Бірлескен күш – нәтижелі жұмыс
Ел экономикасының күретамырына айналған Қазақстан теміржолы – мемлекеттің маңызды саласының бірі. Ел мен елдi, қала мен даланы байланыстырып отырған теміржол қатынасының ел экономикасы үшiн маңызы зор. Бiр сөзбен айтқанда, темiржолдың дүрсiлi – ел экономикасының жүрек қағысын бiлдiредi.«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген мақал еңбекке жең түріп кірісетін тірлігі теміржолмен біте қайнасқан маман иелеріне арнап айтылса керек-ті. Теміржол саласында жергілікті айналым деполарының атқарар жұмысы орасан. Теміржол желісіндегі көлік қозғалысын қамтамасыз ету үшін мұндағы жұмыстар тәулік бойы үзіліссіз жүргізіліп, шойын жолдың шеберлері тыным таппайды. Бұл жерде темірдей тәртіппен жұмыс істейді.
Осынау күннің ыстығы мен суығына, дауылы мен жауынына қарамай, халық игілігі үшін еңбек ететін саланың ардагерлері де бүгінде қоғамнан бір сәтте тыс қалған жоқ. Олар зейнетке шықса да қоғам өміріне белсенділік танытып, мүмкіндігінше қолдау білдіріп келеді. Міне, бүгінгі айтпағымыз шойын жолдың шебері атанып, адал қызмет етіп, зейнетке шыққан ардагерлер жайында.
Жуырда ПЧ-57 мекеме залында Шиелі тораптық ардагерлер кеңесінің кезекті жиыны өтті. Мәжілісте ардагерлер кеңесінің төрағасы Тәңірберген Ақпанов үш жылда атқаралыған жұмыстардың есебін берді. Басқосуға Қызылорда қаласынан келген аймақтық ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Шайжан, аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшелері Болат Күлімбетов, Ғани Есімов арнайы қатысты.
Жалпы аудан бойынша 200-ге жуық теміржол ардагері бар. Ынмағы мен бірлігі жараса көп істі бір кісідей ұйымдасып атқарып жүр. Мәселен, аудан әкімінің қатысуымен өткен Қазақстан теміржолының 10 жылдық мерекесі аудандық мәдениет үйінде атап өтілген болатын. Мерейтойлық жиынға облыстық теміржол бөлімі басшысының орынбасары К.Белгібаев және кәсіподақ комитетінің басшысы Б.Ахметов қатысты. Мерейлі сәтте саланың майталмандары мен ардагерлеріне құрмет көрсетілді.
Әрі қарай жиын еркін пікір алмасуға ұласып, ардагерлер қауымы өздеренің ұсыныстарын жеткізді. Сөзге шығушылардың барлығы есепті мерзімде атқарылған жұмысқа қанағаттанарлық деген баға бере отырып, алдағы уақытта атқарылар ауқымды жұмыстарға мұрындық болу жөнінде әңгімеледі. Сондай-ақ жиын барысында ардагерлер бірлігін сақтау, теміржол ардагерлер ұйымдарының жүйелік құрылымдарын жетілдіру, олардың бірлігін арттыру, қоғамдық-саяси шараларға қатысуын қамтамасыз ету жайы сөз болды.
Сонымен қатар кеңесте алқа мүшелері жаңадан қайта сайланды. Атап айтар болсақ Ұ.Мырзабаева, Т.Ақпанов, Б.Әбдірейова, К.Әбілқайыров, К.Нұрмағанбетов кеңес мүшелерінің қатарын толықтырды.
Жиын соңында аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшелері Болат Күлімбетов, Ғани Есімов қорытынды сөз сөйлеп, сала ардагерлерінің жұмысына толағай табыс тіледі.
М.Ибрагимов








