Талдықорғанда жаңа музыка мектебі ашылды
Талдықорғанда бүгінгі мерекеге орай 300 орындық жаңа музыка мектебі ашылды. Оның құрылысы өткен жылы басталды. Бұл мақсатқа бөлінген 1 миллиард теңгеге заманауи ғимарат бой көтеріп, оқу кабинеттері инновациялық технологиялармен және музыкалық аспаптармен жабдықталды. Музыка мектебінің ішінде концерт залы, оркестрге арналған бөлме, шеберхана, кітапхана мен буфеті бар. Оның ашылу салтанатына отандық музыканттар, әнші, сазгерлер де қатысты. Ал мектеп оқушылары шараға жиналған қонақтардың алдында өз өнерлерін көрсетті. Ұлыбек Әнуарұлы, оқушы: - Біз бұл күнді көптен күттік. Мереке күні пайдалануға берілетін болған соң, сыныптастарымызбен бірге ән салып, тыңғылықты дайындық жасадық. Қаламызда заманға сай саз мектебінің ашылғанына өте қуаныштымыз. Әли Алпысбаев, сазгер: - Өнерге жақын, музыкамен айналысқан бала өте әдепті, өте сыпайы және әдемілікті жақсы көретін сезімтал бала болып тәрбиеленеді. Сондықтан бұл саз мектебі біздің қалаға өте керек болды. Қазақстанда мұндай мектеп жоқ. Архитектурасы ерекше салынған. Кең, әсем, биік, сондай бір әдемі салынды. Сондықтан да біз, ел, халық өте риза.
www.24.kz
www.24.kz