Жаңа стоматология кабинеті ашылды
Ауылдық жерде медициналық қызметтің қолжетімді болуы – халықтың өмір сапасын арттырудағы маңызды қадамдардың бірі. Осы орайда, жуырда Ы.Жақаев ауылында заманауи талаптарға сай жабдықталған жаңа стоматология кабинеті өз жұмысын бастады. Бұл – ауыл тұрғындары үшін көптен күткен қуанышты жаңалық.Бұған дейін ауыл халқы тіс дәрігерінің көмегіне жүгіну үшін аудан орталығына немесе қалаға баруға мәжбүр болатын. Уақыт пен қаражатты талап ететін бұл жағдай көпшілікке қолайсыздық тудырған еді. Енді, жаңа стоматология кабинетінің ашылуымен, ауыл тұрғындары сапалы әрі қолжетімді тіс емдеу қызметін өз елді мекенінде ала алады.
Жаңа кабинет заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мұнда тіс жегісін емдеу, тіс жұлу, пломба салу, ауыз қуысы ауруларының алдын алу тексерістері сияқты негізгі стоматологиялық қызметтер көрсетіледі. Сонымен қатар, дәрігер санитарлық-гигиеналық талаптарды қатаң сақтай отырып, әрбір науқасқа жеке көңіл бөледі.
«Алма Дент сервис плюс» тіс клиникасының стоматология кабинетінде еңбек ететін мамандар – өз ісінің шеберлері, білікті стоматологтар мен тіс дәрігерлері – Дүйсенкүл Тәжікова, Нәзира Сейтжанова, Ердәулет Омар мен Мира Палымбетовалар. Олар тұрғындарға тек ем жасап қана қоймай, тіс күтімі, ауыз қуысының тазалығы, балалардың тіс саулығын сақтау жөнінде пайдалы кеңестер береді. Бұл – аурудың алдын алуға бағытталған маңызды жұмыс.
Ауыл тұрғындары жаңа медициналық нысанның ашылғанына ризашылығын білдіруде. Әсіресе, қарттар мен жас балалардың ата-аналары үшін бұл үлкен жеңілдік болып отыр. Себебі енді алыс жолға шықпай-ақ, қажетті медициналық көмекті уақытында алу мүмкіндігі туды.
Иіркөл ауылдық округі қоғамдық кеңесінің төрағасы Бақытжан Мырзахмет бізге берген сұхбатында «Стоматология кабинетінің ашылуы – елді мекеннің әлеуметтік дамуына қосылған елеулі үлес. Бұл бастама ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсартуға, медициналық қызмет сапасын арттыруға және ауылдың өркендеуіне оң әсерін тигізері сөзсіз» деді.
Айта кетейік, бұл ауданға қарасты ауылдық округтер арасында ашылған бірінші тіс емдеу кабинеті. «Алма Дент сервис плюс» клиникасын құрылтайшысы Д. Тәжікова қазіргі таңда Майлытоғай ауылдық округінде дәл осындай емдеу орнын ашуды жоспарлап отырғанын айтты.
Өз кезегінде бұл іске аудандық кәсіпкерлік пен өнеркәсіп бөлімі мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Шиелі филиалының мамандары қолдау білдіретінін атап өтті.
М.Кеңесұлы,
сурет автордікі
сурет автордікі








