Заманның зардапты зауалы
Адам баласы өмірге келгесін өседі, өнеді, көбейеді, қартаяды және мәңгілікке аттанады. Сол аралықта аурудың сан түрін көріп, ем іздеп, арпалысатын уақыт болады. Осы күні ғасыр дертіне айналған, емі әлі табылмаған СПИД ауруы үлкен мәселеге айналды. Алаңдатарлық аурудың алын алу мақсатында «Өскен өңір» редакциясында түсіндірме шарасы өтті.
АИТВ инфекциясының алдын алуда пәрменді іс-қимыл жасау мақсатында 10 қараша мен 10 желтоқсан аралығында «АИТВ – статусыңды біл!» ұранымен Дүниежүзілік СПИД-ке қарсы күрес компаниясы өтуде. ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықтың Шиелі аудандық филиалының меңгерушісі А.Сәдуақас арнайы жұмыс кестесін құрып, өз жұмысына белсене кіріскен болатын. Осыған орай «Өскен өңір» редакциясында да арнайы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, сұрақтарға мардымды жауаптар алынды.
ЖИТС – қазіргі уақытта ғасыр дертіне айналып отыр, және жылдан-жылға ғасыр дертінің өсу үрдісі байқалады. Әлем ғалымдары АИТВ жұқпасына қарсы тиімді дәріні жасауға жұмыстар жүргізіп біршама жетістіктерге жеткенімен, бірақ, ауруға қарсы нақты екпе табылған жоқ. Сол себепті АИТВ-ның алдын алу инфекциядан сақтанудың ең тиімді және кепілдендірілген жолы.
Қызылорда облысы бойынша 2018 жылдың 10 айында 17 тіркелсе, 2017-ші жылы 19 тіркелген.
Өсу үрдісімен 31-ші қазан 2018 жылға Қызылорда облысында барлығы 173 адам тіркелген, оның ішінде шетел азаматтары – 30, жасырын тіркелгендер – 4, Қазақстан азаматтары – 139, оның ішінде облыс тұрғындары – 126, басқа облыстан келгендер – 13, аудандар кеcімінде Арал – 7, Қазалы – 10, Қармақшы – 6, Жалағаш – 1,Сырдария – 2, Шиелі – 11, Жаңақорған – 6,Қызылорда қаласынан – 83 тіркеліп отыр.
Мамандардың сөзінше, республикада да, біздің облыста да АИТВ-ның індеттік жағдайы күрделеніп келеді. Оның ішінде біздің ауданда облыстағы басқа аудандардың арасында жоғарғы көрсеткіш көрсетуі, яғни, өсу үрдісімен осы уақытқа дейін тіркелген 11 адамның 2-уі жұмысшы, 1 әскери қызметкер, 4 жұмыссыз, 1 зейнеткер, 2 жүкті әйел, 1 бір жасқа дейінгі бала болғаны, бұл ауру жасқа да, әлеуметтік статусқа да қарамайтыны сонымен қатар, соңғы төрт жылда 8 жағдай тіркеліп отырғаны алаңдатарлық жағдай.
Осыған орай мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру мақсатында барлық деңгейдегі лауазым иелерінің, жауапты мамандардың аурудың алдын алуда, тұрақтандыруда, ерте анықтауда кәсіби жакапкершілігін арттыруды қажет етеді.
Аталған дерттің инфекциясы қоғамдық денсаулық сақтаудың маңызды проблемасы болып қалып отыр. Қазақстанда АИТВ инфекциясының таралу деңгейі төмен және тұрақты деп есептеледі, дегенмен, жоғарыдағы нақты эпидемиологиялық деректер АИТВ инфекциясының одан әрі таралуын дәлелдейді. Жыл сайын анықталатын жағдайлардың саны төмендемей, Қазақстанда эпидемияның дамуы әлемдегі барлық елдердегідей жыныстық жолмен жұқтыру жағдайларының артуымен сипатталады. Диагностикаланған АИТВ инфекциясы жағдайларының орта есеппен 80-90% жыныстық жолмен және басым көпшілігі 15-49 жас ерекшелік тобында анықталған.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп бекер айтылмаса керек. Ұлт үшін, ұрпақ үшін алаңдаған адам уақтылы тексеруден өтіп тұруы қажет. Иммунитеттің мықтылығына қарай бұл аурудың да әсер етуі кешеуілдей береді. Сондықтан да, АИТВ/ЖИТС-ті болдырмау үшін профилактикалық іс-шараларды насихаттау шараларын өткізумен, ақпараттану деңгейін арттырумен, салауатты өмір салтын жарнамалаумен, есірткіден және кездейсоқ сексуальдық байланыстардан бас татру, тұрақты серіктесінің денсаулығы туралы қамқорлық жасаумен жалғасуға тиіс. Жұқтырылған ауруды емдеуге қарағанда, АИТВ-ны жұқтырудан сақтану анағұрлым пайдалы және тиімді екенін баршамыздың білгеніміз жөн.
Бекжан Ержігіт.