Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАЙРАН, ЖЕЛГЕ ҰШҚАН ҚАРЖЫ

ҚАЙРАН, ЖЕЛГЕ ҰШҚАН ҚАРЖЫ

Түнеукүні Тәуелсіздік көшесі бойымен келе жатып, аты дүрдей «Қазанғап ата» есімі берілген саябаққа көзім түсті. Сырттай сүйкімді көрінген соң, ішіне кіріп бір сәт демалуға беттедім. Кірген бетім сол еді, дереу көңілім су сепкендей басылды. Себебі...
Пайдалануға берілгеніне жыл толмай жатып, саябақтың сиқы қашқан. Демалатын бақтағы бір орындық, саябақтағы көк шөп егілген алаң, енді ғана егілген ағаштар түптамырымен жұлынған. Тіпті қоқыс жәшіктерін де жұлып алып кеткен. Осыған қарап, ауданда жасөспірімдер арасындағы бұзақылық, соның ішінде қоғамдық орындардағы тәртіпсіздік, мемлекеттік мүлікке зиян келтіру әрекеттері азаймай тұрғанын бажайладық.
Мына аласапыран заманда ел қатарлы біреуден ілгері, біреуден кейін күнімізді көріп жатырмыз. Сәйкесінше, ауданда атқарылып жатқан жұмыстар да қыруар. Мемлекеттен қаралған миллиондаған қаржы көше, жарық, жол сынды халықтың қажеттілігіне жұмсалады. Сондай-ақ сквер, аллея, спорттық алаңдар да кент ішінен бой көтеріп, бұқара игілігіне берілуде. Жаһанданудың жолында жүзеге асырылып жатқан бұл жұмыстар бәсекеге қабілетті елдер қатарынан қара көрсетуімізге де сеп болмақ. Әрі туған жерің гүлденіп, сәнсалтанаты артып жатса неге қуанбасқа? Сәнді құрылыс, сапалы нысандар әл-ауқатымыздың артуына да себепкер болары хақ. Қалаға барып, көрікті жерлерде серуендеуді аңсаған жастар үшін де ауданның гүлденуі маңызды болуы керек-ақ. Десе де, бүлдіріп, сындыру сынды бұзақылықтың ауылы алыстамай тұр.
Мәдениет. Осы сөзді күнделікті өмірімізге байланыстырып қолдансақ, мәдениетті, мәдениеттілік, мәдениетіміз деген кең ұғымдарға еніп кетеміз. Ең бастысы, өркениеті озық 30 елдің арасынан орын алу үшін мәдениетіміз де соған сай болу керек екені қаперде болғаны жөн. Себебі адам баласының атам заманнан бері талпынғаны сол, мәдениеттің шын мағынасындағы дәрежесіне жету. Мәдениетті болу, оның белгілі сатысына табан тіреп, ілгері өрмелей беру – заманымыздың және өмірдің алдымызға қоятын негізгі талабы. Адамның мәдениетті болуы қай кезде де маңызын жоғалтқан емес және жоғалтпайды да. Соңғы кездерде көпшіліктің ойына жиі оралып жүрген, арамыздағы өсіп келе жатқан кейбір жастардың бойындағы құқықбұзушылық, әртүрлі қатыгездік, жауапсыздық сынды келеңсіз оқиғалар да осы мәдениеттің төмендігін аңғартса керек-ті.
Халыққа жайлы жағдай жасау бағытында салынған саябақтар мен скверлердің жайы осылай. Ал оған кінәлі кім? Әрине, өзіміз. Жоғарыда айтып өткеніміздей, мәдениеттің төмендеуі. Ал оның алдын алу, болмаса осындай келеңсіздіктерге тосқауыл қою үшін заң жүзінде де тәртіп қаралуы керек шығар, бәлки. Сонда ғана қоғамдық орындарды ластауды қоярмыз.
Бұл тек қалам ұшына іліккен «Қазанғап ата» саябағының жыры емес, кенттегі бүкіл демалыс орындары мен балалар алаңқайында кездесетін жайт. Біз осы мәселе төңірегінде саябақты салуға мұрындық болған Бақытбек Қазанғапұлымен тілдестік. Әңгіме барысында бұл саябаққа 15 миллион қаражат құйғанын білдік. Енді неге тұрғындар демалсын, балалар асыр-салып ойнасын деген алаңқайды аяламасқа?
