Мерез мезі етпесін
Қаймағы бұзылмаған қазақы облысымызда атынан адам ұялатын мерез ауруы асқынып барады. Бұның себебі неде? Көптің көңілінде жүрген түйткілді жайттың жай-жапсарын жалпақ жұртқа түсінікті етіп тарқатып көрелік.
Мерез – жыныстық жолмен берілетін инфекциялық ауру. Бүгінгі күні жыныстық аурудың 20-дан астам түрлері бар. Әсіресе, оның соз, трихомоноз, ЖИТС және АИТВ сияқты түрлері жиі кездеседі. Ауруды асқындырып алмау қажет. Себебі, жыныс мүшелері арқылы беріліп, организмге түгел жайылған кеселді кері қайтару оңай болмайды. Тіпті, халықтың өз денсаулығына немқұрайлы қарауы да аурудың алдын алуға қолбайлау болып тұр.
Кейде бір қарағанда сап-сау болып көрінген адамдар, шын мәнінде, ауру таратушы тасымал көзі болуы әбден мүмкін. Ауру адамның қасында жүрген аса қауіпті. Себебі, өзінің дертке шалдыққанын ол науқас сезбейді. Естеріңізге сала кетейік, ауру жыныстық қатынас арқылы басқа адамдарға жұғады. Десек те, бұл дертке селқос қарауға болмайды. Ауру басқа жолдармен де келесі сау организмге жұғатынын естен шығармаған жөн. Мерез адамның қаны, ананың сүті арқылы да жұға береді.
Жастарды болашаққа балайтын болсақ, аталған ауру бедеу көріктілер мен белсіз бөріктілердің көбеюіне сеп болып тұр. Бұлай дейтініміз, аурудан айығуға күш салмасаңыз, асқынып, ұрпақ жалғау мүмкіндігінен айырады. Жүйкеңізді жұқартып, бауырыңызды ірітеді.
Бұл тақырыпты қозғауымыздың өзіндік себебі де жоқ емес. Аудан әкімі Әшім Оразбекұлы жуырда өткен кезекті комиссия отырысында:
– Бұған дейін жаман ауруды ұят болады деп, жасырып келдік. Жасырудың соңы жақсылыққа апармай отыр. Ауданымызда бір ғана мерез ауруымен ауыратын қаншама жан бар. Олардың дені жастар екені қынжылтады. Әскер қатарына жіберілетін жігіттерге қойылған межені орындай алмауымыздың бір себебі – осы. Бұрындары тек кент тұрғындарынан кездесетін бұл ауру ауыл жастарынан да анықталып жатыр. Бұлай жалғасудың жөні жоқ, – деп, аудандық денсаулық сақтау бөліміне, кент және ауыл әкімдері мен имамдарына қатаң тапсырма берді.
Бұл мәселе тек жауапты сала мамандарын ғана емес үйдегі ата-ананы да алаңдатуы тиіс. «Қызым үйде, қылығы түзде» демекші, баласының кімдермен дос екенін, бос уақытында немен айналысып жүргенін бақылап отырған жөн. Әйтпесе, қазіргідей шектеусіз ақпараттың заманында, Құдай бетін әрі қылсын, балаңыздың тура жолдан әп-сәтте тайқып кетпеуіне кім кепіл? Айтып-айтпай не керек, осындайда әңгіменің төркіні тәрбиеге келіп тіреледі. Рухы биік, иманы берік адам кез келген жағдайдың дұрыс шешімін тауып, тура жолдан адаспайтыны анық.
Түйін. Ертеректе аталарымыз адамзатқа аса қауіпті кеселдердің атын атамайтын. Ілуде бір кездесетін дертке халықтың құлағы үйренбегеннен болар. Ал, қазір етіміз де, өзіміз де үйрендік. Емі де табылып жатыр. Десек те, зиналық жолмен жұғатын жаман аурулардың көбеюі жағамызды ұстатуда. Сондықтан, ең болмағанда таза жүріп, ақ адал іспен айналысқан жөн-ақ. «Сақтансаң, сақтаймын» дегенді де әсте естен шығармағанымыз жөн.
Хан Сәбит.