Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кімдер тісін тегін емдете алады?

Кімдер тісін тегін емдете алады?

Стоматологиялық көмек - медициналық көмектің ең қымбат тұратын қызметтерінің бірі. 

Ресми мәліметтер бойынша, балалардың 82%-ында тіс ауруы кездеседі. Көбінесе ата-аналар балаларды тіс дәрігеріне ауыз қуысының аурулары асқынған кезде әкеледі. Мұндай көрініс көптеген ата-аналардың тегін жоспарлы профилактикалық тексерулер мен қажет болған жағдайда тегін емдеуді, сондай-ақ 18 жасқа дейінгі барлық балалар үшін шұғыл көмек көрсетуді көздейтін МӘМС пакетінің мүмкіндіктері туралы білмейтіндігінен де туындауы мүмкін.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаровтың айтуынша, Қордың елордадағы медициналық қызмет жеткізушілерінің арасында 36 ұйым алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетеді. Олардың 18-і – мемлекеттік, қалғаны – жекеменшік клиникалар. МӘМС жүйесі енгізілген 2020 жылдан бастап алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдары – емханалар қосалқы келісімшартқа отыру арқылы өздерінде тіркелген азаматтарға стоматологиялық көмек ұсынады.
Медициналық сақтандыру жүйесі стоматологиялық клиниканы пациенттің өзі таңдауына мүмкіндік беріп отыр. Өкінішке орай, азаматтар кей жағдайда өз құқықтарын білмей жатады, ал олардың-пациенттердің стоматологиялық клиниканы таңдау құқығын барлық емханалар бірдей сақтай бермейді. Сондықтан біз пациент құқығын қорғау мақсатында барлық клиникалармен жан-жақты жұмыс істеп жатырмыз, - дейді қордың елорда филиалының басшысы.
Стоматологиялық қызметке жүгіну үшін алдымен қайда бару керек? Қандай қызметтер қолжетімді? Кімдер тісін тегін емдете алады?
«Қазіргі карантин ахуалына байланысты, адамдардың кезекке топталуын болдырмау үшін, стоматологқа келіп жазылу үшін, алдымен өзінің тіркелген емханасындағы дәрігерінен жолдама алады.
Елімізде ересектермен қатар балалар арасында да тіс жегісі мен оның асқынған түрі өте көп кездеседі. Бұл ең әуелі ауыз қуысын дұрыс күтпегеннен болады. Көбіне алма, сәбіз секілді қатты жеміс-көкөністерге қарағанда, жұмсақ тағамдар жеудің де әсері бар. Тіс құртының алдын алмаса, буыны бекімеген баланың жақ сүйегіне дейін қисайып, тісі өспей қалуы да мүмкін. Сондықтан жарты жылда бір рет тіс дәрігеріне көрінген дұрыс.
Тісі таза, сау адамның - дені сау. Балалардың тісін 2 жастан бастап күту керек. Аурудың алдын алу мақсатында емханада тіске ремтерапия жасатуға, яғни, тісті минералды лакпен қаптатуға болады. Профилактикалық жұмыс өте маңызды. Ал шұғыл түрде ем қажет болған жағдайда медициналық сақтандыру пакеті бойынша науқасқа талон беріледі» дейді Нұр-Сұлтан қаласы бойынша штаттан тыс бас стоматолог, "Стоматология" оқу-клиникалық орталығының басшысы Жанар Қазбекқызы Әбуова.
 Жоспарлы стоматологиялық көмекті 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдер амбулатория деңгейінде медициналық сақтандыру пакеті арқылы тегін ала алады, яғни жеңілдігі бар санаттағы азаматтар ретінде мемлекет тарапынан төленеді:
рентген-сурет үшін;
тісті жансыздандыру және жұлу, сондай-ақ пломба салу үшін;
абсцесстерді ашқаны, пульпит пен периодонтитті емдегені үшін;
гипоплазия, флюороз кезінде тістің анатомиялық пішінін толық функционалды қалпына келтіргені үшін;
еріндер мен тіл жүгеншегінің пластикасына;
жақ-бет аймағының туа біткен патологиялары және таңдайдың бөлінуі (қасқырдың аузы) болған кезде ортодонтиялық қызметтер үшін. 
Ал шұғыл стоматологиялық көмекті қажет болған жағдайда азаматтардың 9 түрлі санаты ала алады:
18 жасқа дейінгі балалар;
жүкті әйелдер;
ҰОС қатысушылары және оларға теңестірілген тұлғалар;
I, II, III топтағы мүгедектер;
"Алтын алқа" және "Күміс алқа"алқаларымен марапатталған көп балалы аналар;
атаулы әлеуметтік көмекті алушылар;
жасы бойынша зейнеткерлер;
инфекциялық және әлеуметтік мәні бар аурулармен ауыратын науқастар;
ерекше назар аударуды талап ететін балаға немесе бала кезінен I - топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін қазақстандықтар. 
Шұғыл жағдай деп қандай кезде айтуға болады?
көбінесе стрептококктар немесе стафилококктар тудыратын терінің, тері астындағы тіндердің жедел бактериялық флегмонус инфекциясы;
абсцесс, фурункул, карбункул сияқты жақ-бет аймағының өткір одонтогентті емес қабынатын аурулары;
остеомиелит;
сыртқы қолжетімділікті қажет ететін тісті жұлу;
тек стационар жағдайында ғана көмек көрсетуге болатын басқа да жағдайлар.
Егер тексергеннен кейін тіс дәрігері амбулаториялық жағдайда көмек көрсету мүмкін емес деп шешсе, ол пациентті емдеуден бас тартуға және оны жедел жәрдем арқылы ауруханаға жіберуге құқылы.
Науқастың өміріне қауіп төндіретін кенеттен болатын жіті аурулар мен созылмалы аурулардың өршуі кезінде шұғыл стоматологиялық көмек қажет. Олар:
пульпит (жедел немесе созылмалы қабынуы);
периодонтит (жедел немесе созылмалы қабынуы);
жақ-бет жарақаты (мысалы, тістің шытынауы немесе сынуы);
жақ-бет аймағының одонтогендік және одонтогендік емес қабынудың өршуі;
стоматит;
жедел ауырсыну жағдайларында;
шұғыл хирургиялық араласуды қажет ететін емдеулер.
Сондықтан тіс дәрігерінің көмегі қажет болса, сіз өз емханаңызға немесе Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының әлеуетті жеткізушісі болып табылатын жекеменшік стоматологияға бірден жүгіне аласыз.

https://baq.kz​​​
15 қыркүйек 2021 ж. 388 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930