Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бота атауларын білесіз бе?

Бота атауларын білесіз бе?


Дана халқымыз төрт-түлік малды қадірлеген. Өйткені, оның басты табысы – мінсе, көлігі, жесе, асы болған төрт-түлік мал. Төрт-түліктің ішіндегі ең шөлге шыдамдысы түйе екені белгілі. Ойсыл қараны пір тұтқан түйе жануарының өз ерекшелігі бар. Түйе қазақтың көшіп-қонуы мен қара шаруасы үшін ертеден-ақ пайдалы көлік екені мәлім. Түйе жолсыз шөл жерлерде жүретін «қара жердің алып кемесі» атанған күшті, шөлге шыдамды, сенімді көлігіне айналған. Түйе баласы – бота. Ботаның да көпшілік біле бермейтін атаулары бар. Біле жүрейік! Арамза бота. Мезгілсіз туған бота. Ақ кемік бота. Енесінің уыз сүтін емін-еркін еміп өскен бота. Қара кемік бота. Енесінің уыз сүтіне жарып-тоймаған бота. Күн қаққан бота. Шілде, тамыз айларында туған ботаның ыссыда көп байланып, күнсіреуін айтады. Бұралқы бота. Адасып келіп басқа түйелерге қосылған бота. Жасық бота. Түйе төлінің ширап оңалмай жүргені. Көк бақа бота. Әр түрлі жағдайға байланысты семірмей өте арық, жалданбаған ботаны айтады. Марқа бота. Мезгілінен үш-төрт ай бұрын боталаған түйенің төлі. Сүт бота. Енесін еміп жүрген түйенің төлі. Толған бота. Сауылып жүрген інгеннің жақсы еттеніп, семірген ботасы. Қызыл шақа бота. Түйенің шала туған жүнсіз жас төлі. Құдыра бота. Мерзімінен бұрын туған ботаның күзге салым тайлақтан кіші, басқа түйе төлінен үлкен болғандықтан осылай аталған. Қос кіндік бота. Буаз түйенің уақытында боталаған төлінің кіндігі біреу болмай, екеу боп туғаны. Құтымсыз бота. Енесін еміп қойып, жөнді сауғызбайтын, жетектесең жетегіңе жүрмейтін тырысқақ мінездісі. Маймақ бота. Аяғының білезік буыны ішке яғни немесе сыртына қарай айналып (қайқайып) тұрғаны. Нар бота. Жалғыз еркешті нар түйеден туған бота. Қоспақ бота. Айыр өркешті түйенің інгені бір туардың бурасына шағылысып кетіп барып, содан шыққан будан. Үлек бота. Таза қанды нар түйенің үлек пен аруананың шағылысуынан туған ботасы. Айыр бота. Таза қанды айыр түйенің бурасы мен інгенінің шағылысуынан туған бота. Жетім бота. Енесі жоқ бота. Өлі жетім. Енесі өліп қалып, басқа боталы түйеге телінбей қалған бота. Тірі жетім. Үнемі жұмысқа мініліп жүретін түйенің үйде қалған ботасы. Кенже жетім. Өте кеш туған ботаның енесі өліп немесе қасқыр жеп, жетім қалуын атайды. Арамза жетім. Басқа буаз түйелерден үш- төрт ай бұрын қыс ішінде боталағаннан кейін, енесі өліп артында тірі қалған бота.

massaget.kz
10 қараша 2017 ж. 11 974 0