БАҒДӘУЛЕТТІҢ БӘСІ БИІК

Ол аудандық «Өнер» мектебінде баян сыныбында білім алып, үздік аяқтаған. Ұстазы Досхан Абатұлы Бағдәулетті мектепке алғаш келген күнінен-ақ дарынын байқап, «Боламын деген баланың бетінен қақпа, белін бу» демекші өнерге баулып, талантын шыңдайды. Осылайша шәкірті көп ұзамай-ақ өз жетістігімен ұстаздарын қуантып, биік белесті бағындырады. Отандық және шетелдік авторлардың түрлі шығармасын жетік меңгеріп, көптеген байқауда жеңімпаз атанып келді. Аудан мерейін өсірді. Сондай-ақ аудандық өнер мектебінің тарихында алғаш рет өзінің жеке концертін берген жас өнерпаз бұнымен тоқтап қалмай, қалалық «Өнер» мектебінде де өз өнерін көрсетіп, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Өнер қайраткерлерінің ақ батасын алды.
Жуырда Бағдәулеттің тағы бір жеңісін естіп қуандық. Балалар музыка және өнер мектептерінің білім алушыларының арасында өткен жас музыканттардың республикалық фестиваль-байқауында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып, бас жүлдені қанжығалады. Бұл – қосымша білім беру өнер мектептерінің арасындағы ең жоғары деңгейдегі конкурс. Осынау сайысқа баян аспабымен күрделі шығармаларды мүдермей орындап, марапат мінберінен көрінді.
Бағдәулет Қойшыбай бұған дейін де көптеген байқауда үздік шыққан. Атап айтар болсақ, облыстық «Бозторғайда» бас жүлде, республикалық «TANM ART», І Халықаралық «Күй табиғаты», облыстық «Еңбегі ерен өнері өрен Орекең» атты баянистер байқауы, аймақтық XІІ «SYRNAI-FEST», III Халықаралық «Accordeon-Fest», облыстық «Жас музыканттар» VIII республикалық «Жас музыканттар» байқауында оқ бойы оза шауып, бас жүлде иегері атанған.
Биыл өнерін одан әрі жетілдіру мақсатында Қызылорда қаласында орналасқан «Қазанғап» атындағы музыкалық жоғары колледжіне оқуға түсті.
Жас өнерпаздың бұл жеңісі – оның таланты мен тынымсыз еңбегінің, ұстазымен бірлесе жеткен табанды ізденісінің айғағы. Алдағы уақытта да Бағдәулетке шығармашылық шабыт пен жарқын болашақ тілейміз.
М.ҚАЙРАТҰЛЫ