Дүрбелең туғызған дерт
Қоғамда дүрбелең туғызған менингит дерті жайында халық арасында көп таралуда. Ол өте қатерлі ми ауруы. Бұл ауруға көбіне балалар тез шалдығады екен. Бүгінде әлеуметтік желіде үздіксіз тарап, үрей туғызған дерттің белгілері анықталып, алдын-алу шараларын ұсынуда. Алматылықтарды сарсаңға салған сырқат бойынша 2018 жылы 58 жағдай тіркеліп, 12 адам көз жұмғанын ҚР денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов хабарлаған болатын. Дәл осы аурудың белгілері байқалып, Қызылорда қаласында да 1 адам ажал құшқан еді. Осы орайда аудандық аурухана қызметкерлерімен аурудың алдын-алу мақсатында баспасөз орталығында брифинг өтті.
Аудандық аурухана жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі Айгерім Айтжанова:
Миқұрт ауруы биыл ғана белең алды деген жаңсақ пікірден аулақ болғанымыз дұрыс. Себебі, бұл сырқатпен ауырған жандар өткен жылы да болды. Тек көрсеткіш тез көтеріліп, әлеуметтік желілерден үздіксіз таралуы халыққа үрей туғызғаны рас. Жалпы, ауру екi түрге бөлiнедi. Жедел және созылмалы болатын бұл аурудың ең күрделiсi мида iрiңдi түрде болатын менингиальдық синдромы. Менингит — құрт ауруының түрi. Науқастан әл кетiп, шаршап, тез терлеп, дене қызуы көтерiлiп ұзақ уақыт жүредi. Бас сүйек iшiндегi қан қысымы ұлғайғанда барып анықталады. Аурудың алғашқы белгiлерi — ауру жұққаннан кейiн 10-12 күннен соң ағзада бас ауру, лоқсу, ауыз құрғап, қызу көтерiлу, дауыс қарлығып, өңi бозару секiлдi инкубациялық кезең өтiп, денеде қызғылт түстi дақтар пайда болады. Дене қызуы 40 градусқа жоғарылап, бұлшық еттері қысыла бастайды. Дер кезiнде емделмесе көп жағдайда мүгедек болып қалуы да мүмкiн. Жарыққа қарай алмай, қатты дауыстан қорқып, есiнен адаса бастайды. Бұл белгi iрiңдi менингитті білдіреді.Менингит басқа аурулардың, яғни шешек, мысқыл (шықшыт безінің қабынуы), көкжөтел немесе құлақтың қабынуы сияқты аурулардың асқынуынан болады. Бұрындары бұл аурудың емі табылмағандықтан, менингитке шалдыққан адам ұзақ өмір сүрмеген екен. Бүгiнгi таңда жетiлген медицинаның көмегiмен күн санап айығып жатқан адамдар саны артып келедi.
Менингит қалай жұғады?
Менингит – тұмаудан толық жазылмаған жағдайда, тазалық сақталмаған, көп адам жүретін жерде, кейде денеге түскен жарақаттан, құрт ауруынан және іш сүзегінен пайда болады. Көбiне суықтан пайда болатын ауру ми мен жұлынның жұмсақ қабықтарының қабынуынан туындайды. Сонымен қатар, менингит бактериясы жөтелу кезiнде ауа арқылы жұқпалы түрге алмасады. Мұрынға түскен бактерия жұлынға жетiп, қан айналымына енiп, қоздырғыштарды күшейтедi. Менингиттiң жұқпалы түрiне шалдыққан адамнан ауру жан-жақа тез таралады. Сонымен қатар,бассейн, көлдерге суға түсуге болмайды. Бұл жерлерде міндетті түрде бактериялар болады. Жеке бас гигиенасын сақтай отырып, жеміс-жидек пен көкөністерді мұқият тазалап, тамақтанар алдында қол жууды да ұмытпағанымыз абзал. Күнделікті қарапайым бұл қағидалардың өзі сырқаттан сақтанудың жолы екенін ескергеніміз жөн – дейді, аудандық аурухананың эпидемиолог дәрігері Жанар Шохаева.
Түйін: «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» – деген дәрігерлер ауруға қарсы вакцина салынып жатқандығын да тілге тиек етті. Әзірге бұл вакцина Шиелі ауданына келмеген. Алайда, оны Қызылорда қаласы №6 емханада 23 мың теңге көлемінде, арнайы маманның қарауымен қабылдауға болады. Сондай-ақ, бұл қоздырғыш вирустың өте төзімсіз екендігін, қатты ыстықта жойылып кететінін естіп, көңіліміз жай тапқандай болды. Халық арасында аурудың белгілерін, алдын-алу жолдарын түсіндіру мақсатында дәрігерлер де біршама жұмыстар атқарып жатқандығын жеткізді.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
Сурет Б.БӘЙІМБЕТТІКІ.