Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КӨШЕ ЖАРЫҒЫ КӨҢІЛДЕГІДЕЙ МЕ?

КӨШЕ ЖАРЫҒЫ КӨҢІЛДЕГІДЕЙ МЕ?

Аудан әкімінің халықпен есепті кездесулерінде, басқа да түрлі жиындар да ауыл тіршілігі мен тұрмысына қатысты тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін тақырыптың бірі – көшелерді жарықтандыру мәселесі. Көшелердің бойына орнатылған көше шамдары, ауызсу, газ, жол және байланыс салалары секілді ауыл мәдениеті мен көркінің ажырамас бөлігі іспетті. Жарық жүйесі – іңір түскенде іске қосылып, жолаушыға, әсіресе мектептен қайтқан оқушыларға табан жолын көрсетіп қана қоймай, түнгі уақытта адамдар қауіпсіздігіне де қорған болады.
Көше жарығы – кез келген ауылдың бет-бейнесін көрсетеді. Өңірдің келбетін айшықтайтын көше шамдары жолаушыға жол көрсетіп, тұрады. Көшелерді жарықтандыру үшін қауіпсіз әрі тиімді энергия қондырғыларын енгізу маңызды әрі басымдыққа ие болатындығы сондықтан.Мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде өңірімізде ауқымды тірліктер атқарылды. Әсіресе, инфрақұрылымды дамыту, оның ішінде көшелерді жарықтандыру, электр желілерін жаңғырту сынды жұмыстар жүйелі жүзеге асырылып келеді.
Жалпы кентте мөлтек аудандармен қосқанда 205 көше бар. Оларға орнатылған жарық шамдары 3500 дананы құрайды. Айта кету керек, кентке түнгі жарық бағаналарын орнатуға 59 млн 426 мың теңге, ал ауылдық округтерге трансформаторлар алуға 59 млн 400 мың теңге қаржы бөлінген.
Шыны керек, кенттің түнгі тынысының сәні көше жарығымен кіреді. Өркениеттің нақышына балаймыз. Сондықтан осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жайында кент әкімдігінен білдік.
– Иә, кенттің 70 проценті толық көше шамдарымен қамтамасыз етілген. Бүгінде шамның түр-түрі шығып, соған сәйкес ұсыныстар көбейді. Қала берді тұрғындар тарапынан жарық жүргізілмеген көшелер кезең-кезеңімен жарықтандырылатын болады. Сапалы шамдардың қолдану мерзімі ұзақ әрі жарық беру көрсеткіші жоғары және бес жылға дейін жарамдылығына кепілдік беріледі, – деді кент әкімінің орынбасары.
Қазір әлем елдері энергияны үнемдеу мақсатында жарықты ұзақ сақтайтын шамдарға біртіндеп көшуде. Жыл өткен сайын шамның түр-түрі шығып, соған сәйкес талап-міндет өзгеруде. Мәселен, күн сәулесінен қуат алатын жарық шамдары қолданысқа енгелі қашан. Ал ауданға келе бастаған ­диодты шамдардың қуаттылығы мен энергияны үнемдеуде тиімділігі көп. Мамандардың айтуынша, диод шамдар электр қуатына бес есе аз жарық жұмсап, сегіз есе артық қызмет етеді. Күн сәулесінен қуат алатын шамдардың да ауылы алыс емес. Кей өңірлерде ондай шамдар да қолданыста бар.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
02 қараша 2022 ж. 879 0