«ШАБЫТ ҚАНАТЫНДА» ШАЛҚЫҒАН ШӘКІРТТЕР
Қазалы ауданында Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен, жас таланттар асыға күтетін «Шабыт қанатында» атты IV республикалық шығармашылық конкурсы өтті. Аталған байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 300-ге жуық жас өнерпаз қатысты. Олар көркем сөз, аспапта ойнау, оркестр және ән салу бағыты бойынша өнерлерін ортаға салды. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан таланттарға, арнайы дипломдар табысталып, халықаралық байқауға жолдама берді.
Өнерімен көпті тәнті етіп халық қошеметіне бөленіп, әділқазы алқасының оң бағасына ие болған Шиелі ауданының өнерлі жастары бас жүлдені еншіледі. Қазақтың қоңыр үнді домбырасымен «Аспапта ойнау» бағыты бойынша Мәди Сейсенбай мен Нұрайым Бұлтыңбай жеңіс тұғырынан көрініп, Алматы қаласында және Өзбекстан елінде өтетін байқауда бақ сынайтын болады. Шәкірт жеңісі, ұстазының мерейін өсіретіні анық. Осы жарысқа оқушыларын дайындап, үздік жетекші атанған Бала би ауылы,«Inzhu-group» өнер мектебінің ұстазы Бекзатхан Сәулебайдың еселі еңбегінің жемісі деп білеміз. – Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Жарысқа апарған қос шәкіртімнің жеңісі, алғашқы баспалдағы деп ойлаймын. Алдағы уақытта халықаралық байқауда бұдан да жақсы нәтиже көсетеді деп сенемін. Байқауға қатысуымызға қолдау білдірген «Inzhu-group» өнер мектебінің меңгерушісі Жанар Қабылбайқына алғысымды білдіремін, – деді Бекзатхан Сәулебай. Иә, сонымен жерлестеріміздің жеңісіне біз де қуанып, сіздермен бөлісуді жөн санадық. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын өңіріміздің өнерпаздары тек биік шыңдарды бағындыра бергей!
М.ҚАЙРАТҰЛЫ