Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мал баққанға бітеді

Мал баққанға бітеді



Қазақ халқы әу бастан мал баққан, сол арқылы жан баққан халық. Кең байтақ даласының шөбі шүйгінді, жері құнарлы. Төскейін төрт түлікке толтырып, ел ырызығын еселейтін ауылшаруашылығының берік тағаны –мал шаруашылығы. Сондай-ақ, халықты азық-түлікпен, жеңіл және тамақ өнеркәсіптерін шикізатпен қамтамасыз етеді.
Көшпелі қазақ халқы жазда жайлауға, қыста қыстауға қарай қоныс аударып, мал жаюға ыңғайлана өмір сүрген. Ата-бабамыз бұл кәсіпке ерекше мән беріп, жесең – ас, кисең – киім, төрт түлікті ғасырлар бойы тіршілігіне басты таяныш етіп келгендігі де сондықтан. Соңғы жылдары қайта қолға алынып отырған мал шаруашылығы еліміз алғаш нарықтық қатынасқа көшкен тұста құлдырауды бастан кешкен еді. Дегенмен, бүгінде болашағы зор бұл саланы жандандыруды жолға қойған жобалар жеткілікті. Елімізде 180 млн. га астам жайылымдық жерлер барын ескерсек, отандық мал шаруашылығын дамыту да, арзан ет өндіру де өз қолымызда екендігіне көз жеткіземіз. Бүгінгі таңда «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» сынды тағы басқа бағдарламалар жемісін беруде.
Бұл бағыт біздің ауданымызда да кенже қалған жоқ. Жыл санап кәсіп­кер­лердің қарасы көбейіп келеді. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында қарқынды даму байқалады. 2018 жылдың 1 қаңтарындағы көрсеткішке тоқталар болсақ, мүйізді ірі қара – 49 мың 117 бас, қой мен ешкі – 5 мың 705 бас, түйе – 1321, жылқы – 12 мың 25, құс – 27 мың 555 бас­ты құраған. Мал шаруашылығы саласында серпін бары байқалып-ақ тұр. Үкімет тарапынан қолдау тапқан тиімді бағдарламалар халықтың ата-кәсіппен айналысып күн көруіне, адал еңбекпен нәпақасын табуына үлкен мүмкіндіктер туғызуда. Ет, сүт бағытында жұмыс жасап жатқан кәсіпкерлер де жетерлік. Бүгінгі таңда мал бордақылау орнын ашқан «Күзенбай» шаруа қожалығы, сондай-ақ, «Ару Ана» шұбат цехы шұбатпен қатар сиыр сүтінен құрт, айран, қаймақ сынды өзіміздің өнімдермен аудан тұрғындарын қамтамасыз етіп отыр.Осы бағыттағы «Асылхан» шаруа қожалығының жұмысын да тілге тиек етуге болады.
Аудан әкімі Ә.Оразбекұлының өткен жылды қорытындылау есебінде
«Ауданда агроөнеркәсіп саласын дамыту бағытында 197 майда қожалықтар мен 252 дара кәсіпкердің бірігуімен 28 ауылшаруашылық кооперативі құрылды. Оның 4-і егін шаруашылығы, 3-і мал шаруашылығы, 20-ы аралас және 1-і сүт өңдеу бағытында жұмыс жасайды» – деген болатын. Осы орайда ауданда 1 мал базары, орталық базарда 4 ет сату павильоны, 3 мал сою алаңы, 2 типтік жобадағы мал қорымы жұмыс жасап жатқандығын да айта кетті.
Енді облыс көлеміндегі көрсеткішке көз жүгіртсек, бүгінгі таңда мүйізді ірі қара – 309,6 мың, қой мен ешкі – 586,7 мың, түйе – 42,4 мың, жылқы – 120,5 мың, құс – 112,8 басты құраған. Әсіресе, Шиелі ауданында тұралап қалған «Құлан» бағдарламасы бойынша облыс­та 500 бас жылқы сатып алу жоспарланса, 673 бас жылқы және 56 бас айғыр сатып алынып, меже 134,6 пайызға артығымен орындалды.
Жыл басында облыс әкімі Қ.Көшербаев агро саланы дамытуды қолға алуды тапсырып, міндеттер жүктеген болатын. Мәселен, «Мал тұқымдарын асылдандыру шаралары екі бағытта жүргізіледі. Өнімділікті арттыру мақсатында асыл тұқымды мал тұқымдарын сатып алу және қолдан ұрықтандыру мәселелеріне мән беріледі. Сонымен қатар, мал азығы дақылдары өнімділігін екі есеге дейін арттыру назардан тыс қалмайды. Осындай оңтайлы істердің нәтижесінде мал шаруашылығы саласында игілікті жұмыстарға мүмкіндік жасалып, мал етін экспорттау мәселесі жолға қойылатын болады» – деген еді.

Түйін: Расында, мал баққанға бітеді деп бекер айтпаса керек. Төрт түлігін төлдетіп, мал баққанның несібесі зор болмақ. Тіптен, экономиканы арттырып, шетел асырып экспорттауға да болады. Нақтырақ айтар болсақ, облыс көлемінде 2017 жылы Иран Ислам Республикасына 812 бас қозы, Моңғолияға 300 бас қозы және Біріккен Араб Әмірлігіне 1132 бас қой экспортталған. Ал, биылғы агро саланың қарқынды жұмыс жасауы жоғарыда көрсетілген көрсеткіштің көтерілуіне сеп болар деп сенеміз.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЕВА.
24 сәуір 2018 ж. 3 421 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№80 (9244)

08 қазан 2024 ж.

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031