Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Шығыс биі» тойға арналмаған

«Шығыс биі» тойға арналмаған

Бүгінде қазақ халқының сахнасы – той. Өнерге қадам басқан жас жеткіншектің сыналар орны да, жарқырап жұлдыз болар сәті де тойдан бас­тау алады. Алайда, той мәдениетінің төмендеуі, дарақылықтардың орын алуы өзекті мәселеге айналғалы қашан. Би жарыстың көркін қыздырам деп күлкіге қалып, жұрт алдында ұятқа қалғандар да жеткілікті. Осы орайда, аудандағы хореограф Мырзакүл Серікбаевамен сұқбат өрбіткен болатынбыз.
– Ауданда балаларды би өнеріне баулу мақсатында қашаннан бері жұмыс жасап келесіз?
Мен 2005 жылдан бері аудан­дық оқушылар үйінде хореограф болып жұмыс жасап келемін. Бүгінгі таңда 60 оқушыны 4 топта тәрбиелеудемін. Би билеу – адамның көңіл-күйін көтереді. Сонымен қатар, түрлі қозғалыстарды жасау арқылы қан айналымы жақсарып, бой жеңілдеп, ми тамырлары кеңейеді. Биді спортқа жатқызудың да өзіндік себебі бар. Өйткені, би көп энергияны қажет етеді. Адам өз-өзін үнемі шынықтырып отыруы тиіс. Жалпы би өнері – әуеннің ырғағымен дене қимылы арқылы көрсетілетін өнер. Әрбір өнер адамзаттың сезімін, қайғы-қасіретін, ойын, неше түрлі бүгінгі, кешегі, тарихи немесе фантастикалық оқиғаларды адамдарға өзіне тән амал-тәсілдермен жеткізуге тырысады. Әр өнердің өзіндік ерекшелігі бар. Би өнері – тілсіз өнер. Оның да айтар мағынасы болуы керек. Мұнда адам ойындағы, жүрегіндегі жазуды би тілімен жеткізе білу басты шарт. Ол үшін қолдың, дененің, саусақтың, буынның әр қимылы үлкен рөл ойнайды. Кәсіби бишіні аяқ алысы мен саусақтарынан тануға болатынын әр сабақ барысында шәкірттеріме ескертіп отырамын.
– Соңғы кездері батыстың даңғаза, жеңілтек әуендеріне еліктейтін қазақ жастары көбейіп кетті. Сол секілді жастар арасында батыстың жұлқынған әуендеріне ғана билеу дәстүрге сіңіп барады. Сонда бұл біздің қазақтың дәстүрлі әуендерінен, биінен безінуіміз бе? Әлде, қазақ билері қазіргі қазақ жастарының талғамына татымайтын болғаны ма?
Қазіргі кезде тойда би билеп, оңай табыс табудың жолында бишілер белсенділік танытып жүргенін көріп те, біліп те жүрміз. Бұл аз десеңіз, би тобын жинап алып әнші де, күйші де, жәй мектептің сынып жетекшісі де жүр. Олардың ішінде даладан балаларды топтастырып, топ құрып жүргендері де бар. Иә, бұл санатты арзан билерді біреуге қойғызып, арзан костюмдерді тіккізіп, әйтеуір бүгін өтсе болды дегендер құрайды. Сондай-ақ, той иелері сол даңғаза батыстың, шығыстың биін орындауды жиі сұрайды. Мен алғашқы кездері мейлі ғой, би өнеріне баулитындар көбірек болса болды емес пе дейтінмін, ал, кейінгі кезде әуесқой бишілер би өнерін жарқыратып емес, оны мәртебесінен айырып, тіпті таптап жүр. Би өнері адамның жоғарғы сезімдерін ояту үшін, эстетикалық, ұнамдылық тәрбие беру үшін қоғамда қолдауға ие. Ал, олардың билері қалай болса солай, қимылдары жалған, дененің икемділігі дұрыс қойылмаған. Ащы болса да айтайын, жеңіл-желпілік тәрбие беретін секілді. Сол би топтары ешқандай байқауларға қатыспайды, тек көздеріне той көрінсе болғаны… Сол тойдың табиғатына бейім. Тіпті, таңдаған әуеннің сөзі мен мағынасына да мән бере бермейді. Негізінен би тойдың тұздығы. Әдемі, көрнекті, мәдениетті болмыста болуы тиіс. Тойдың шымылдығын ұлттық бимен түріп, арасында өзге ұлттардың да билерін көрсетуге болады. Алайда, шет елдің билеріне сұраныс артқан сайын қазақ биі тасада қалып барады. Бұл жастардың талғамына сай емес, не болмаса ұмытылып кетеді деген сөз емес. Ұлттық биді нақышына келтіріп билеп, тойдың сәнін ғана емес әдеп-ғұрып мәдениетін жандандыру жолында шәкірттер тәрбиелеп келемін. Би өнерін өркендетсе, жетілдірсе сонда ғана той мәртебесін жоғалтпас еді. Алыстан қарап-ақ өрісі кең өнерге жаным ашиды.
– Сөзіңіз аузыңызда. Шет ел билеріне сұраныс көп дедіңіз. Ал, «Шығыс биін» тойда орындау қаншалықты дұрыс? Жалпы, тойдағы би жарыс жайында не дейсіз?


