Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өмір жолы теміржолмен өрбіген

Өмір жолы теміржолмен өрбіген


Адам баласы өмірде жаңылмауға тиіс үш нәрсе болса, соның бірі мамандық таңдау.Еңбек жолын сүйікті ісімен бастап, адал абыройлы қызмет атқару кез-келгенге бұйыра бермес бақыт. Темір мінезді, жаны нәзік болғанымен жұмыстың ауыры мен жеңілін қатар көтере білетін болат жолға бар ғұмырын арнаған Жамал Шәукебаева теміржол саласында ұзақ жылдардан бері қызмет атқарып келеді.
Бүгінде қоғам өмірін көліксіз елестету мүмкін емес. Әсіресе, экономиканың күретамыры саналатын теміржол саласының орны айрықша. Тамылжыған тамыз айының алғашқы жексенбісі – теміржолшылардың кәсіби мерекесі. Бұл күнді шойын жолдың шеберлері асыға күтеді. Төрт мезгілде де тыным таппай, уақытпен санаспай, күн-түн демей, ыстық пен суыққа да қарамай еңбек етеді. Міне, сол жандардың қатарында Жамал апамыз да бар.
1998 жылдан бастап теміржол саласында абыройлы қызмет атқарып, еселі еңбегімен ел ішінде сыйлы бола білген кейіпкеріміз нағыз істің адамы. «Адам баласы бір жағынан істеген кәсібімен, игерген мамандығымен көгереді» – деп, бекер айтпаса керек. Жұмысына зор жауапкершілікпен қарап, өзіне жүктелген міндетті тиянақты орындайтын Жамал апа 2013 жылдан бері қарай теміржол вокзалында билет кассирі болып қызмет жасап келеді. Әріптестері арасында ойып алар өзіндік орны бар теміржол саласының маманы биыл 58 жасқа қадам басты. Жолдасы Жақсылықпен тату тәтті шаңырақ астында 2 қыз, 3 немере сүйіп, береке, бірліктің ұйытқысына айналып отыр. Бейнеттің зейнетін көрер жасқа жетті демесеңіз, әлі де болаттай берік, іске икемді.
– Бүгінде ел экономикасының қозғаушы күші болып саналатын теміржол саласы батыс пен шығысты, оңтүстік пен солтүстікті байланыстыратын алтын көпір іспетті. Шойын жолмен жолаушылар да, жүк те тасымалданады. Қазіргі кезде ол тасымал қатынасының ең қауіпсіз түрі саналады дейді, Ж.Шәукебаева.
Қарапайымдылығымен ерекшеленіп жүретін еңбекқор жанның ұстанымы да ерекше. «Сүйіп істеген іс шаршатпайды» деуі де содан болар, ынта-ықыласын жаны қалаған жұмысына аударып, маңдай термен еңбек етуге дағдыланған. Оның адамгершілігін қанағат пен шүкіршілікке негізделген имандылықтың, парасаттылықтың белгісі деуге лайық.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
06 тамыз 2018 ж. 1 857 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930