2025 жылдың 11 айында Қызылорда облысы бойынша МӘСҚ-дан 34,9 млрд теңге төленді
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде көзделген әлеуметтік қатерлер туындаған кезде 2005 жылдан бастап жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қамсыздандырудың қосымша деңгейін іске асырады.Мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнiң қаржы ресурстары төлеушiлер, яғни жұмыс берушiлер қызметкерлері үшін, жеке кәсiпкерлер және жеке практикамен айналысатын адамдар өзi үшiн және басқалар төлейтiн әлеуметтiк аударымдар есебiнен қалыптастырылады.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар үшін әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесі 5%-ды құрайды.
2025 жылдан бастап жүйеге нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кіріс алатын жеке тұлғалар кірді.
2026 жылдан бастап жүйеге Қазақстан Республикасының Салық кодексінде көзделген шарттарға сәйкес келетін жеке тұлғалар танылатын өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнайы салық режимін (бұдан әрі – АСР) қолданатын адамдар кіреді.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін АСР қолданатын жеке тұлғалардың осы режим шеңберінде қызметті жүзеге асырған есепті айда алған кірісі олар үшін әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі болып табылады.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін АСР қолданатын жеке тұлғалардың төлеуіне жататын әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесі әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісінің 1% мөлшерінде белгіленеді.
Бұл ретте әлеуметтік аударымдарды есептеу үшін алынатын кіріс республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен жалақының 7 еселенген мөлшерінен және Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін АСР қолдану үшін белгіленген шектен аспауға тиіс.
Республика бойынша мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне шамамен 6,9 млн жұмыс iстейтiн азамат қатысады және 1,3 млн астам адам жыл бойы МӘСҚ-дан әлеуметтiк төлемдер алады.
Жүйе МӘСҚ-тан екі ұзақ мерзімді әлеуметтік төлемді көздейді – қызметкер жалпы еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайда, сондай-ақ ол қайтыс болған жағдайда – оның асырауында болған отбасы мүшелеріне тағайындалатын асыраушысынан айырылу жағдайына әлеуметтік төлем алады.
Бұл төлемдер мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу бойынша бюджет қаражаты есебінен базалық мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады. Ұзақ мерзімді әлеуметтік төлемдер Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жыл сайын арттырылып отыратынын атап өту қажет. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап аталған төлемдер 10%-ға арттырылады. Қызылорда облысы бойынша 3,3 мың еңбекке қабілеттілігінен және 2,8 мың асыраушысынан айырылған отбасы үшін әлеуметтік төлемдер автоматты режимде арттырылады.
Өңірде 2025 жылдың 11 айында 4077 адам еңбекке қабілеттілігінен айырылғаны үшін 1,4 млрд теңге, асыраушысынан айырылғаны үшін 3075 отбасы 1,4 млрд теңге көлемінде әлеуметтік төлем алды.
Келесі екі әлеуметтік төлем ана мен балалық шақпен байланысты. Осылайша, жұмыс істейтін әйел кірісінен айырылған кезеңде жүктілікке және босануға байланысты, сондай-ақ бір жарым жасқа дейінгі баланың күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдер алады.
2025 жылдың 11 айында өңірде 9306 болашақ ана жалпы сомасы 10,7 млрд. теңгеге жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік төлем алды, ал бала күтімі бойынша 30 877 адам жалпы сомасы 17,8 млрд теңгеге әлеуметтік төлем алды.
Мансап орталығы жұмыссыз ретінде тіркеген жағдайда жұмыстан шығу себептеріне қарамастан, тағайындалатын жұмысынан айырылу жағдайына әлеуметтік төлем жүйеге қатысушы үшін маңызды қолдау болып табылады. Қызылорда облысында 2025 жылдың 11 айында 15291 адам жалпы сомасы 3,6 млрд теңгеге аталған төлемді алды.
Осылайша, 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша МӘСҚ-тан Қызылорда облысы бойынша 34,9 млрд астам теңге төленді.
Әлеуметтік қатер туындаған кезде әлеуметтік төлемдердің мөлшері әр қатысушыға жеке есептелетінін және МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдардың уақытылы мен толық төленуіне тікелей байланысты екенін атап өткен жөн. Осыған байланысты жұмыс істейтін азаматтар үшін МӘСҚ-ға түскен әлеуметтік аударымдар сомасын тұрақты негізде тексеру маңызды.
Бұл бүгінде egov.kz электрондық үкімет порталы немесе екінші деңгейлі банктердің мобильдік қосымшалары арқылы онлайн режимде, сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшелері немесе МӘСҚ филиалдары арқылы офлайн режимде қолжетімді.
Әлеуметтік төлемдерді тағайындау бойынша мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде барлық қажетті мәліметтер мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелерінен сұратылады.
Осылайша, тиісті төлемдерді алу үшін үйден шықпай-ақ, қағаз жүзіндегі құжаттарсыз онлайн режимде жүгінуге болады.
2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша МӘСҚ ұсынған электрондық форматтағы мемлекеттік қызметтердің үлесі 70%-дан асты.
Бұдан басқа, 2025 жылғы 15 қазаннан бастап әлеуметтік төлемдерді автоматты түрде тағайындау жөніндегі пилоттық жоба іске қосылды, оның негізгі мақсаты мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімін бір жұмыс күніне дейін қысқарту және әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың негізгі кезеңдерін оңтайландыру есебінен процестердің ашықтығын арттыру болып табылады.
Жоба egov.kz электрондық үкімет порталы, enbek.kz электрондық еңбек биржасы, екінші деңгейлі банктердің мобильдік қосымшалары мен проактив арқылы келіп түскен өтініштер негізінде қалыптастырылатын электрондық іс макеттерін қамтиды.
Электрондық өтініштер мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде кешенді тексеруден өтеді. Жүйе төлемдерді алу құқығының басталғанын, әлеуметтік аударымдарды уақытылы және дұрыс төлеуді, сондай-ақ құжаттардың толық топтамасының болуын автоматты түрде растайды.
Егер өтініш белгіленген критерийлерге сәйкес келсе, шешім автоматты түрде қабылданады, содан кейін өтініш берушіге SMS-хабарлама жіберіледі. Жүйеде қандай да бір сәйкессіздіктер анықталған жағдайда, электрондық іс макеті автоматты түрде МӘСҚ филиалдары мамандарының қарауына беріледі.
Пилоттық жоба әлеуметтік төлемдерді тағайындау туралы ғана емес, тағайындаудан бас тарту, төлем мөлшерін қайта есептеу, тоқтата тұру және тоқтату туралы шешімдерді автоматты түрде қабылдауды көздейтінін атап өткен жөн.
Екі ай ішінде жүйе Қызылорда облысы бойынша 1504 өтінішті қарады, оның ішінде 892бойынша автоматты режимде оң шешімдер қабылданды.
Сондай-ақ МӘСҚ міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі бойынша консультативтік-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. 11 айдың қорытындысы бойынша Қызылорда облысында еңбек ұжымдары және халықпен 142 іс-шара, 2 «Ашық есік күні» іс-шаралары өткізіліп, жеке және заңды тұлғалардан келіп түсетін 664 өтініштері қаралды.
Жалпы МӘСҚ-тың негізгі міндеті әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде әлеуметтік төлемдердің әділ мөлшерін алу мақсатында халықты жұмыспен қамтуды ынталандыру, сондай-ақ көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру болып табылады.
Қызылорда облысы бойынша
«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ филиалы
«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ филиалы







