қара малы аталған дертке душар болмау үшін, ең абзалы алдын-ала вакцина салдыру. Бұл тұрғыда Шиелі ауданы биыл 55 000 ірі қараға люмпивакс вакцинасын салуды жоспарлаған. Оның қазіргі таңда 50700-і жүзеге асып, қалған 4300-і кезек күтіп тұр. Аудандық ветеринария бөлімінің мәлімдеуінше, Шиеліде дерматит дертінен өлген сиыр жоқ. Мұның барлығы екпе және түсіндіру жұмыстарының тұрақты һәм уақытылы жүргізіп отырғанының арқасы. Сондай-ақ ветеринария бөлімі тұрғындарға аурудан сақтануды тоқтатпағанын жөн санайды. Ол үшін қорадағы сиырды бірдейлендіруді қолға алған дұрыс. Әрі сатып алған немесе сатуға шығарған малды арнайы мал дәрігерінің тексеруінен өткізген артық етпейді. Айта кеткен жөн, дерматит ауруын таратушылар көбіне жан-жақтан келген мүйізді ірі қара малы екен. Негізінен бұл дерт сүті арқылы бұзауға, тіптен қан мен сілекей, су, жем, жақын тұрған малдардан бір-біріне тыныс алу жолы арқылы жұғады. Ал маса, сона немесе басқа жәндіктер арқылы жұғуда белсенділігі төмен.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді қазақ. Әрине, бұл жұмыр басты пенде үшін айтылған. Алайда, денесіне дерт жабысып, денсаулығы сыр бергенде, тілсіз тіршілік иесінің өзі дегбірсізденеді. Сол себепті аста төк азық пен шаш етектен келетін пайда көрсетіп отырған мал басының амандығына жіті назар аударайық.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
27 тамыз 2019 ж. 960 0