Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТӘЖІРИБЕМЕН ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫСҚА

ТӘЖІРИБЕМЕН ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫСҚА


Абай заманынынан келе жатқан ерінбей еңбек еткеннің тіленбей қарны тоятынын осы күннің жастары, яғни біз қалай түсінеміз. Ерінбей еңбектенуге үкімет қандай жағдай жасап жатыр? Сол мүмкіндіктерді қаншалықты тиімді пайдаланып келеміз?
Екі қолға бір күрек іздегеннің таба алмай тауы шағылатын шақ емес. Жұмыссыздықты жоюға арналған жобалар, мемлекеттік бағдарламалар легі жетерлік. Жасыңа қарамай оқытып, шәкіртақы мен жолақысын да ұсынып отыр. Әсіресе жастарды жұмыспен қамту жүйелі жолға қойылған. Сондай бағдарламалардың бірі – жастар тәжірибесі. Мамандығына машықтануға мүмкіндік берген аталған бағдарламаға қатысушы жастар саны артуда. Тәжірибеден өткен сол жастар мекемелерде қаншалықты тұрақтап қалуда? Мәселе осында. Аудандық жұмыспен қамту орталығы мамандарының берген мәліметтеріне сүйенсек өткен жылы жастар тәжірибесі бағдарламасы үшін 47 млн. 916 мың теңге бөлініп, 231 жас еңбекке араласты. Соның ішінде 40 азамат тұрақты жұмысқа қалды.
Жас маманның білігін шыңдап, білімін арттыруға арналған арнайы бағдарламаның игілігін көргендердің көбі айлықтан айлыққа асығып, алты айды құр өткізіп жүрген тәрізді. Олай дейтініміз, жастар тәжірибесінен өткізген мекемелердің басым көпшілігі жас маманға көңілдері толмай жатады. «Бармақ бас­ты, көз қыстымен» жұмыспен қамту мекемелеріне берілген тәжірибеден өтушінің мінездемесінде оның болашағына балта шабылып жатқандығын білсек етті. Қыруар қаржы бөлініп, қомақты жалақы берілгеннен кейін сұрауы болғаны да абзал. Мекеменің «барып кел, шауып келіне» емес, жауапты жұмыстарға бейімдеп, біліктілігін арттырған ләзім. Ондай жауапкершілік жүктеуге көп жастардың жігері жетпейді ме? Болам дегеннің бетін қақпай, белін бууға барынша жағдай жасалып жатқанда жастардың жігерсіздік танытуы жарамас. Бұл барына ортақ айтылған сөз емес, әрине. Деңгейін дәлелдеп, сенімнің үдесінен шыққан жас­тарды тәжірибеден өткізген мекемелер тұрақты жұмысқа алып қалуда. Тиісті мекеменің берген цифрын жоғарыда көрсеттік. Олардың үлесі 23 пайызды ғана құрап отыр. Жұмысқа жіберуші де, жұмыс беруші де талапты күшейтіп, сұрауды арттырғаны жөн деп білеміз. «Судың да сұрауы барын» білсек, санға емес сапаға мән беріліп, сол алты айда өз ісінің мамандары шығар ма еді.

Бақытжан ЖОЛАМАНҰЛЫ.
30 қаңтар 2018 ж. 1 372 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930