Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қате төленген әлеуметтік аударымдарды қалай қайтаруға болады?

Қате төленген әлеуметтік аударымдарды қалай қайтаруға болады?

Қате төленген әлеуметтік аударымдарды қалай қайтаруға болады? » Тіршілік  тынысы Әлеуметтік аударымдарды төлеушілердің назарына!
Қате төленген әлеуметтік аударымдарды қалай қайтаруға болады?
     2005 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасында әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғаудың қосымша нысаны болып табылатын міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі енгізілді.
    Бүгінде міндетті әлеуметтік сақтандырумен елімізде шамамен 6,7 млн. адам қамтылған. Жыл сайын Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) 1 млн. аса азамат әлеуметтік төлем алады.
    Міндетті әлеуметтік сақтандыру ынтымақтастық қағидаттарына негізделген, яғни әлеуметтік аударымдар барлық жұмыс істейтін азаматтар үшін төленеді, ал төлемдерді тек әлеуметтік тәуекел туындаған адамдар ғана  алады.
    Жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен қызметкердің табысының 3,5% мөлшерінде МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар төлейді. Жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын адамдар әлеуметтік аударымдарды өз пайдасына   алатын табысының 3,5% мөлшерінде төлейді.
   Бұл ретте, әлеуметтік аударымдар міндетті зейнетақы жарналары сияқты қызметкердің жалақысынан ұсталмайды, ол жұмыс берушілердің қаржысы есебінен төленеді.
  Егер төлеуші МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдарды қате аударса немесе артық төлесе, онда бұл қаражат қайтарылуға жатады.
  Ол үшін төлеуші «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясына (Мемлекеттік корпорация) өтінішпен жүгінуі және қажетті құжаттарды қоса беруі қажет.  Құжаттар тізбесі өтініш нысанында көрсетілген, олар әлеуметтік аударымдарды төлеу кезінде жіберілген қатенің түріне байланысты қоса берілуі тиіс.
 Өтініш формасын gfss.kz сайтынан «Әлеуметтік аударымдар/және (немесе) артық (қате) төленген өсімпұлдарды қайтару» бөлімінен жүктеп алуға болады.
   Мемлекеттік корпорация мынадай себептермен:
   1) егер әлеуметтік аударымдарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін әлеуметтік аударымдарды және (немесе) өсімпұлдарды есептеу фактісі расталмаса;
  2) төлеушінің өтініші бекітілген нысанға сәйкес келмесе;
  3) төлеушінің өтінішінде қайтарудың себебі дұрыс көрсетілмесе (бірнеше себеп көрсетілсе)  өтінішті қабылдамауы және қайтаруы мүмкін.
  Қабылданған өтініштер бойынша Мемлекеттік корпорация 5 операциялық күн ішінде әлеуметтік аударымдарды және (немесе) өсімпұлдарды есепке алу фактісін тексереді және осы төлем бойынша барлық деректемелерді растауды қоса бере отырып, құжаттарды МӘСҚ-ға жібереді.
  МӘСҚ төлеушінің өтініші келіп түскен күннен бастап 7 операциялық күн ішінде кейіннен оларды төлеушіге аудару үшін Мемлекеттік корпорацияның банктік шотына ақша аударуды жүзеге асырады.
  Алайда, сұралған әлеуметтік аударымдардың сомалары кейде қайтарылуға жатпайды. Мысалы, егер әлеуметтік аударымдар МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемдерді тағайындау кезінде жүйеге қатысу өтіліне есепке алынған кезең үшін есептелген болса немесе төлеушінің өтінішінде көрсетілген қайтару себебі расталмаса, артық (қате) төленген әлеуметтік аударымдардың сомалары қайтарылмайды.
  Мұндай жағдайларда МӘСҚ Мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік аударымдар және (немесе) өсімпұлдар сомаларын қайтарудан бас тарту себептері туралы ақпаратты береді. Мемлекеттік корпорация өз кезегінде бұл ақпаратты хабарлама жіберу арқылы төлеушіге жеткізеді.
 
«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ
 Қызылорда облыстық филиалы
30 желтоқсан 2022 ж. 946 0