ШИЕЛІ АУДАНЫНДА "AMANAT" ПАРТИЯСЫНЫҢ САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА ЕКІ ДӘРІГЕРЛІК АМБУЛАТОРИЯ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Шиелі ауданына қарасты Бестам, Ә.Тәжібаев ауылдарында дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Медициналық мекемелер "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасымен салынған. Салтанатты шараға Парламент Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, "AMANAT" партиясының Парламент Мәжілісіндегі фракция мүшелері Мархабат Жайымбетов пен Мұрат Әбенов, аудандық мәслихат депутаттары, жауапты сала басшылары, қоғам қайраткерлері мен ауыл тұрғындары қатысты. Аймақ басшысы жиналған қауымды Жаңа жылмен құттықтап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы, құрылыс саласындағы жетістіктерге тоқталды.
«Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында қазіргі таңда аймағымыз байыпты бастамалар мен жасампаз жобалардың ордасына айналды. Өткен жылдың қорытындысымен барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша республикада алдыңғы қатардан көріндік. Облысымыздың бюджеті 750 млрд. теңгеден асты, осыдан екі жарым жыл бұрын 364 млрд. теңге болатын. Өсім 206 пайызды құрады.
Бұл ауқымды қаражат тұрғындар көтерген ең өзекті мәселелерді шешуге, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы "Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек" деп атап өтіп, бірқатар маңызды міндет жүктеді. Өткен жылы облыстың денсаулық сақтау саласының бюджеті 146 млрд. 200 млн. теңгеге жетті. Ұлттық жоба аясында барлық ауданда 10 млрд. 200 млн. теңгеге 27 медициналық нысан салынды. Оның ішінде, Шиелі ауданында 3 дәрігерлік амбулатория Досбол би, Бала би, "Бұланбай бауы" ауылдарында бой көтерді.
Тәуелсіздік күні дәрігерлік амбулаториялар "Тартоғай" және "Алмалы" елді мекендерінде ел игілігіне табысталса, бүгін "Ортақшыл", Әбділда Тәжібаев, "Бестам" ауылдарында пайдалануға береміз. Жаңа ғимаратта ауыл тұрғындары сапалы әрі уақытылы бастапқы медициналық қызмет алады деп сенеміз. Егемен еліміздің еңсесі биік, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай! Жаңа 2025 жыл құтты болсын!»,- деді Нұрлыбек Машбекұлы. Іске қосылған дәрігерлік амбулаториялар құрылысын "Бақ-Береке" ЖШС сапалы әрі сәулетті етіп салған.
Жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев сөз сөйлеп, жиналған жұртшылықты құттықтады. Қызылорда облысының Құрметті азаматы Дайрабай Ысқақов бата беріп, ауданның өсіп-өркендеуі жолында еңбек еткен ардагерлер мен ауылға сән берген әсем ғимараттарды салған құрылысшылар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.