– Саябақ туралы жазғаныңыз жақсы болды. Мен саябаққа жақын маңда тұрамын. Бұнда құйылған қаражаттың көп бөлігі далаға кетті деуге болады. Саябақтағы жасалған көп дүние осы Бақытбек мырзаның араласуымен жасалды. Бұны айтуымыз керек. Қазір енді айналаға зер салып қараңызшы, жасалған дүние бүлініп бітті. Орнатқандарды ұрлап әкетті. Негізі әр нәрсеге бақылау болуы керек. Осыған жауапты мамандар арнайы рейд ұйымдастырып, бәрін көруге тиіс еді. Бірақ ешкімге ештеңе керегі жоқтай ма дейсің?! – дейді кент тұрғыны.
Осы саябақты салуға атсалысқан Бақытбек мырза да пікір білдірді.
– Бұған дейінгі «Қазанғап ата» саябағымен қазіргіні еш салыстыруға келмейді. Бүгінгі көркіне қарап көз тояды демей-ақ қоялық, бірақ жасалған істі бағалау мен оны бақылау деген болады. Бізде тәртіп жағы кенжелеу болғандықтан, жасалған дүние көзге көрінбей жатады. Мәселен, орындықтар, жарық шамдары сынып сиқы қашқан. Бұны жұмыстың сапасыздығынан демей-ақ қоялық, бұл – сол жерге келетіндердің ісі. Бұл тек осы саябақтағы мәселе емес. Барлық жерде күн тәртібінен түспей тұрған дүние. Мінекей, қазір көктем келіп, көркейту-көгалдандыру жұмыстары қызатын шақ. Осындай ел игілігіне берілген дүниелерді бұзақылар бүлдірмеуі керек. Өзгелер үшін емес, өзіміз үшін жасалған дүниеге жанымыз ашымаса, жаһанданудың шаңын жұтып, жарығы жоқ көше, жолы жоқ ауыл болып кері кете береріміз анық іс. Сондықтан баланы бастан тәрбиелеп, жасөспірімдерді тезге салудың айла-тәсілін таппасқа болмас, – дейді Б.Қазанғапұлы.
Қазанғаптай бабаның есімі берілген қасиетті жердің ұландарына, болашақ азаматтарына бұл әрине, үлкен сын. Иә, мейлі «ханның да қызы қателеседі» деп кішкентай бұзақыларды бұл, жолы да ақтап алармыз. Алайда, олар ертең қандай азамат болып өспек? Қазақ он үште отау тіктіріп, ел басқартқан балдардың, 16 жасқа келсе де шалалығы басылмай жүргені қалай? Бүгін шамды сындырып, тоқты үзіп, істі болса, ертең қандай қылмыс жасайтынын кім біледі?
«Тәрбие тал бесіктен» деп бекер айтпаған ғой. Осы орайда ата-аналар да, баланың бүлдіргенін түзетуге емес, оларды қоғамға, ортаға сай азамат ретінде қалыптастыруды ойлауы керек сыңайлы. Осыдан бірнеше жыл бұрын елімізде жастар жылы, еріктілер жылы жарияланды. Мейлінше, мемлекет басшысы жастарға ерекше көңіл де бөлуде. Сол үшін мектептен бос уақытында ұл-қыздарды аудандағы Жастар ресурстық орталығына жіберу керек. Қоғамдық жұмысқа араласып, өздеріндей ауданның белсенді жастарымен танысып, бірге жаңа жобаларды жүзеге асырып, бойындағы артық энергиясын игілікті іске, қайырымдылыққа жұмсасын. Қазақтың біртуар ғалымы Қаныш Сәтбаев: «Өз елінің қара тасын мақтан ете алмаған, өзге жердің алтынын да мақтап жарытпақ емес» деген екен. Түсіне білген жанға осы екі ауыз сөздің астарында да үлкен мән, мағына жатыр.

05 наурыз 2024 ж. 153 0