«Шығыс биі» физикалық дене қимылдарының элементі мен ерлерді қызықтыру өнерін біріктіріп шығарған әлемге танымал би түрі. Бұрындары патша, бай, шонжарлардың көңілін аулау мақсатында орындалатын бұл биді қазақ тойында билеудің керегі жоқ деп ойлаймын. Атасымен келіні, ағасымен қарындасы, кішкентай балалар жүретін тойда ашық-шашық үлгідегі ерсі бидің мәдениетімізге жат екені айтпаса да белгілі. Меніңше, «Шығыс биі» тойға арналмаған. Ал, тойдағы би жарыстың соңы бейәдеп қылыққа ұласуы ащы судың әсерінен болса керек. Сонымен қатар, көптің назарын аударам деп артық кетіп, анайы қимылдар көрсетіп те жатады. Міне, осындай келеңсіздіктер көрініс алмауы үшін, бос уақытта би үйірмесіне жазылғанның әбестігі жоқ деп ойлаймын. Себебі, бүгінгі таңда кез келген той би жарыссыз өтпейтін болды. Осындай сәттерде досыңыздың не туысыңыздың көңілін көтеріп әдемі жұптық би көрсете отырып, қошеметке де бөленесіз. Арнайы хореографтармен келісіп, уақыты мен бағасын өзіңе лайықтап алуға да мүмкіндік бар.
– Би өнерін тілге тиек еткен соң сіздердің жеткен жетістіктеріңіз жайында да сөз қозғағанды жөн көріп отырмыз...
Аллаға шүкір! Халықаралық Алматы, Астана, Қарағанды, Түркістан қалаларында өткен «Ғұмырдария», «Ақкөгершін» т.б сынды байқауларда жеңімпаз атанып, жүлделі орындармен оралып жүрміз. Сондай-ақ, республикалық, облыстық «Таңшолпан», «Бозторғай», «Ботақан» сынды байқаулардан жүлдесіз қайтқан кезіміз болмады. Тек, демеушілік танытып, өнерпаздарға серпін сыйлау жағынан қиындықтар туындап жатады. Көптеген шәкірттерімді өзім апарып, шығынын да мойныма алған кездер болды. Десе де, ауданның абыройын асқақтатып, биіктерден көрініп келеміз. Көптеген сайыстарға «Лаула» бишілер тобының әуен таңдау, киім үлгісінің үйлесімдігі мен кәсіби би орындау тәсіліне көпшілік жоғары бағасын беріп келеді. Бұл да «Лаула» бишілер тобының жетістігі.
– Уақыт бөліп, әңгіме­леске­ніңізге рақмет. Жеңісте­ріңіз көп болғай!

Сұқбаттасқан:
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
22 тамыз 2018 ж. 1 166 0