Өнері қатарынан оздырған
Міне, осы ұстанымды назарға алған Байсын ауылы, №207 мектептің білікті ұстазы Майгүл Достиярова сабағында балаларды өнер арқылы тәрбиелеуді мақсат тұтқан. Сонымен қатар, өнерге баулып қана қоймай, оның нәтижесі арқылы өз шәкірттерін биіктерден көруді жөн санайды. Сөзіміз жалаң болмас үшін аталған білім ошағының кішкентай түлегі Шоқан Кенжебектің жеңісін айтуға болады. Атап айтқанда, жас өнерпаз республикалық «Жас дарын» дарынды балалар орталығы ұйымдастырған «Самға Самұрық VII» байқауында «Қолөнер» аталымы бойынша жүлделі орынға ие болып, ұстаздары мен мектебінің абыройын асқақтатты.
Жалпы, байқаудың мақсаты – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын дәріптеу, балалар мен жасөспірімдердің рухани, адамгершілік және көркемдік деңгейін қалыптастыру, қазақ өнеріне, мәдениетіне сүйіспеншіліктерін арттыру болатын. Мәдениет пен өнердің ордасы саналатын алып шаһар Алматыда өткен осынау байқауға қатысып, бағын сынағандар аз болмапты. Дегенмен, жерлесіміз Шоқандағы бала жүректен шыққан өнер туындысы өз деңгейінде бағаланып, дараланды. Бұл да болса, өнерге деген сүйіспеншілік, рухани әлемге алғашқы қадамдар. Олай болса, біз де бала Шоқанға алар асуың мен шығар шыңдарың биік болсын демекпіз.