Аудан медицинасының мүмкіндігі артып келеді
Бәріңізге мәлім, осы жылы Шиелі өңірінде әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Бірнеше жылдың бедерінде бірқатар медициналық мекемелер, басқа да маңызды ғимараттар аудан халқының игілігіне пайдалануға берілді. Бұл үрдіс мерейлі мереке – Тәуелсіздік күніне орай жалғасты. Әсіресе аудан орталықтарынан шалғайда орналасқан елді мекен тұрғындары мерекенің шарапатын айрықша сезінді.
Жуырда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Шиелі ауданының Тартоғай және Алмалы ауылдарында дәрігерлік амбулатория ашылды. Салтанатты жиынға облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов, зиялы қауым өкілдері, жауапты сала басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты. Аймақ басшысы жұртшылықты мерекемен құттықтап, жаңа нысандардың ел игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді.
Жуырда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Шиелі ауданының Тартоғай және Алмалы ауылдарында дәрігерлік амбулатория ашылды. Салтанатты жиынға облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов, зиялы қауым өкілдері, жауапты сала басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты. Аймақ басшысы жұртшылықты мерекемен құттықтап, жаңа нысандардың ел игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді.
– Баршаңызды еліміз үшін айтулы мереке – Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! Ұлтымыздың қасиетті де қастерлі мерекесі күні Тартоғай, Алмалы ауылдарында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған жаңа дәрігерлік амбулаторияны ел игілігіне табыстауға жиналдық. Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында аймағымыз байыпты бастамалар мен жасампаз жобалардың ордасына айналуда. Өткен 11 айдың қорытындысына қарасақ, өңіріміз барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша республикада алдыңғы қатарда. Облыс бюджеті 750 млрд теңгеден асты. Осыдан екі жарым жыл бұрын аймақ бюджеті 364 млрд теңге болатын. Өсім 206 пайызды құрады. Дені сау ұрпақ – Әділетті Қазақстанның келешегі. Ұлт саулығын нығайтып, ауыл халқына сапалы медициналық қызмет көрсету – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Жаңа ғимарат баршаңызға құтты болғай! Еліміз еңселі, тірлігіміз берекелі, Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын! – деді Н.Нәлібаев.
Рәсімде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Қорғанбек Қайруллаев бата беріп, еңбек ардагерлері, дәрігерлік амбулаторияларды салған құрылысшылар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Тартоғай ауылы – аудандағы іргелі елді мекеннің бірі. Халық саны екі жарым мыңнан асады. Мұндағы емдеу нысаны ескі еді. Сол себепті жұрт жан-жаққа сабылуға мәжбүр болған. Енді осы қиындықтың бәрі артта қалып, жаңа ғимарат пайдалануға берілді. Халық та дән риза.
– Жаңа дәрігерлік нысан көңілімізден шықты. Осыған дейін қалаға баратын едік. Тоңып аязды күні әбігерге түсетін кездер көп болатын. Қазір ауылда жаңа ғимарат пен замануи жаңа құрылғылар іске қосылғалы тұр. Бұл – халыққа жасалған жағдай. Алғысымыз шексіз, – деді ауыл тұрғыны Хадиша Айтмамбетова.
Тағы бір жағымды жаңалық – 1400-ден астам тұрғыны бар Алмалы ауылында бой көтерген жаңа дәрігерлік амбулаториясы. Нысан соңғы үлгідегі медициналық қондырғылармен жабдықталған. Атап айтсақ, физотерапиялық емдеу, күндізгі стационар, оқшаулау және егу бөлмелері, лаборатория бар. Алмалы дәрігерлік амбулаториясының дәрігері Ақерке Ғабитқызы да емханаға келген әрбір жанға дәрігер ретінде қолдау көрсететінін айтты. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов:
– Ұлттық жоба аясында салынып жатқан нысандар толықтай біткеннен кейін біздің өңірде дәрігерлік амбулаторияға деген елді мекендегі қажеттілік түгелдей жойылады. Барлық жерде жаңа заманауи ғимарат болады, – деді ол.
Айта кетейік, бас мердігер – «Бақ-береке» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Тартоғай ауылының дәрігерлік амбулатория құрылысына 340 млн 463 мың теңге қаржы жұмсалса, Алмалыға 338 млн 529 мың теңге қаражат бөлінген. Сонымен қатар емханаларда жаңа заманауи құрал-жабдықтар, қуаттылығы күшті құрылғылар бар. Мәселен, физиотерапия құрылғылары, қақырықты жинауға арналған жөтел кабинасы, жүрек ырғағының бұзылуын анықтайтын монитор ретінде жұмыс істейтін дефибриллятор құрылғысы және соңғы модельдегі планшетпен оқылатын ЭКГ аппараты жұмыс істеп тұр. Бұл әрине, ауыл тұрғындарына медицина қолжетімділігін қамтамасыз етіп, қызмет сапасын арттырады.
Биыл облыстың денсаулық сақтау саласының бюджеті 146 млрд 200 млн теңгеге жетті. Соның арқасында Сыр медицинасы серпін алып, халыққа сапалы қызмет қолжетімді бола түсуде. Ұлттық жобамен барлық ауданда 27 медициналық нысан салынуы жоспарланып, өткен жылы 15 жаңа дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық бекет пайдалануға берілді. Биыл 9 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік- акушерлік бекет іске қосылады. Оның ішінде Шиелі ауданында 3 дәрігерлік амбулатория Досбол би, Бала би, Бұланбай бауы ауылдарында салынды. Қалған 11 нысанның құрылысы аяқталуда. 16 желтоқсан күні Тартоғай, Алмалы ауылдарында жаңа дәрігерлік амбулаториялар ашылса, Ортақшыл, Тәжібаев, Бестам елді мекендеріндегі медициналық нысандар жақын күндері ел игілігіне табысталады.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ,