Мал басы аман ба?

Айталық, Шиелі ауданындағы ветеринария бөлімі сарып ауруына қарсы жыл басынан бүгінге дейін қан үлгілері мен диагностикалық тексеруді 88 593 мал басына жасаған. Соның ішінде 3 уақ мал мен 17 бас мүйізді ірі қара малынан сарып ауруының белгілерін байқаған. Оларды ветеринариялық-санитарлық талапқа сай сойған. Ал 1000 бас жылқыны маңқа ауруына аллергиялық әдіспен тексерген.
Бұдан бөлек аудан көлемінде «Эпизоотияға қарсы шаралар» бағдарламасы жүйелі жұмыс істеуде. Ол үшін республикалық бюджеттен 102 млн 481 мың теңге бөлініп, 2019 жылдың басынан қазірге дейін 56 млн 672 мың теңгесін игерген. Ветеринария бөлімі кентте көше кезіп, иесіз қалған үй жануарларына да шара ұйымдастырады. Мысалы, биыл қаңғыбас ит, мысықты жою үшін бюджет 3 млн 396 мың теңге қарастырған. Соның арқасында 6 ай ішінде арнайы мамандар 1209 бас ит пен 4 бас мысық аулаған және 1500 бас итке дегельминтизация жұмыстарын жүргізген.
Адам үшін азық-түлік қаншалықты маңызды болса, оның қауіпсіздігі соншалықты мәнге ие. Бұл орайда күнделікті тұтынып отырған өнімге ыждағаттылықпен қарау керек. Әсіресе, орталық базардан ет немесе мал өнімін алатын кезде сақтық танытқан абзалырақ. Осы орайда эпизоотиялық тұрақтылықты және азық-түліктің қауіпсіздігін сақтау мақсатында аудандық ветеринария бөлімі мал базарына, ет сату павильондары мен мал өнімін сататын сауда орындарына бақылау жүргізіп отырады. Биыл 661 бас мүйізді ірі қара, 15 бас жылқы, 234 бас уақ мал еттері мен 7 бас түйе және 19 630 кг балық зертханалық сараптамадан өткен.
Мал үшін қауіпті аурулардың бірі – Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы. Бүгінде Шиелі ауданындағы 17 елді мекен аталған індет ошағына айналып отыр. Ауру анықталған ауылдарға ветеринария саласындағы қызметкерлер мал қораларға механикалық тазалау жасаған. Сондай-ақ «Төрт түлік белгілері» аталатын мекеме кенеге қарсы дезинсекция жұмысын 2 кезең бойынша жүргізген. Нәтижесінде 28650 бас ірі қара, 745 бас түйе, 336 бас шошқа, 31783 бас уақ мал, 5868 қора, жалпы көлемі 305 663 шаршы метр 182 суат пен шаңлақ залалсыздандырудан өткен. Бұл 17 елді мекеннен басқа аудандағы №18 бекет, Алғабас, Жартыауыл, Алмалы ауылдарында геморрагиялық қызбаның алдын алу мақсатында дезинсекция жасалған. Бұның қорытындысында 2719 бас мүйізді ірі қара, 3 бас жылқы, 2653 бас уақ мал, 738 қора мен 29 суат, шаңлақ залалсыздандырылған.
Бүгінде мал шаруашылығымен айналысып, оның шаш етектен келетін пайдасын көріп отырған адам аз емес. Алайда, солардың арасында заңды белінен басып, құқық бұзушылыққа жол беріп отырғандары да бар. Ол көбінесе ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру барысында кездеседі. Негізінде ҚР-ның «Ветеринария туралы» заңының 25-бабына сәйкес, жеке және заңды тұлғалар қожалықтағы ауыл шаруашылық жануарларын бірдейлендіруге, жаңа сатып алған малды, алған төлді ветеринариялық маманға хабарлауға міндетті. Ал бірдейлендіру үшін ветеринариялық маманға өтініш беру керек. Мал дәрігерлері ауыл шаруашылық жануарларын бірдейлендіру, ветеринариялық паспорт беру жұмыстарын тегін істейді. Қазіргі таңда ауданда 6290 бас ірі қара мен 36 028 бас уақ мал, 2612 бас жылқы, 301 бас түйе және 295 бас шошқа бірдейлендіріп, компьютерлік базаға енгізілген. Айта кеткен жөн, мал иесі қорадаға төрт түлік малды бірдейлендірмеген жағдайда ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» заңының 406-бабына сай жауапқа тартылады.
Әр халықтың өзіне тән кәсібі, соған лайық тұрмыс тіршілігі бар. Қазақ халқы үшін ата кәсіп саналған мал шаруашылығы қадым замандардан бері жасасып келеді, әлі де жалғасуда. Сол себепті қорадағы малдың денсаулығына ден қойып, саулығына сақ болайық.
Маржан
ҚҰРМАНҒАЛИЕВА