Сәндік өнердің шапағаты
«Сәндік-қолданбалы өнер» ұғымы ХХ ғасырдың алпысыншы жылдары пайда болды. Бұған дейін ол халықтың қарапайым түсінігінде, «қолөнер» ұғымының аясында пайдаланылып келді. «Сәндік-қолданбалы өнер», «қолөнердің» өңделіп жетілген формасы іспеттес екеуін бір-бірінен бөлектеп қарауға болмайды, керісінше, олар бірін-бірі мазмұндық тұрғыда толықтыра түседі.
Қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнері өзінің тәрбиелік мүмкіндіктерін бүгін де жоғалтқан жоқ. Керісінше, заман талабына қарай, оның көкейкестілігі бұрынғысынан да артып отыр. Осы орайда, №149 Ә.Монтаев атындағы орта мектебінің технология пәнінің мұғалімі Мөлдір Тұрсынбекқызы осы бағытта оқушыларды қолөнерге баулып келеді. Мектеп оқушылары кәсіби бағдар және мамандыққа баулу аясында «Сәндік өнер» факультатив сабағы беріліп, балалардың көкжиегін дүниетанымын жан-жақты дамытуына көмектесуде. Бұл сабақтың өту мақсаты оқушыларды шығармашылыққа қолөнерге, кәсіпке бейімдеп жеткіншіктерге технология мәдениеттін қалыптастыруда үлкен мүмкіндік еді.
Бүгінгі нәтижесі де жоқ емес. Мектеп оқушылары республикалық жарыстардан көрініп жүр. Соның бірі – Түркістан қаласында «Қазақстан үміті» республикалық жас өнерпаздар байқауы өткен болатын. Аталмыш шараны «Жеті өнер» шығармашылық орталығы ұйымдастырып, осы жарыста жерлесіміз №149 Ә.Монтаев атындағы орта мектебінің оқушысы Жанерке Байзақова жеңіспен оралды. Ол байқауда «Сәндік өнері» номинациясы бойынша қатысып, өзін болашақ жас өнерпаз ретінде таныта білді. Сондай-ақ, шеберлігі мен ой-таным қабілеті озық болғаны үшін бас жүлде дипломымен марапатталды. Осы жеңістің арқасында Алматы қаласында өтетін «Жеті өнер» III халықаралық шығармашылық конкурс-фестиваліне тегін қатысуға сертификат жолдама табысталған болатын. Сәттілік серік болсын деп тілейміз
Ж.Ноғайбайқызы.