Түйемен табысын молайтқан кәсіпкер
«Бақырауық демесең, бағалы көлік түйе ғой», «Нары бардың малы бар», «Тамырыңнан түйе сұра, қорыққаннан бие берер», «Көтерем деп түйеден безбе, салтанатың емес пе?» деген мақалдардан түйенің ықылым заманнан қазақ халқының тіршілігінде аса құнды болғанын байқаймыз. Айта кетейік, елімізде түйе шаруашылығы Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Қызылорда облысында жақсы дамыған. Шаруашылықтың тиімді тұсы да сол. Мінсең – көлік, ішсең – сусын, жесең – тамақ, кисең – киім, терісінен тұрмысқа қажетті түрлі бұйым да жасауға болады. Ал өңірімізде Еңбекші, Бала би ауылдары түйе шаруашылығымен айналысуға өте ыңғайлы болғандықтан тұрғындар түйе басын көбейтуге ерекше ден қойған. Сондай түйекештің бірі – Мейрамбек Тілеубайұлы.
Кейіпкеріміз кәсібінің бісмілләсін тайлақпен бастаған кәсіпкер. Бертін келе ойсылқара тұқымын көбейтуді мақсат етеді. Тумысынан қарапайым, сырбаз жігіт бала күнінен мал бағып, төрт түлікті айрықша бағалап, аттың жалында, түйенің қомында жүріп, шаруаға бейім өскен. Бұл саланы таңдауына да түйеге деген махаббаты және қандай да бір іс болсын аяғына дейін апаратын қайтпас қайсарлығы әсер етсе керек-ті. Нәтижесінде кәсіпкер бүгінгі таңда Бала би ауылында шағын асхана ашып, заңды түрде 4-5 адамды жұмыспен қамтып отыр.
– Отбасым еңбекпен келген нанның тәтті болатынын жақсы біледі. Жұбайым Гауһар да өте елгезек жан. Үй шаруасымен қатар, менің жанымда көңіліме жалау, өміріме алау болып жүргені жүрегіме тыныштық сыйлайды. Айтайын дегенім, бүгінгі жетістігім менің ғана ерен еңбегім емес, әуелі Алланың, содан соң отбасымның қолдауымен келген несібе деп білемін. Мен 1998 жылдан бері мал шаруашылығымен айналыса бастадым. Ал 2008 жылы кәсіпкерлікке тіркеліп, тайлақ алдым. Бүгінгі таңда түйенің саны 50-ден асады. Мемлекет тарапынан қаржылай көмек алып, мал шаруашылығын одан әрі дөңгелете әкеттім. Айтуға оңай болғанмен мұның астында үлкен тер мен еңбек жатыр. Төлдету мен сауынға үйрету кезінде қиындық тудырғаны болмаса, жүнін өндіріске, сүтін аудандағы «Аруана» цехына, қымыранын күнделікті ауыл тұрғындарына, ал етін соғымға пайдаланамын. Қымыран дертке шипа болған соң қазіргі таңда көршілес Шымкент, Алматы, Түркістан облыстарынан да сұраныс бар. Шөлге төзімді, ыстыққа шыдамды, сүті құнарлы болғандықтан төрт түліктің ішінде түйені таңдадым. Жарықтық түйе не нәрсеге де көнбіс келеді ғой, шөп талғамайды, ауруға бейім емес. Дегенмен алдын алу мақсатында жыл сайын көктем мезгілінде мал дәрігерін шақыртып, қажетті дәрісін ектіртіп аламын әрі тазалыққа аса назар аударамын. Себебі тазалық болған жерде несібе болады, – дейді Мейрамбек аға.
Үнемі халықтың қамын жеп, тұрмыс-тіршілігіне белсене араласып, аудандағы ауыл шаруашылығының өркендеуіне, дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан азаматтың айтуынша аудан көлемінде ұйымдастырылатын түрлі сайысқа да демеуші болып, жетім-жесірге қолдан келген көмегін аямайды екен. Бұл түйенің берекелі жануар екенін әрі түйекештің осы жолда тынбай еңбектенуінің арқасы. Қазақ халқы жылқыны қос қанатқа, түйені салтанатқа босқа теңемеген ғой.
Фариза
КЕНЖЕШОВА