Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Би өнері еңбектенуге баулиды

Би өнері еңбектенуге баулиды

Би – өмір сүру символы. Ол адам баласын үнемі көтеріңкі көңіл-күйде, қанаттанып жүруге ықпал ететін өнер. Сонау ерте дүниеден адам аң мен құстың қимылына қарап, жапырақтардың сыбдырына, бұлақ суының сылдырына елтіп, соларды жанына тоқып дамыған. Би өнері сұлулық, сымбаттылық, әсемдік сыйлайды, еңбектенуге баулиды. Ол этика мен эстетикалық тәрбие беріп қана қоймай, жанға қуат береді.
«Өнер – өнегелі, ақылды адамдарды тәрбиелейтін құрал» деген Кеңес педагогы В.Сухомлинский тәрбие үрдісінде өнерге аса көңіл аудару қажеттілігін атап көрсеткен болатын. Сол өнердің бірі – би. Би бір сәттік қана, билеу кезінде ғана өмір сүретін уақытша, өткінші ғана алдамшы сезім емес. Би өнері – тілсіз өнер, оның айтар мағынасы болуы шарт. Философиялық мағынаға бай болуы тиіс. Былай айтқанда, спектакль іспеттес. Жүректегі, ойдағы жазуды би тілімен жеткізу, халықты бұған сендіру – басты мәселе. Осы жағынан келгенде, қолдың, саусақтың, буынның, дененің әр қимылы – пәлсапа! «Қамажайды» білмейтін қазақ жоқ! Қазақ биі дегеніміз – Ш.Жиенқұлованың «Былқылдағы», З.Райбаев сияқты ағаларымыз қалдырған «Қаражорға», «Келіншек», «Ұтыс биі», «Қоян-бүркіт», «Асау ат», «Алтынай», «Аса таяқ», «Дауылпаз», «Айжан қыз», «Аққу», «Домбыра» – бұлар тарихы тереңде жатқан қазақ биі туындыларының маржандары. Міне осы үдеден табылып, би өнерінің ізін жалғап келе жатқан аудандағы белгілі хареограф Динара Оразованы атап айтуға болады.
Білікті биші Д.Ыдырысқызы 1975 жылы Талаптан ауылдық округінде дүниеге келген. 1992 жылы өзі армандаған Алматы қаласындағы Қыздар мемлекеттік педагогикалық институттың музыка факультеті, хареография бөліміне оқуға түседі. Алғаш еңбек жолын 1999 жылы О.Бодықов қазіргі Нартай ауылдық мәдениет үйінде көркемдік жетекші болудан бастайды. Одан әрі 2005 жылы Шиелі аудандық мәдениет үйінде «Жас дәурен» халықтық ән-би ансамблінің балетмейстрі қызметіне ауысады. Осылайша өнер әлеміндегі қадамын нықтап басып, 2018 жылдан бас­тап оқушыларды биге баули бастайды. Бүгінгі таңда аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Айшуақ» би үйірмесінің жетекшісі.
Талай додада бақ сынап, әлем елдерінен абыроймен оралып жүрген бишілерді аудан халқы мақтанышпен айтуда. Қазіргі таңда «Айшуақ» би үйірмесінде 40-тан астам оқушы бар. 6-14 жас аралығында кіші топ, одан әрі орта және жоғары топ шәкірттерін дайындау­­да. Аудан бишілерінің алған асуы көп. Алайда шығар биігі әлі алда. Мәселен Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Ұлыбритания астанасы Лондон қаласында өткен «Супер әлемдік талант – 2020» онлайн байқауда «Айшуақ» би тобы бірінші орынды қанжығалады. Динара Оразова жетекшілік ететін би тобындағы додаға түскен өнерпаздар небәрі 10-13 жас аралығындағы балғындар. Сондай-ақ 2020 жылы Шымкент қаласында өткен «Bala Stars» балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен өткен байқауда «Айшуақ» би тобы «Сыйлық» биін орындап 1 орын иеленді. А.Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған облыстық «Ұлы дала ырғақтары» атты байқауда 3 орыннан қара көрсетті. Атап айта берер болсақ жетістіктерінің соңы көріне қоймасы анық. Ал кәсіби биші дайындау жолында қажырлы еңбегімен көрініп жүрген Динара Ыдырысқызы «Еңбек даңқы» медалін кеудесіне тақты. Бұл күнде өзі баулыған шәкірттерінің алды өзімен бірге әріптес атанып та үлгерді.

Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ
12 қаңтар 2021 ж. 942 0