МӘМС: реформаның маңызы мен міндеті
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізіледі. Бұл бастаманың артықшылығы неде?
Ағымдағы жылдың 18 маусымында ҚР Үкіметі 2020 жылдан бастап міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтердің тізбесін бекітті. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Кызылорда облысы бойынша филиалының директоры Руслан Бектібаев баяндады.
«Қазақстанда 2020 жылдан бастап медициналық көмек екі түрлі пакет бойынша көрсетіле бастайды. Біріншісі – кепілдендірілген тегін медициналық көмек (ТМККК) пакеті. Бұл жедел және шұғыл көмек көрсетуге, сондай-ақ қоғам үшін маңызы бар ауруларды бақылауда ұстауға бағытталған. Мұны барлық азаматтар, сақтандырылған-сақтандырылмағанына қарамай пайдалана алады. Ал міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеті – азаматтардың өмір сапасын жақсартуға, ұлт саулығының негізін қалауға ықпал ететін қызметтерден тұрады. Бағасы қымбат болып келетін операциялар, сирек медициналық қызмет түрлері, салалық мамандардың қабылдауы сынды т.б. қызметтер кіретін МӘМС пакетін сақтандырылғандар пайдалана алады. Оған МРТ, компьютерлік томография, ПЦР-анализ сынды қызметтер де енгізілді», – деді Руслан Бектібаев.
Сонымен қатар жедел жәрдем, шұғыл көмек, әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу, емханадағы бастапқы санитарлық-медициналық көмек, дәрі-дәрмекпен қамту, паллиативтік көмек, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек, консультативтік-диагностикалық қызметтер бұрынғыша тегін көрсетіле беретін болады. Р.Бектібаев «Медициналық сақтандыру халыққа қаншалықты қажет?» деген сауалға:
– Біздің елде азаматтар денсаулыққа жұмсалатын жалпы шығынның 40 процентін өз қалтасынан төлейді. Дәрі-дәрмек сатып алады, ақылы клиникаларға қаралады. Мұның отбасы бюджетіне едәуір салмақ түсіретіні даусыз. Жаңа жүйе осы шығынның белгілі бір бөлігін сақтандыру есебінен жабуға мүмкіндік береді. Реформаның маңызы міне, осында», – деп жауап берді.
Айта кету керек, мемлекеттік тапсырыс аясында медициналық көмек көрсетуге дайын жеке медициналық ұйымдардың саны бойынша Қызылорда облысы көш басында тұр.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