Шиелі өнер мектебі – таланттылар мекені
«Өнер – таусылмас азық, жұтамас байлық» деп бекер айтпаса керек. Әр адамның өзінің ерекше бойына біткен таланты болады. Осы қасиет арқылы адамдар көпке танылып, дарынымен, талантымен, өнерімен өрге жүзеді. Бала кезінен белгілі бір үйірмеге қатысып, жан-жақтылығын дамытады. Сондай орталардың бірі – Шиелі өнер мектебі.
Тарихқа көз жүгіртсек, алғашында аудандық балалар музыка мектебі болып құрылған мекеменің іргетасы 1968 жылы қаланған. Аталған жылы 4 мұғаліммен біріккен мектеп кейін бірте-бірте үлкейеді. 1980-1990 жылдары дағдарыс уақыты кезеңінде Шиелінің орталығында бір уақытта бес мектеп болып тұрған. Кейін 1991-1992 жылдар аралығында Кеңес Одағы тарқағаннан соң, қаражаттың жетіспеушілігінен төрт мектеп жабылып, содан осы балалар музыка мектебі қалады.
Тарихқа көз жүгіртсек, алғашында аудандық балалар музыка мектебі болып құрылған мекеменің іргетасы 1968 жылы қаланған. Аталған жылы 4 мұғаліммен біріккен мектеп кейін бірте-бірте үлкейеді. 1980-1990 жылдары дағдарыс уақыты кезеңінде Шиелінің орталығында бір уақытта бес мектеп болып тұрған. Кейін 1991-1992 жылдар аралығында Кеңес Одағы тарқағаннан соң, қаражаттың жетіспеушілігінен төрт мектеп жабылып, содан осы балалар музыка мектебі қалады.
Уақыт өте келе, 2020 жылдан бастап аталған мектептің атауы «Шиелі өнер мектебі» деп өзгереді. Бүгінде мектепке 2022 жылдан бері Нариман ыыМизамбаев басшылық етіп келеді.
Өнер мектебінде домбыра, дәстүрлі, эстрадалық ән салу, қобыз, би, баян, саксофон, аккардеон, гобой кластары бойынша 61 мұғалім дәріс береді.
– Бұл өнер ордасына мен бір жарым жылдан бері басшылық етемін. Мені шәкірттердің өнерге деген қызығушылығы, құрметі қуантады. Өнер мектебінің негізгі мақсаты – балалардың музыкалық сауатын ашу, қызығушылығын арттыру, аспаптарда ойнауға үйрету және ұлттық музыкалық аспаптарды кеңінен насихаттау. Жалпы өнер ордасында 720 оқушы тәлім-тәрбие алып жатыр. Жалпы мектепте 6-16 жас аралығындағы балалар қабылданады. 2021-2022 оқу жылында 70 оқушы өнер ордасын аяқтаған, – дейді өнер мектебінің директоры.
Оқушылар түрлі деңгейдегі өнер байқауынан оза шауып жүр. Өнерпаздың сайыста тәжірибе алатындығын ескерсек, өнер мектебінің атқарып жатқан жұмысы оқушылардың талай бәйгеде бақ сынап, жүлде иеленіп жүргенінен толық аңғаруға болады. Ұстаз мерейін арттырып, талай шәкірт асуларды бағындырып жүргені жасырын емес. Атап айтар болсақ, облыстық жас музыканттар байқауынан Әлижан Ғалымжанұлы сертификат алса, «Ақ шағала» байқауында «Аяла» би тобы ІІ орынды иеленді. Абдулла Әділбековте жас музыканттар сайысына қатысып, ІІІ орынды жеңіп алған.
Республикалық деңгейде топ жарып жүрген Әйгерім Әшімова, Мырзатай Тұрманов, Шыңғысхан Егеубай, Кәусар Әріпхан, Мерей Ибатулла, Бақдәулет Русланұлы, Інжу Серікбай мен Айзере Аяпбергенованы ерекше атап өткеніміз жөн болар.
Одан бөлек, өнер мектебінде мұғалімдерден құралған «Сырлы саз» халық аспаптар ансамблі және Қошқарбек Тасбергенов атындағы халық аспаптар оркестрі жұмыс істейді. Талай концерттің шымылдығын ашқан ансамбльге жоғары санатты ұстаз Нариман Әшімханұлы жетекшілік етеді. Аудандық, облыстық көлемдегі мәдени іс-шаралардың көркін келтіріп жүр.
Өнер мектебінің тағы бір ерекшелігі, мүмкіндігі шектеулі 6 баланы тегін оқытады. Негізі жеке орындаушыларға – 2000 теңгеден болса, топтық биге – 1000 теңгеден. Мектеп мұғалімдері білікті жастармен толығуда.
Сондай-ақ редакциямызбен өнер мектебін аралап жүргенімізде, көкірегі ояу, көзі ашық, білімді жастарды кезіктірген едік. Олардың айтуынша, өнер оларды әдемілікке, ізігілікке, басқаша әлемге баулиды.
Олай болса, қаншама талантты баланың талаптарын шыңдай білген, қанаттарын қатайта түскен ауданның Шиелі өнер мектебінің мерейі әрқашан үстем болсын. Осында білім алып жүрген жас өрендер ұстаздарынан озық түсіп, өнерлерін туған өлкеге, дөңгеленген төрткүл дүниеге таныта жүрсін деген лебізіміз бар.
Айнұр ИБРАШЕВА