«АЛМАЛЫ» АМБУЛАТОРИЯСЫНДАҒЫ АЙШЫҚТЫ ІСТЕР
Қазақстан Республикасы Президентінің халыққа арнаған Жолдауына сәйкес «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы қабылданып, кешенді түрде жүзеге асуда. Қоғам үшін зор әлеуметтік маңызы бар жобаның басты мақсаты – ауыл халқын алғашқы медициналық көмекпен 100 пайыз қамтамасыз ету болып табылады. Аталған шаралар тек ауыл тұрғындарын сапалы медициналық қызметпен қамтып қана қоймай, жалпы ұлт денсаулығын жақсартуға да ықпал етеді.
Мысалы, ауданда өткен жылы Тартоғай, Бестам, Телікөл, Ортақшыл және Алмалы ауылдарында жаңа дәрігерлік амбулатория ғимараттары пайдалануға берілді. Бір жыл бұрын Тоғайлы және Ақтам елді мекендерінде, сондай-ақ Бала би, Досбол би, Бұланбай бауы ауылдарында медициналық пунктер мен дәрігерлік амбулаториялар ашылған болатын. Біз жақында Алмалы ауылында болып, дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен танысып қайттық. Мұндағы медициналық мекеме ғимараты 1960 жылы салынған және қазіргі заман талаптарына сай емес еді. Сондықтан жаңа ғимарат салу туралы шешім қабылданып, бұл мақсатқа бюджеттен қаражат бөлінді. Құрылыс жұмыстарын Қызылорда облысының «Бақ-Береке» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп, жалпы құны инфрақұрылымымен бірге 380 миллион теңгеден асты. Құрылыс жұмыстарының арқасында ауылда жаңа жұмыс орындары ашылды. Алмалы ауылдық округінің әкімі Өмірхан Әбдікәрімов бізді ауыл тұрғындарының арасынан төрт азамат аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы құрылысқа тартылғаны жайлы хабардар етті. «Алмалы» дәрігерлік амбулаториясы Алмалы және Тоғайлы ауылдарының 1400-ден астам тұрғынына медициналық қызмет көрсетеді. Бұл жерде дәрігер, фельдшер, медбикелер, химизатор, әлеуметтік қызметкер, акушер және бірқатар техникалық қызметкерлер жұмыс істейді. Емдеу орнының бас медбикесі Жұмағаным Ахметова бізді жаңа ғимараттағы кабинеттермен таныстырып өтті. Мысалы, физиотерапия кабинетінде – бес заманауи медициналық аппарат орнатылып, жұмыс істеп тұр. Оның жанында денешынықтыру кабинеті орналасқан. Одан бөлек, мұнда қақырық жинау кабинеті, стерилизациялық бөлме, процедуралық бөлме, егу кабинеті, дәріхана, дәрі-дәрмектерді сақтау қоймасы бар. Сонымен қатар химизаторға арналған, медициналық қызметкерлерге арналған, фильтр-кабинет, акушерлік кабинет, тіркеу бөлімі, әжетханалар мен душ кабиналары, медициналық қалдықтарды сақтау және дезинфекциялық ерітінділерді дайындауға арналған бөлмелер де қарастырылған. Медициналық мекемеде 4 төсек-орындық күндізгі стационар жұмыс істейді. Емдеу курсы әдетте 8 күнге есептелген. Жоғарыда аталған кабинеттер мен медициналық жабдықтардың басым бөлігі ескі ғимаратта болмаған еді. Ауыл тұрғыны, еңбек ардагері Қыдырия Күлбаев «Өскен өңірдің» тілшісіне берген сұхбатында: – Ж а ң а ж ы л д ы ң б а с т а л у ы м е н медқызметкерлердің де, ауыл тұрғындарының да көңіл-күйі өте жақсы. Ескі амбулатория ғимараты көмірмен жылытылып, көптеген қолайсыздық туғызатын. Енді ауылға газ келді және енді оған амбулаторияның жаңа ғимараты қосылды. Жақында менің жұбайым күндізгі стационарда ем қабылдады. Оның нәтижелеріне біз толық қанағаттандық. Дәрігерлік амбулатория мен медпунктте жоғары білікті мамандар жұмыс істейді, және бір қуантарлығы, олар үнемі өз біліктіліктерін арттырып тұрады, – деді.
Айдар БАҚЫТЖАНҰЛЫ,
Автордың суреті
Автордың суреті