Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Теміржолшы, төл мерекеңмен!

Теміржолшы, төл мерекеңмен!

«Еңбек етсең ерінбей, тоя­ды қарның тіленбей» деген мақал еңбекке жең түріп кірісетін тірлігі теміржолмен біте қайнасқан маман иелеріне арнап айтылса керек-ті. Теміржол саласында жергілікті айналым деполарының атқарар жұмысы да міндеті де жоғары. Заман көшіне ілесіп, уақыт талабына жауап беріп келе жатқан аудандағы іргелі мекеме – «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС «Батыс» филиалының Қызылорда қосалқы бөлімі және осыған қарасты тағы басқа қосалқы мекемелерді айтуға болады.
Бейсенбі күні Теміржол ғимаратында «Темір­жолшылар» күніне орай мерекелік салтанатты шара өтті. Шараға аудандық ардагерлер кеңе­сі­нің төрағасы Өркен Исмаил, Қызылорда облысы бөлімшесінің кәсіподақ төрағасы
Бауыржан Ахметов, Қызылорда жол дистанция­сы­ның бас­тығы Марат Оналов, сала ардагерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Ең әуелі аудан әкімі Нұржан Ахатов сөз алып, сала мамандарын мерейлі мерекесімен құттықтады.
– Тәуелсіздіктің елең-алаңында елдің қалт-құлт еткен экономикасын қиындықтан алып шыққан негізгі салалардың бірі – қазақ даласында қан тамырдай ию-қию болып жатқан теміржол екенін бәрі біледі. Жуан жіңішкеріп, жіңішке үзілер сол бір шақта көршілес мемлекеттермен арадағы экономикалық байланысты сақтап, сондай-ақ, одан әрі дамыта отырып, халықтың оң жамбасына келетін нарықтың бірден-бір себепшісіне айналған да Қазақстан теміржолы болатын. Тіпті, еліміздің теміржолдары арқылы 1986 жылдың 20 ақпанында әлемде бірінші болып жалпы салмағы 43,4 мың тонна және ұзындығы 6,5 шақырым болатын жылжымалы құрамға 440 вагон тіркелген пойыз жүріп өткен болатын. Уақыт тезінен өтіп, бүгін міне Сіздер 119 жылдық мерейтойды тойлап отырсыздар! Осы уақыт аралығында теміржол саласы өзінің өзектілігін жоймай, бүгінде «Қазақстан теміржолы» еліміздегі жолаушылар мен жүк тасымалдаумен айналысатын ірі компанияның бірі саналады. Сондай-ақ, теміржол саласында қазіргі таңда 109 мыңнан астам қызметкер табысты еңбек етуде. Оның ішінде өздеріңіз де барсыздар, – деді.
Аталған сала қызметкерлері жыл сайын тамыз айының алғашқы жексенбісінде өздерінің төл мерекелерін атап өтуді дәстүрге айналдырған. Бұл күні ауданда теміржолшыларға арналған арнайы іс-шаралар өткізіліп, үздік қызметкерлер мен сала ардагерлері марапатталады.
Биыл да жылдағы үрдістен жаңылмаған аудан басшысы «Теміржолшылар күні» мерекесіне орай саналы ғұмырын осы салаға арнаған Қуанышбай Нұрмағамбетов, Дінмұхамед Қаюпов, Кеншінбай Әбілхайыров, Владимир ­Рухлин, ­Ербол Балтабеков, Балжан Анафияева, Жұмабай Сағынбековті «Теміржолға сіңген еңбегі үшін» медалімен, Қыдыркүл Байтұрсынованы «Ел құрметі» медалімен, Кемелбек Мырзамұратовты «Құрметті ардагер» медалімен, Асқар Бердібековты қайырымдылық қорының «Құрмет» грамотасымен, Еркінбай Көпеновты «Ел егемендігіне қосқан ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттады. Одан әрі Шиелі айналым депо басшысы Ертуған Өтеғұлов сөз тізгінін алды.
Байқағанымыз әр саланың өзіндік қиындығы мен қызығы болады. Десе де теміржол саласы жауапкершілік пен біліктілікті қажет ететін үлкен сала. Өйткені, жүргізушілер, олардың көмекшілері мен жолсеріктері жүздеген жолаушылардың өміріне және тасымалданатын мыңдаған тонна жүктерге жауапты. Осылайша әр күні ұзын сонар шойын жолдың бойында өтетін теміржолшыларға арналған шараның соңы мерекелік кешке ұласып, көтеріңкі көңіл күймен қорытындыланды.

Дархан Байтілес

06 тамыз 2023 ж. 216 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930