Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Скверлердің сиқы қашып тұр

Скверлердің сиқы қашып тұр


Біреуден ілгері, біреуден кейін болса да ауданда атқарылып жатқан жұмыстар бар. Мемлекеттен қаралған миллиондаған қаржы көше, жарық, жол сынды халықтың қажеттілігіне жұмсалады. Сондай-ақ сквер, аллея, спорттық алаңдар да кент ішінен бой көтеріп, ел игілігіне берілуде. Жаһанданудың жолында жүзеге асырылып жатқан бұл жұмыстар бәсекеге қабілетті елдер қатарынан қара көрсетуімізге де сеп болмақ. Әрі туған жерің гүлденіп, сән-салтанаты артып жатса неге қуанбасқа? Сәнді құрылыс, сапалы нысандар әл-ауқатымыздың артуына да себепкер болары хақ. Қалаға барып, көрікті жерлерде серуендеуді аңсаған жастар үшін де ауданның гүлденуі маңызды болуы керек-ақ. Десе де бүлдіріп, сындыру сынды бұзақылықтың ауылы ­алыстар емес.
Мәдениет. Осы сөзді күнделікті өмірімізге байланыстырып қолдансақ, мәдениетті, мәдениеттілік, мәдениетіміз деген кең ұғымдарға еніп кетеміз. Ең бастысы өркениеті озық 30 елдің арасынан орын алу үшін мәдениетіміз де соған сай болу керек екенін естен шығармағанымыз абзал. Себебі адам баласының атам заманнан бері талпынғаны сол мәдениеттің шын мағынасындағы дәрежесіне жету. Мәдениетті болу, оның белгілі сатысына табан тіреп, ілгері өрмелей беру – заманымыздың және өмірдің алдымызға қоятын негізгі талабы. Адамның мәдениетті болуы қай кезде де маңызын жоғалтқан емес және жоғалтпайды да. Соңғы кездерде көпшіліктің ойына жиі оралып жүрген, арамыздағы өсіп келе жатқан кейбір жастардың бойындағы құқықбұзушылық, әртүрлі қатыгездік, жауапсыздық сынды келеңсіз оқиғалар да осы мәдениеттің төмендігін білдірсе керек.
Сөзімізді бұлай сабақтауымыз бекер емес. Шиелі кенті Абылайхан тұйығындағы сквердің бүгінгі жай-күйі осылай қалам тербеуімізге түрткі болды. Байқап қарасақ, қоғамдық орынның көркін шашылып жатқан қоқыстар қашырып тұр. Демалуға барған тұрғындар сусындардың қалбырларын, тәттілердің қағаздарын бейберекет әр жерге қалдырып кете береді. Ал Гагариннің бойындағы скверде дәл осындай кейіпте. Тек қоқыс емес жан-жағын қаумалаған шөптер де сәнді орынның сиқын кетіріп тұр. Қаумалаған шөптерден көрінбей тұрған тағы бір сквер Жүргенов тұйығы мен Яссауидің бойында да бар.

Кім жауапты?
Халыққа қолайлы жағдай жасау бағытында салынған саябақтар мен скверлердің жайы осылай. Ал оған кінәлі кім? Әрине, өзіміз. Жоғарыда айтып өткеніміздей мәдениеттің жоғары деңгейіне көтеріле алмау. Ал оның алдын алу, болмаса осындай келеңсіздіктерге тосқауыл қою үшін заң жүзінде де тәртіп қаралуы керек шығар бәлкім. Сонда ғана қоғамдық орындарды ластауды қоярмыз. Ал айналаны қаумалаған шөптерді шауып тазалай білу сол көше тұрғындарына да сын болмақ.
– Бір мезгіл балаларымыздың алаңқайда ойнағанын тамашалап, көрші-қолаңмен әңгіме дүкен құратын күн туған екен ғой деп қуанған едік. Алайда кеш қарайғаннан ішімдікке сылқия тойып, осы алаңды бүлдіріп, сындыратын жасөспірімдердің қарасы қалыңдап кетті. Әуелгіде айқайлап, шамамыз келгенше бұзақылыққа тосқауыл қоюға тырыстық. Дегенмен түнімен күзетіп жүру мүмкін емес. Таңертең тұрғанда сынған шыны құтылар мен түрлі қалдықтарға толып жатқанын көреміз, – дейді көше тұрғындары.
Миллиондаған қаржыға салынған мемлекеттің мүлкін ел игілікке жаратсын дейтіні айдан анық. Бірақ бұзақылар бүлдірмеуі керек Өзгелер үшін емес, өзіміз үшін жасалынған дүниелерге жанымыз ашымаса, жаһанданудың шаңын жұтып, жарығы жоқ көше, жолы жоқ ауыл болып кері кете береріміз анық іс. Сондықтан баланы бастан тәрбиелеп, жасөспірімдерді тезге салудың айла-тәсілін таппасқа болмас.

Г.ДҮЙСЕБАЙ,
Б.БӘЙІМБЕТ
22 тамыз 2023 ж. 257 0