Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АЯЖАННЫҢ АСУЫ

АЯЖАННЫҢ АСУЫ

«Өнер – өнегелі, ақылды адамдарды тәрбиелейтін құрал» – деп Кеңес педагогы В.Сухомлинский айтып кеткендей, тәрбие үрдісінде өнерге аса көңіл аудару қажеттілігін атап көрсеткен болатын. Сол өнердің бірі – би өнері. Би – бір сәттік, билеу кезінде ғана өмір сүретін уақытша, өткінші, алдамшы сезім емес. Би өнері – ұлттық құндылықтарды насихаттайтын ұлы өнер.
Жуырда Алматы қаласында «Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына» арналған «Мәңгілік ел мақтанышы» атты Республикалық рухани-патриоттық байқауы өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған бұл байқауға шын жүйріктер қатысты. Осылардың арасынан «Хореографиялық өнері – эстрадалық би» номинациясы бойынша ауданның жас өнерпазы Аяжан Нұрбаева бақ сынап, жеңіс тұғырынан көрінді. Бірінші дәрежелі Лауреат атағын иемденген жас өнерпаз ауданның мерейін асырды. Аяжан бүгінгі таңда Бидайкөл ауылындағы №148 қазақ орта мектебінің 2 «ә» сынып оқушысы. Ол өнер жолын аудандық әуез мектебінің би факультетінен бастаған. Жас өнерпазға бүгінгі таңда Сәлима Кенжебекқызы жетекшілік етіп келеді.
– Мен Аяжанның биге деген ынтасына тәнтімін. Ол біздің мектепке келгелі өнерге құштар болып, әрқашан жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Енді міне, бүгін Аяжан тағы да жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл біз үшін үлкен қуаныш. Ол өте білімді, алғыр қыз. Біз оның болашақта ең мықты биші боларына сенеміз, – дейді жетекшісі.
Иә, «өнерлінің өрісі кең» демекші, талантты өнерпазға алдағы уақытта тек сәттілік тілейміз. Аудан абыройын асқақтатып жүрген Аяжанның алар асуы биік болсын. Жас өнерпаздың қанжығасы әр додада майланып, жеңіс туын желбірете берсін демекпіз.

С.Сұлтан
14 желтоқсан 2021 ж. 472 0