А вирустық гепатиті жайлы ата-аналарға не білу қажет
А гепатитін лас қол ауруы немесе сарыауру деп те атайды. Ол аурумен кез келген жастағы адамдар, бірақ балалар мен жеткіншектер жиірек ауырады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының баспасөз қызметінен хабарлағандай, инфекция көзі ауру адам болып табылады. Гепатит вирусы ағзадан ішек арқылы шығады және нәжістен табылады.
Дені сау адамның ағзасына ол ас қабылдау кезінде, сондай-ақ вируспен ластанған тамақпен және сумен лас қол арқылы енеді.
Науқастың тәбеті нашарлайды, оң жақ қабырға астында ауырсыну, лоқсу, жиі құсу пайда болады және дәретінің сипаты өзгеріп, нәжісі түссізденеді, несебі күңгірттенеді, көздің ағы сарғыш түсті бола бастайды.
Кейде дерттің басталуы гтұмауға ұқсас болады. Бұл кезеңде науқас қоршаған адамдар үшін өте қауіпті, себебі вирус ағзадан ерекше қарқынмен шығарыла бастайды.
Ауру сарыаурудың белгісі білінбей-ақ, жасырын түрде өтуі мүмкін.
Аурудың алғашқы белгісі пайда болған кезде дереу дәрігерге жүгіну қажет. Науқас баланың мектепке дейінгі балалар мекемесінің тобында немесе мектеп сыныбында қасындағы барлық балаға ауру жұқтыру қауіптілігін тудырады. Сырқаттың қауіптілігін ескере отырып, өздігінен емделуге жол бермеу қажет.
Маңызды:
-Жеке бас гигиенасының ережелерін орындау, бірінші кезекте, қолды жиі жуу, әсіресе ас әзірлеу кезінде;
- Тағамға тек таза көкөністер мен жемістерді пайдалану; қауіпсіз ауыз су тұтыну және кездейсоқ су көздерінен су тұтыну тәуекелін болдырмау.
- Гепатитке қарсы уақтылы вакциналаудан өту.
Источник zakon.kz