Адал еңбектің әділ бағасы
Өткен жылдың қортындысымен аудандық көпбейінді орталық ауруханасының емхана бөлімінің дәрігері Сәкен Жұманқұлов ауданның денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін «Жыл дәрігері – 2025» номинациясымен марапатталды. Бұл – әрине үлкен жетістік, сонымен қатар адал еңбектің әділ бағасы. Біз жақында, үздік атанған дәрігермен кездесіп, сұхбаттасып қайттық.
Сәкен 1983 жылы сол кезде Гигант деп аталатын ауылда Ақылбек Жұманқұлов пен Күләш Памбетованың отбасында дүниеге келген. Әкесі колхозда зоотехник болып қызмет жасаса, анасы аудандық ауруханада ота аяжаны, физиотерапия бөлімі аға аяжаны болған. Өзінің айтуынша, мамандық таңдауда, анасының өмір үлгісі шешуші рөл атқарған көрінеді.
Ол ауылдағы №148 орта мектепті тәмәмдағаннан кейін Қызылорда қаласындағы медициналық колледжіне түсіп, төрт жылда орта буын медициналық маманы атанды.
Одан кейін ол арман қуып Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық академиясына оқуға түседі.
Қиындығы мен қызығы мол студенттік жылдар тез өтіп, жас маман туған еліне оралды. Алғашында ол облыс орталығындағы теміржол ауруханасында, одан кейін «Қазатомөнеркәсіп-Демеуге» қарасты «Демеу – Шиелі» филиалының медициналық санитарлық бөлімінде уролог, хирург, травматолог қызметтерін атқарып, мол тәжірибе жинақтады.
Биыл аудандық көпбейінді орталық ауруханасының емхана бөлімінің дәрігері болып, пациентерге адал қызмет атқарып, алғыс алып келе жатқанына да міне, 10 жыл болыпты.
Айта кетейік, Жұманқұловтар әулетінде медицина мамандары жетерлік. Мысалы, екі інісі мен қарындасы медицина саласында. Олар ағасын үлгі тұтып, медицина жолын таңдаған.
Айдос емханада вакцина кабинетінің фельдшері, Ғани Алматыда отоларингологиядан резидентура өтуде, Бибінұр қарындасы офтальмологиядан резидентура оқып жатыр, оған дейін аудандық ауруханада хирургиялық мейіргер қызметін атқарды.
Жоғарғы категориялы дәрігер С.Жұманқұлов әрине мұндай деңгейге бірден жете қойған жоқ. Өмір жолында кездескен ұстаздары Ақтөбедегі М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық академиясындағы «Урология» кафедрасының доценті Марат Сарқұловқа, теміржол ауруханасының дәрігері Ағытай Асанхановқа, Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасының хирургия бөлімінің басшысы Бақытбек Жамантаевқа дән риза.
Қазір ол өзінің мол тәжірибесімен дәрігер Алмас Абдраманов, мейіргер Еламан Туғанбаевпен бөлісіп жүр.
Сәті түскен соң білікті маманнан «Ерлер денсаулығын қалай сақтау керек?» деген сұрақ қойдық.
Алған жауабымыз төменгідей болды.
Ең бірінші тұрақты медициналық тексеруден өту кажет. Жылына 1 рет жалпы тексеруден (қан, зәр, жүрек, қан қысымы, т.б.) өту, ал 40 жастан кейін простата, жүрек-қан тамыр жүйесі және гормон деңгейін тексеру керек.
Екіншісі, дұрыс тамақтану. Майлы, тұзды, тәттіні шектеу, көкөніс, жеміс, ақуыз (ет, балық, жұмыртқа), дәнді дақылдарды көбірек тұтынып, газдалған, энергетикалық сусындардан бас тарту.
Үшінші физикалық белсенділік маңызды Аптасына кемінде 3-4 рет жаттығу жасау (жүгіру, жаттығу залы, жүру), артық салмақ пен іш майын азайту – гормон мен жүрек денсаулығы үшін қажет-ақ.
Зиянды әдеттерден бас тартып, уақытылы ұйқы мен демалысқа мән берсеңіз де құба құп болады.
Психологиялық денсаулық та соңғы орында емес.
Стрессті азайту (медитация, хобби, ашық әңгіме) керек жағдайда психологқа жүгіну әлсіздік емес.
Әрине, жыныстық денсаулықта ер азаматтардың назарынан тыс қалмауы керек.
Ол үшін гигиенаны сақтап, жыныстық жолмен берілетін аурулардан қорғану керек. Ал белсіздікке күдік болса, урологқа немесе андрологқа қаралу ләзім.
М.Кеңесұлы,
сурет автордікі
сурет автордікі








