Мал бордақылау – кәсіптің кереметі
Мал шаруашылығы ең алғаш Қазақстан жерінде қола дәуірінде пайда болған. Археологиялық қазбалар мен деректерге сүйенсек, қазақ халқы ықылым заманнан мал шаруашылығының үш түрімен айналысқанын байқаймыз. Олардың қатарында көшпелі, жартылай көшпелі, отырықшы мал шаруашылығы бар. Соның ішінде көшпелі мал шаруашылығы жақсы дамығандықтан, қазақ халқы жайылым ауыстырып жүрсе де, төрт түлікті түгел өсірген. Жылдың төрт мезгілінде көшіп-қонып, табиғаттың икемділігіне қарай бағытталып отырған. Қыста қыстауды, жазда жайлауды, күзде күзеуді, көктемде көктеуді мекен еткен. Осылайша кең байтақ дала төсін төрт түлікке толтырып, күнкөріс қамын жасаған. Міне, мал шаруашылығын басты несібем деп санаған қазақтың бұл кәсібі бүгінде де өз маңызын жойған жоқ. Қайта күннен-күнге дамудың даңғыл жолында келе жатыр.
Мал шаруашылығының пайдасы ұшан теңіз екені айтпаса да түсінікті. Ата-бабамыз бұл кәсіпке айрықша назар аударып, жесең – ас, кисең – киім, ішсең сусын болатын төрт түлікті ғасырлар бойы тіршілігіне басты таяныш етіп келгендігі де сондықтан. Елімізде қазіргі күнге дейін мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Малды әр түрлі мақсатта пайдаланады. Солардың бірі – мал бордақылау. Қазіргі таңда ауданда 50 бастан 120 басқа дейін мал бордақылайтын орындар бар. Олардың қатарындағы Керделі ауылдық округінде «Халық», Ақмая ауылдық округінде «Әсет», Шиелі кентінде «Шорабаев Ә» бордақылау алаңдары көш бастап тұр десек қате емес. Сондай-ақ қолдан келгенше кәсіп бастап, елдің экономикасына сүбелі үлес қосуға ат салысып жатқан жеке кәсіпкерлер де жоқ емес. Олар кентте жаңа мал бордақылау алаңын көбейтуде. Мәселен, Бәйгеқұм ауылдық округіндегі «Бәйімбетов», Иіркөлдегі «Жерұйық», Керделідегі «Дидар», Төңкерістегі «Жылқайдаров» алаңдарының бүгінде тасы өрге домалап тұр. Сондай жанның бірі – Бәйгеқұм елді мекенінің тұрғыны Жақсыбек Бәйімбетов. Оның мал бордақылау кәсібімен айналысқанына көп болған жоқ. Бірақ ол аз уақыттың ішінде осы саланы терең меңгеріп, қыр-сырына қанық болған. Сол себепті мал шаруашылығымен айналысу барысында күн тәртібін де ерекше етіп қалыптастырған.
– Мен 2014 жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 5 млн теңге несие алдым. Оның ішінде бордақылайтын мал 50 бас мүйізді ірі қара. Арасында жылқы да бар. Оларды ерекше күтіп, жыл сайын ерте көктемде арнайы егу жұмыстарын жүргіземіз. Санитарлық талапқа айрықша мән береміз, – дейді кәсіпкер.
Одан бөлек Жақсыбек Мейрамханұлы етті кент және Қызылорда қаласының базарына өткізеді екен. Ет жемесе түсіне кіретін қазақ болғандықтан, оның ет өнімі тұтынушының көңілінен шығып отыр. Алайда, кәсіпкердің өз өтініші мен айтар ұсынысы да жоқ емес. Бұл тұрғыда ол:
– Расында, елде кәсіпкерлерді қолдау жұмыстары көп. Әсіресе, мал шаруашылығына ерекше мән береді. Көріп, біліп жүрміз, малды асылдандыру үшін, оның басын көбейту үшін несие алып жатқандары қаншама? Бірақ соның арасында малды бордақылау мақсатында қайтарымсыз грант ұтып алғандарды кездестірмейсіз. Міне, осыны үкімет қолға алса екен. Сол сәтте аталған кәсіппен айналысып, өз нәпақасын ешкімге алақан жаймай табатындар көбейер еді, – деді.
Қазақ елінің бүкіл болмыс-бітімі, тұрмыс-тіршілігі малмен байланысты екені баршамызға аян. Алайда, екінің бірі тәуекелге бел байлап, оны кәсіпке айналдыра бермейді. Олай болса төрт түліктен табыс тауып отырған жандарды неге қолдамасқа?
Фариза КЕНЖЕШОВА