ЖАРЫМЖАН ЖАЗБАЛАР
Бүгінде елімізде қазақ тілінің мәртебесін көтеру, тазалығын сақтау, қолдану аясын кеңейту бағыттарында түрлі жоба жасалып, бағдарламалар қабылданып жатыр. Бірақ қаншама іс атқарылғанымен, олқылықтар азаяр емес. Әдетте «ана тілін шұбарлап жатыр», «дұрыс сөйлемейді», «сөзді орынды қолданбады» деп жекелеген азаматтарға ренжіп жатамыз. Ал ауданның кіре берісіндегі тақтайша мен кеше ғана лентасы қиылған су жаңа құрылыс нысанындағы дарақылық үшін кімге өкпелейміз? жақында Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мамандарымен бірлесе кент ішіне көз жүгіртіп қайтқан едік. Қате жазулар мен әріпі түгел емес жарнамалардың көптігін байқадық.
Кентке кіре берістегі теміржол өткелінің жанында орналасқан тақтайшадағы жазудың әріптері түсіп қалғанына кем дегенде жылдан асты. Тіпті бұл қазір айта-айта әбден жауыр болуға айналды. Тек әріпі ғана емес, сыры кетіп, сұрықсыз күйге түскен. Қоғамдық кеңесте, басқа да алқалы жиындарда осы мәселе бойынша кент әкімдігінің қызметкерлеріне ескертулер жасалғанын көзіміз көрген. Дегенмен қаншама уақыт өтсе де нәтижені байқамадық.
Әжем «Табалдырығың таза болсын. Сырттан кірген кісі үйіңнің ішіне табалдырығыңа қарап баға береді. Кіре беріс жер айнадай болса, үйдің де таза болғаны» деп үнемі ескертіп отыратын. Дәл қазір егін пісіп, сауда- саттықтың қызған шағы. Ауданға алыс-жақын аймақтан саудагерлер жиі-жиі бас сұғатын болған. Кентке кіре берістегі осы тақтайшаның аңғал-саңғал күйін көрген қонақтар аудан туралы қандай ойда болар екен? Бюджеттен көркейту-көгалдандыру жұмыстарына жыл сайын қажетті қаржы бөлініп отырады. Байқасақ олқылықты орнына келтіруге ешқандай бөгет жоқ. Ендеше неге сонша уақыт оздырып жүрміз?
Бұл ғана емес, кент ішін аралап жүріп орталық алаңнан жақында ғана ашылған «Рухани жаңғыру» аллеясындағы жазудың «кетік» күйіне де куә болдық. Мұндағы «Тәуелсіздік», «Орхон-Енисей жазбалары», «Рухани жаңғыру» аллеясының үшеуі де «кемтарға» айналған. Таяуда ғана ашылған аллея жыл толмай жатып неге жарымжан күйге түсті? Ауданға сырттан келген құрметті қонақтарды алдымен осы жерге алып келетінбіз. Мұнда қазақ хандығының тарихы мен Күлтегін ескерткішінен үзінді жазылған. Алғашқыда осы маңнан өткен-кеткен, алаңға демалуға келген жұрт көзі түсіп, мектеп қабырғасында оқығаны еске түсіп, еліміздің тарихы туралы аз-кем ақпаратқа қанығатын болды деп қуанған едік. Қуанышымыз бірнеше ай өтпей жатып, су сепкендей басылды. Дәл қазір Қазақ хандығы монументінде «Қазақ хандығы – бүгінгі Қазақстан Республикасы мен көрш аймақтардың территориясында 4 5 1847 жылдар аралығында өм р сүрген мемлекет. Қазақ хандығьның мемлекеттік құрылымь дала демократиясьн негізделг н онархиялық жүйе Мемлекет басшь сь хандар с яси билік жүрг зген р төре тұқымь ан ыққа ұлтандар арасындағы таңд е з нде сайланған Қа ь нь ң тұң ыш ань Ке ей соңғь хань есарь Қась ұль» деп жазылып тұр. Кім, не түсінді? Монумент өткен жылдың желтоқсан айында ашылған еді. Содан бері сегіз ай ғана уақыт өтті. Әріптерді түзетіп, қайта қалпына келтірерміз. Бірақ оған да аз ақша жұмсалмайды ғой. Аллея құрылысының сапасына жауапты мекемелер қайда? Осындай бірреттік сапасыз дүниеге қыруар қаржы жұмсау қаншалықты қажет?
Бұл біз байқаған жағдайдың тек екеуі ғана. Кент ішінде бұдан өзге әріпі қашқан қоғамдық орындар мен сауда нысандарының атауы қаншама?
Гүлхан
ЯХИЯ