Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Теміржолшылар, төл мерекеңмен!

Теміржолшылар, төл мерекеңмен!

Бүгінде кәсіби мерекелер саны күн санап артып келеді. Ол уақытпен бірге жаңа мамандық түрлерінің, кәсіптің пайда болып жатқанын көрсетеді. Белгілі бір мамандықты тізгіндеп, соның отына күйіп, суығына төзіп жүрген жандарды жыл он екі айда арнайы құттықтап, жұмысына табыс тілеп қуантып қойғанның еш әбестігі жоқ. Керісінше, өз кәсібіне деген мерейін арттырып, ынта-ықыласын оята түсері анық. Сондай кәсіби мерекелердің бірі – теміржолшылар күні.
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген мақал еңбекке жең түріп кірісетін тірлігі теміржолмен біте қайнасқан маман иелеріне арнап айтылса керек-ті. Теміржол саласында жергілікті айналым деполарының атқарар жұмысы орасан. Міне, заман көшіне ілесіп, уақыт талабына жауап беріп келе жатқан сондай іргелі мекеменің бірі – «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС «Батыс» филиалының Қызылорда қосалқы бөлімі. Және осыған қарасты тағы басқа қосалқы мекемелер де бар.
Қазіргі таңда аталған мекемені іскер, тәжірибесі мол Сейдулла Файзуллаев басқарады. Теміржол желісіндегі көлік қозғалысын қамтамасыз ету үшін мұндағы жұмыстар тәулік бойы үзіліссіз жүргізіліп, шойын жолдың шеберлері тыным таппайды. 118 жылдық тарихы бар станцияда 63 адам қызмет атқарады. Оның ішінде машинист те, көмекші тепловоз жүргізетіндер де жетерлік. Жалпы теміржол – экономиканың күретамыры. Ел игілігі үшін күн-түн демей үлкен істер атқарып жүрген машинистердің өнегелі істері кімге болса да үлгі боларлықтай. Ел іші мен көршілес жатқан мемлекет арқылы әлемнің барлық елінен келетін және тасымалданатын түрлі жүкті діттеген жеріне уақытында әрі дұрыс жеткізуде теміржолшылардың атқарып отырған қызметі аса ауқымды. Сол мыңдаған тонна жүк тиелген пойыз құрамаларын сүйрейтін отарбаларды басқаратын машинистердің міндетінің мәні мен мәртебесінің орны бөлек.
Мекемеде көп жылдар бойы жемісті еңбек етіп жүрген қызметкерлерді айта кетпеске болмас. Соның бірі – өз ісінің нағыз шебері, 21 бекетте басшылық қызмет атқарған Палтай Ахметов болатын. Ол көзі тірісінде тепловоздың қай кезде қандай бекетке қандай жылдамдықпен тоқтағанын мұқият талдайтын дейді әріптестері. Адам, немесе малды қағу қаупі болғанда машинистің тепловозды қанша метр қалғанда тоқтатқанын анықтап, таспаға жазылған мәліметтерді сараптайтын. Жұмысқа деген жауапкершілігі аса жоғары әрі қатал болғанымен, ақкөңілділігі де басым еді.
Сонымен қатар шәкірт тәрбиелеуде де қаншама тер төкті. Солардың бірі – «Шиелі тораптық» теміржол ардагерлер кеңесінің төрағасы Тәңірберген Ақпанов.
– Мен 70 жыл өмірімде ол кісідей теміржолға берілген адамды көрмедім. Бір ерекшілігі бұл кісінің сынықшылық қасиеті бар еді. Сондай-ақ соңынан қалған ұрпақтары әкелерінің ізін жалғап, теміржол саласында өнімді еңбек етіп келеді. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген жақсы сөздің дәлелі осы болар. Бүгінде еліміз қарыштап дамып, болашаққа қарай алға басуда. Осыдан 10 жыл бұрынғы жағдай мен қазіргі кезең жер мен көктей. Басқаны айтпағанда бұл біздің саладан да көрініс табуда. Мекеменің негізгі басқару бөлімдері түгелдей жаңа талаптағы компьютерлермен жабдықталған, – дейді теміржол ардагері.
Сондай-ақ еңбек қауіпсіздігіне ­жау­апты мамандарды да ерекше айтуға болады. Жұмысқа келген адамдардың білім-біліктілігін тексеріп, құжаттарының тап-тұйнақтай, жинақы болуына жауап береді.Шебер машинист, маневрлік қозғалыста жүретін жандардың да еңбегі ерен. «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС «Батыс» филиалының Қызылорда қосалқы бөлімінің құрамы халыққа қалтқысыз қызмет етуге барын салады. Ел өркендеуіне орасан зор үлес қосып жүрген теміржолшылар өз міндеттерін мүлтіксіз атқара жүріп, өз білімдерін, рухани байлықтарын молайтуды да ұмыт қалдырмайды.
Теміржолшылар арсында ел игілігі жолында күн-түн демей, ерлерге бергісіз қызметті атқарып, бейнетінің зейнетін көріп отырған Ұлболсын ­Мырзабаеваның орны бөлек. Халқымызда «Әр адам өз өмірінің құрылысшысы» деген сөз бар. Оны қай арнаға бұрып, бояғың келеді, таңдау өзіңде. Аялуы ана, асыл әже атанған Ұлболсын апамызда өзінің өмір жолын тікелей теміржолға арнаған жан.
Аспаптың қос ішегіндей созылған шойын жолда күндіз-түні тынымсыз тіршілік. Ерсілі-қарсылы дүрсілдей өткен жүрдек пойыздар ащы дауысын шыңғырта шырқап, көк түтінін аспанға будақтата шашып, межелі жеріне дер кезінде жету үшін кідіріссіз жылжиды. Олар табиғаттың қолайлы және жайсыз күндеріне де қарамайды. Екі иығынан демалып, ұзын сонар вагонын сүйрей ентігін баса кірген тепловозды кіре-беріс постыдан жол кезекшісі жаңылмастан жалауын көтеріп күтіп алады. Айта берсек, бүгінде шойын жолдың біз білмейтін саласы жетерлік.
Шиелі арқылы теміржолдың өткеніне міне, 118 жыл толып отыр. Жер шарында адамды адам етіп, жұмырбасты пенденің абыройын асқақтататын жалғыз құдірет – еңбек. Еңбек адамы қай қоғамда да сыйлы. Ал ел мен елді, қала мен қаланы байланыстырып жүрген отарбаны тізгіндеп, қаншама адам өміріне жауапты болып, адал қызмет қылған маманның істеген ісі көпке үлгі. Олай болса ерекше мамандықтың ерен майталманы болған маман иелерінің жұмысына табыс тілеп, бейнеттің зейнетін көрсін деген тілек білдіреміз.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
30 шілде 2022 ж. 1 367 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930